Басты ақпаратМәдениет

Астана және астаналықтар оқиғасы

Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театры тың жанрда премьера ұсынды. Астана туралы, бас қаладағы адамдардың өмірі жайында боямасыз шындықты көрсететін «01» спектаклі драмедия жанрында сахналанды. Бұл қарапайым тілмен айтқанда комедиялық драма авторы әрі қоюшы режиссері – Галина Пьянова, қосалқы авторы – Қымбат Елубаева.

Қойылымның бір ерекшелігі, ондағы оқиғалар нақты өмірден алынған. Спектакль прототиптері – Астана қаласының тұрғындары. Авторлар Рысты Ахметова, Қоныс Әлімжанов, Марат Борбасов, Ләззат Қыс­тықбаева, Диана Ербусанова, Гүлдана Нәбиева сынды астаналықтармен сөйлесіп, олардың бастан кешкенін сахналық қойылымға айналдырған.

Спектакльде Ақмола бекі­нісінің салынуы, тың игеру, Астананың халықаралық тұсаукесері, «ЭКСПО-2017» көрмесі, т. б. бас қаланың кешегі және бүгінгі тарихындағы елеулі оқиғалар қамтылған.

Бір айта кетерлігі, премьера театрдың эксперименталды алаңында өтті. Спектакль актерлер мен көрермендерге үйреншікті сахнада емес, паркингте ойналды. Қойылым режиссері Галина Пьянованың айтуынша, көрермендер әртістерді өте жақын қашықтықта көру, тіпті қойылым арасында жүргендей сезімде болу үшін сондай шешім шыққан.

– Эксперименталды алаңның тағы бір артықшылығының бірі мұнда ешқандай шектеу жоқ. Әртістер бір жерден екінші жерге еркін өтеді, – дейді режиссер.

Ақмола елорда атанып, Астана атауын иеленгелі бері бас қалаға жан-жақтан адамдар ағылды. Халық нөпірі әлі де толастар емес. Әркім әртүрлі мақсатпен келді. Арасында арман қуып келгендер де аз емес. Қойылымның бас кейіпкері Әлихан да әртіс боламын деген арманын арқалап келген еді. Ауылда өскен оған қала адамдарының тыныс-тіршілігі, қарбалас өмір таңсық көрінді. Актер Дастан Әлімов сомдаған бұл кейіпкер – ауыл тұрғындары сияқты аңғал, жаны таза азамат. Осында ол қатыгездікпен, мейірімсіздікпен, тоғышарлықпен бетпе-бет келіп, абдырап қалады. «Мына дүние қайда кетіп бара жатыр?» деп ойланып, оны жақсы жағына өзгертуге тырысады.

Бұрыннан тілімізде қалыптас­қан «Атың шықпаса, жер өрте» дегенді бүгінгі заманда «Атың шықпаса, әлеуметтік желіге шық» деп өзгертіп айтуға болады. Шынымен, қазір танымал болу үшін әлеуметтік желіге шығып, жұртты елең еткізген жеткілікті. Кешегі сексенінші жылдары танылған «Modern Talking» тобының «You’re My Heart, You’re My Soul» әніне ауылында билеп, әлеуметтік желіге салып жіберген Әлиханның бейнежазбасы миллиондаған қаралым жинайды. Бір телеарна ток-шоуына оны қонақ қылып шақырады. Содан Астанаға келген Әлихан түрлі оқиғаға тап болады.

Қойылымда өмірдің күнгейі мен көлеңкесі алмасып отырады. Кейіпкерлерге келсек, қызылды-­жасылды өмірді көрсетуге құмар телеарна жүргізушілері, тілі мен жағына сүйенген асабалар, балаларын асырау үшін бірнеше жерде жұмыс істеуге мәжбүр ана, сәтсіздікке ұшыраған инженер, «ЭКСПО» көрмесіндегі қарауыл болып кете береді. Арасында Шыңғыс хан мен «Ақмола қазақтың астанасы болса» деген ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан бейнелері де жылт етеді. Осыларды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ақыш Омар, Күлия Қожахметова, Кеңес Нұрланов, Қуандық Қыстықбай, Ерлан Малаев, Айнұр Бермұхамбетова сомдайды. Спектакльге Қасымхан Бұғыбай, Гауһар Жүсіпова, Жанат Оспанов, Заңғар Әбенов, Инабат Әбенова, Диана Жолдыбек, Бәзіл Сұлтанғазы сынды актерлер де тартылған. Ал қойылым нүктесін Қаллеки театрының симфониялық оркестрі қояды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button