Мәдениет

Алтыншаштың орындалған арманы

Бейбітшілік және келісім сарайында Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның әншісі, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Алтыншаш Мұқатаеваның «Самға алға» мотивациялық шығармашылық кеші өтті. Мәдениет және спорт министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен кешке Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов, Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, елорда әкімінің орынбасары Ерлан Бекмырзаев қатысып, ізгі тілегін жеткізді.

Ақиық ақын Мұқағали ­Мақатаевша айтсақ, арулар елі – Аягөз қаласында дүниеге келген Алтыншаш тағдырдың түрлі сынағына сынбай, қиындықтарға еш мойымай, өнерден қуат алып, өрлей түсуде. Рухы мықты, жігері күшті, өмірге ғашық адам. Бала кезінен белгілі әнші болуды армандады. Сол арманына жету мақсатында 2009 жылы отбасымен Астанаға қоныс аударды. Осында Қазақ технология және бизнес университеті колледжінде, Қазақ гуманитарлық-заң университетінде оқып, бірнеше мамандықты игерді. Алайда әнші болу арманынан айнымай, әрі қарай Қазақ ұлттық өнер университетіне түсіп, белгілі әнші-ұстаздар Сембек Жұмағали мен Майра Дәулетбақтан тәлім алып, өнерін шыңдады. Оның өнерге қанат қағып, үлкен сахнаға алғаш шығуына «Қарақат» мектеп-студиясы, Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина жол ашты.

Қазір өнерде қолдаушы әріптестері өте көп. Солардың біразы Алтыншаштың алғашқы үлкен шығармашылық кешіне қатысып, сахнадан ән салып, кеш иесіне қолдау көрсетті. Атап айтқанда, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Қанат және Светлана Айтбаевтар, Алтынай Жорабаева, Ардақ Балажанова, сондай-ақ, Ибрагим Ескендір, Зарина Омарова, Аука, Астана қаласы «Жастар» театрының әртістері, «Alem» заманауи би балеті, «Laura Abat» өнер орталығы, Астаналық цирк әртістері атсалысты.

Алтыншаш Мұқатаеваның өзі Ахмет Жұбанов, Кеңес Дүйсекеев, Төлеген Мұхамеджанов, Болат Қохаманов, Ахмедияр Есмұханов, Марат Омаров сынды белгілі композиторлардың, қазіргі сазгерлердің әндерін шырқады.

«Мен шығармашылық ән кешімді қайда өткіземін деп көп ойланып, мың толғандым. Ақыры таңдауым Бейбітшілік және келісім сарайына түсті. Мұның өзіндік сыры бар. Қазіргі жағдайда, дүние дүрліккен шақта, бізге бейбітшілік ауадай қажет. Ал Астана маған шабыт берді. Ой-өрісімді кеңейтті. Мен бас қалаға ғашықпын. Үлкен сахнада жеке шығармашылық кешін өткізу – әрбір өресі биік өнерпаздың асқақ арманы. Бүгін – менің сонау балалық арманым орындалған күн» дейді Алтыншаш Мұқатаева.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button