Қала мен Сала

Азық-түлік бағасы қалай тұрақтандырылады?

Елордада келесі жылы екі коммуналдық базар ашылмақ. Сондай-ақ сатылып кеткен «Шапағат» базары коммуналдық меншікке қайтарылмақ. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық кеңесінің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақтандыруға арналған отырысында баян­далды.

 

БАКАЛЕЯ ӨНІМДЕРІ ҚЫМБАТТАДЫ   

Бұл бағытта бас қалада атқарылып жатқан жұмыстармен қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Сапаров таныстырды. Оның айтуынша, елорданы әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен негізінен елдің кәсіпорындары қамтамасыз етіп отыр. Бірақ сырттан да тасымалданатын тауарлар бар.

– Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша жыл басынан бері басқаларға қарағанда бакалея өнімдері қатты қымбаттаған. Соның ішінде қант 63,8 пайызға, рожки 53,1 пайызға, қарақұмық 52 пайызға қымбаттады. Көкөністі айтқанда, жыл басынан сәбіз бағасы 33,3 пайызға, пияз 27,5 пайызға, картоп 16,7 пайызға өсті. Азық-түлік бағасы бүкіл әлемде қымбаттап жатқанын атап өту керек. Оның басты себептерінің бірі – Украина аумағындағы қақтығыс. Сол себептен логистикалық, тауар өндіру желілерінде дағдарыс туындады, – деді Қуаныш Сапаров.

Баяндамашының сөзінше, сыртқы және ішкі факторлар әсерін жою үшін елордада кәсіпкерлерге займдар беріледі. Бюджеттен бұған 14 млрд теңге бөлініп, 41 мың тоннадан астам өнім бойынша келісімшарттар жасалды.

– Азық-түлік бағасының өсуін болдырмау мақсатында жүйелі түрде бірқатар шараларды қолға алдық. Қазір «Магнуммен» әлеуметтік жобаны іске қосу жөнінде келісімге келдік. Бірінші кезеңде бұл атаулы әлеуметтік көмек алатындарға қатысты болады. Бұл – 2666 отбасы немесе 16 мың 400 адам. Осы азаматтар жеке куәліктерін көрсетіп, «Магнумнан» біз бекіткен бағамен азық-түлік сатып ала алады. Бұдан бұрын жеке әлеуметтік картаны енгізгіміз келген. Бірақ талқылау барысында оны алып тастадық, – деді басқарма басшысының орынбасары.

10 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ

Азық-түлік бағаларына мониторинг жүргізу мақсатында Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы аудандардың әкімдіктерімен бірге жұмыс тобын құрып, оған қалалық мәслихат депутаттары кіргенін айтқан ол қазір үй жанындағы дүкендер тексеріліп жатқанын жеткізді. Азаматтардың өтініштерімен жыл басынан 24 дүкен тексерілген екен. Бағаны шекті бағадан асырғандарға ескерту берілді. Бір нысанда екінші қайтара осындай жағдай анықталса, 10-нан 300 АЕК-ке дейін айыппұл салынады.

Биылғы 11 маусымнан ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі мау­сымы басталғанын атап өткен баяндамашы 28 тамыздан бері «Астана Арена» стадионы, Тұран, 48 мекенжайында өңірлердің тауар өндірушілері және жергілікті кәсіпкерлер азық-түлікті сатып жатқанын жеткізді. Осы уақытқа дейін Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарының үш жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Азық-түлік бағасы нарықтағы бағадан орташа есеппен алғанда 10-15 пайызға төмен бұл жәрмеңке қараша айына дейін жалғасады.

– Бұған қоса, жыл бойы өтетін жәрмеңкелер бойынша төрт жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Оның алғашқысы Сарыарқа ауданында Жеңіс, 66 мекенжайында іске қосылды, – деді Қуаныш Сапаров.

Оның айтуынша, елорданы азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін агроөнеркәсіптік кешенде жалпы сомасы 51 млрд теңгеден асатын 10 инвестициялық жоба қолдау тапты. Атап айтқанда, екі көтерме-тарату орталығы, екі жылыжай, бір көкөніс сақтау қоймасы, бір өндірістік-тамақтану кешені, бір кондитерлік өнімдерді өндіретін кешен, тамақтану өнімдерін өндіретін зауыт, ет өңдейтін зауыт. Бұл жобаларды 2024 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

КОММУНАЛДЫҚ БАЗАРЛАР АШЫЛЫП, «ШАПАҒАТ» ҚАЙТАРЫЛАДЫ

Қоғамдық кеңес мүшесі Төлеген Қуанышев бас қалада бұрын коммуналдық кәсіпорындар желісі болғанын айта келе, олардың артықшылықтарына тоқталды.

– Бұл коммуналдық кәсіпорындар сауда орындарын төмен бағамен жалға беретін. Соған сай өнімдер де басқаларға қарағанда арзан бағамен сатылатын, – деген Төлеген Қуанышев қазір қалада сондай қанша коммуналдық кәсіпорын барын сұрады.

Қуаныш Сапаров коммуналдық базарлар мәселесі өзекті болып отырғанын мойындап, қазір басқа механизмдер бойынша жұмыс істеп жатқандарын жеткізді.

– Біз сауда желілеріне, соның ішінде қаладағы ең ірі сауда желілерінің бірі, жетпістен астам сауда орны бар «Магнумға» займ береміз. Соның аясында олар белгілі бір уақытқа әлеуметтік маңызы бар деп саналатын 19 азық-түлік түрінің бағасын ұстап тұрады. Бұл баға бізбен жасалған келісімшартында көрсетіледі. Бұған қоса, қалаға жақын орналасқан Ақмола, Павлодар, Қарағанды облыстарының тауар өндірушілермен жұмыс істейміз. Осы облыстармен көктемде 20 мың тоннадан астам көкөніс жеткізу бойынша келісімшартқа отырдық, – деді Қуаныш Сапаров.

