Білім

Айбергенов әлемі

Шын таланттар алыстаған сайын биіктей береді. Сағыныштың ақыны, жырдың жарық жұлдызы Төлеген Айбергенов шығармашылығы, жастардың өлеңдерін насихаттауы бұған көзімізді жеткізгендей.

Елордада қазақтың ақиық ақыны, отызында поэзияны биік деңгейге көтеріп кеткен Төлеген Айбергенов атындағы мектеп бар. Кенесары көшесінің бойында орналасқан №16 орта мектеп – қала өміріндегі маңызды іс-шараларға белсене қатысып жүрген оқу ордасы. 2681 бала білім алатын, аралас тілде оқытатын мектепте спорт секциялары, түрлі үйірме, автомодельдеу, гидропоника, робототехника, т. б. бар. Патриот жастарды біріктіретін «Жас сарбаз» қозғалысы, оқушылар үшін мектепте он шақты үйірме мен жобалар: «Оқуға құштар мектеп», «Жас сарбаз» дебат клубы, «STEM» зертханасы, «Менің қаламның көшелері», «Вестник» радио жаңалықтары, «Жас сарбаз», «Мектеп парламенті», «Адал ұрпақ» еріктілер клубы, «Жас тілші», «Бағдарламалау С+», т. б. жұмыс істейді. Тәлім беруші мұғалімдердің көпшілігі – тәжірибелі мамандар, аттестаттаудан өткен педагогтар. Биылғы түлектердің көпшілігі – жоғары оқу орындары, колледж студенттері, еңбек етіп жүрген жастар. Мектеп директоры – Сәуле Әзімханова.

Астана қаласы Білім басқармасының «Төлеген Айбергенов атындағы №16 орта мектеп» мемлекеттік мекемесі 1979 жылы 31 тамызда ашылды. Педагогикалық ұжымның өтініші бойынша Астана қаласы әкімдігінің қаулысымен 2001 жылы мектепке Төлеген Айбергеновтің есімі берілді, ақынның мемориалдық музейі ашылды.

Сарғайған сары күзде ақын атындағы мектепке барып, оның өмірін, шығармашылығын насихаттаған мектеп музейін аралап көрген едік.

Ақынға арналған музей 2007 жылдан бастап жұмыс істейді. Оны ашуға мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ақбота ­Есаматова көп еңбек сіңірді. Сондай-ақ поэзия жанашыры, қоғамдық істерге белсене қатысып жүрген ҚР мәдениет қайраткері Оспан Сүлейменұлының да зор үлесін айтпай кетуге болмайды.

– Төлеген Айбергенов – артына өшпес із қалдырған қайталанбас тұлға. Шығармашылық бабына келген 30 жасында мезгілсіз өмірден озған ақынның қазақ поэзиясына әкелген жаңалығы орасан еді, – дейді музейдің қазіргі жетекшісі Гаухар Жүсіпова.

38 жыл білім саласында еңбек еткен ол музей жұмысына жетекшілік жасағалы бері көптеген жетістікке қол жетті. 2018 жылы бас қалада өткен мектеп музейлері арасындағы байқауда Т.Айбергеновке арналған мектеп музейі бас жүлдені жеңіп алған болатын. Сондай-ақ Ұлттық музейдегі құнды жәдігерлердің көрмесіне қатысты.

– Ақынның шығармашылығын насихаттау барысында көптеген іс-шара өтеді. Ақынның мерейтойы жылдары арнайы конференция өткізіп, ол жайында жазылған эсселер байқауының жинағын шығарып, жарыссөздер, жыр кештерін, тәрбие сабақтарын тұрақты түрде өткізіп келеміз. Ақынның өлеңдерін жатқа оқитын балалар арасында байқау жариялап, музейге тек қана ақын өлеңдерін жатқа айтатын оқушылар ғана кіреді деген талап қойғанбыз, – дейді Гаухар Жетебайқызы музей экспонаттарымен таныстыра отырып.

Ақын атындағы мектепте оның отбасы берген құнды жәдігерлер – қол сағаты мен қолданған ыдыс-аяқтары және жеке заттары бар.

Музей экспонаттары өте талғаммен жасақталған. Бірінші қатарда өзі өмірде айрықша құрметтеген, ерекше тағдыр иесі Жібек ана мен Ақтөбеге арналған стенд орналасқан. Одан кейін туып-өскен жері Қарақалпақ елінің Қоңырат ауданы мен апаларының фотолары, оларға арналған «Апаларым» өлеңі тұр.

Ташкенттегі Низами атындағы педагогикалық институтта оқыған кездері, Үрниса апамызбен танысқан шақтары фотолармен үшінші қатардағы стендте әдемі орайластырып қойылған екен. Одан кейінгі қатарда ақынның Сарыағаштағы өмірі, қызметі, отбасы бейнеленген фотосуреттер орналасқан. Институтты бітірген ақын жастайынан шығыс шайырларының жырларын жаттап өседі. Оның өлеңдерінің негізгі кредосы өмірге, туған жерге деген сағыныш болды. Шет жайлап, өзге ортада өскен ақынның тағдыры шығармашылығына әсер етпей қоймайды. Соның ықпалынан қазақ даласына арналған отты жырлар өмірге келді. Ақынның «Аруана – бауыр дүние» деген өлеңін оқыған сайын шеттегі қандастарымыздың шерменде көңілі мен жан айқайы жүрек қылын тілгілеп өтеді. Төлегеннің поэзиясы туралы жазушы Әбіш Кекілбаев: «Төлеген Айбергенов творчествосы – өлімді жеңіп шыққан өмір шаттығының жыры» дейді.

Жиырмадан енді ғана асқан шағында қазақ поэзиясының төрінде жарқ ете қалған ақынды әдеби орта бірден мойындайды. Әбділда Тәжібаев ақынның өлеңдеріне алғаш алғысөз жазып, баспасөз бетіне жариялайды. Соған қарамастан ақын көзі тірісінде Жазушылар одағының мүшелігіне өтіп үлгермейді. Қазір Төлеген Айбергенов атындағы әдеби сыйлық бар. Төлеген Айбергеновтің «Сағынбай барсаң таулар да сенің, алдыңнан шықпас асқақтап» деген өлең жолдары өнерді сүйген, өмірді сүйген ақынның оптимистік жырлары адамды өмірге өзгеше қырынан қарауға үйретеді.

Төлеген Айбергеновтің ақын інісі Мұхтар Шахановқа арнап жазған «Сағыныш» атты өлеңі әдеби, мәдени ортада кеңінен танымал болса, қарапайым халық оның «Бір тойым бар» деген өлеңін жатқа оқиды. Астанадағы Төлеген Айбергенов атындағы мектептің оқушылары ақынның өлеңдерін жатқа айтып, қаладағы түрлі мәдени іс-шараға қатысып жүр.

О, адамдар, біргемін мен ­сендермен,

Ықыласыңа ешнәрсені теңгермен.

Сендер менің бақытымның бұлағы,

Сендер менің дарыныма жел берген, – деп жырлаған, отызында өртеніп, бақиға озған Айбергеновтің сағыныш тұнған жырлары жүректермен сырласып, жасап келе жатыр. Жасай да бермек. Адам мен өмірді Айбергеновше сүю, жырлау, көз алдыңда жайнаған дүниені Айбергеновтей сағыну барша адамзатқа бұйырса, онда Жер беті әлдеқашан жұмақ болар еді. Жақсының, жақсы жырдың шарапаты жастармен, келешек ұрпақпен мәңгілік жасай бермек.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button