Оның айтуынша, қазір қалада коммуналдық базарлар жоқ. Бірақ 10 инвестициялық жоба аясында келесі жылы екі осындай базарды ашу жоспарланған.

– Бізде «Шапағат» коммуналдық базары болды. Бірақ жекешелендіру жоспарына сәйкес ол 2019 жылы сатылып кетті. Соған қарамастан осы нысандағы әлеуметтік тауарларды сатуға арналған 10 орынды 10 жыл мерзіміне тегін беру міндеттілді. Осы орындарда әлеуметтік тауарлар бағасын 10 пайыз үстемеден асыруға болмайды, – деді Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары.

Жиынға қатысқан «Аstana» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Еркеғали Әлімқұловтың айтуынша, «Шапағат» иелері тиісті міндеттемелерді орындамағаны үшін сотқа беріп, базарды коммуналдық меншікке қайтару туралы шешім шығарылды.

«ПРИГОРОДНЫЙДА»  ЖӘРМЕҢКЕ НЕГЕ ТОҚТАДЫ?

Қоғамдық кеңес мүшелері өңірлердің жәрмеңкесі сол жағалауда ғана ұйымдастырылып, оң жағалау тұрғындары ескерілмегенін айта келе, мұның жайын сұрады.

– Екі-үш жыл көлемінде өңірлердің жәрмеңкесі «Қазақстан» спорт кешені жанында өтетін. Спорт кешенін жаңғырту жүргізіліп жатқандықтан, сол жерде жәрмеңке өткізу ыңғайсыз болып тұр. «Хан шатыр» автотұрағында да жәрмеңкелерді өткізетін едік. Бірақ сол аумақтағы жер телімі жекеменшікте, иесі бізге рұқсат бермеді. Келесі жылы өңірлік жәрмеңкелерді Байқоңыр ауданында өткізуді қарастырып жатырмыз. Себебі жәрмеңкеге ауқымды аумақ, бұған қоса көліктерді қоятын орын керек, – деді Қуаныш Сапаров.

Қоғамдық кеңес мүшесі ­Марат Мұстафин өткен жылдың желтоқсан айында «Пригородный» тұрғын алабында базар ашылғанын, ол өте жақсы жұмыс істегенін, онда зейнеткерлер мен тұрмысы төмен адамдарға азық-түлікті төмен бағамен сатып алуға жағдай жасалғанын, өзі де бірнеше рет сонда барғанын айта келе, осы базардың қазіргі жайын сұрады.

– Иә, былтыр «Пригородныйда» жәрмеңке өткізуді бастадық. Оның операторы «Аstana» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы болды. Мұнда 2 мың шаршы метрге жуық аумақ 60 сауда орнына арналды. Бағаны жалға алу есебінен өсірмеу үшін орынды тегін бердік. Бірақ оның жартысы ғана толатын, шамамен алғанда, 30 кәсіпкер сауда жасайтын. Азық-түлік алуға да өте аз адам келетін. Сондықтан биыл бұл жәрмеңкені тоқтаттық. Қазір осы орынды дамытатын инвестор іздеп жатырмыз, – деді Қуаныш Сапаров.

«МАГНУМ» МЕН «СМОЛЛДАҒЫ» АЙЫРМАШЫЛЫҚ

Жуырда қалалық Қоғамдық кеңес мүшелері бірқатар сауда орындарын аралап, бағаны тексерді. Содан тиісті талдау әзірленді. Оның қорытындыларымен кеңес мүшесі Бауыржан Смайылов таныстырды.

– Тексеріс қорытындысында сауда міндеттемелері сақталмағаны анықталды. «Магнум» желісі «Маслозавод №1» сұйық майының литрін 999 теңгеден сатып жатыр. Бірақ белгіленген баға – 790 теңге. Яғни, 209 теңгеге немесе 26,4 пайызға қымбат. 1300 теңге болып бекітілген «Курочка Ряба» атты тауық санының келісі 1500 теңгеден саудалануда, – деген ­Бауыржан Смайылов 1-сортты ұннан пісірілген нан да артық бағамен сатылып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, «Анвар» сауда желісі де тиісті міндеттемелерді орындамаған. Кейбір тауарлардың сапасы да нашар. Мәселен, «Магнум» мен «Анварда» сатылған картоп жеуге келмеген.

– Бағаны тұрақтандыруға бағытталатын бюджет қаржысы да тиімді жұмсалып жатқан жоқ. Мәселен, «Магнумға» займ беріледі. Ал «Смолл» бұл бағдарламаға қатыспайды. Бірақ баға әркелкі, «Магнумда» қымбаттау. «Магнумға» 3 миллиард теңге несие беріледі, «Смоллға» бір тиын да бөлінбейді. Қазір бас қалада 1 миллион 200 мың адам тұрады. Соның 168 мыңы немесе 14 пайызы әлеуметтік әлжуаз топтарға жатады. Осыларға көмек беру жайын ойлау керек, – деген Бауыржан Смайылов сөзін нақты мысалдармен дәйектеді.

Қоғамдық кеңес мүшелері «Аstana» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мен қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы тарапынан әлеуметтік азық-түлік бағаларына бақылау жоқтығын немесе нашарлығын, кейбір сауда желілері бағаны көрсетпейтінін атап өтті. Тиісті ұсыныстарын айтты.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button