Басты ақпаратБілім

Аттестаттау мұғалімге не береді?

Қазіргі уақытта барлық педагог аттестацияның үш кезеңінен өтеді: біліктілігін бағалау, қызмет нәтижесін кешенді талдамалық жинақтау, білім бағалау және эссе жазу. Аттестаттау мұғалімге өзінің біліктілік деңгейін арттыру мәселесіне тиімдірек қарауға мүмкіндік беріп, негізгі міндетті, яғни білім сапасын арттыруды шешуі тиіс. Осы орайда Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан СЕНҒАЗЫЕВПЕН сұхбаттасқан едік.

– Қасымхан Сенғазы­ұлы, «Педагогтардың ­аттестациядан өту аралық мерзіміне сәйкес, зейнет жасына дейін 5 жыл қалған педагогтарды, егер олар жұмысын әрі қарай жалғастырмайтын жағдайда, аттестаттау рәсімінен босату қарастырылуда» деді Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаев. Аттестаттауға қатысты бұл бұйрық күшіне енді ме, аттестаттаудың неше кезеңі бар?

– Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы №83 бұйрығының (2022 жылғы 30 желтоқсандағы №533 өзгерістерімен) 15-тармағына сәйкес, педагог аттестаттаудың 3 кезеңінен өтеді: біліктілігін бағалау, қызмет нәтижесін кешенді талдамалық жинақтау, білім бағалау және эссе жазу.

Қолданыстағы нормативке сай жасы бойынша зейнетақыға дейін төрт жылдан аспайтын педагогтар аттестаттау рәсімінен босатылады. Қолда бар біліктілік санаты оның берген өтініші негізінде зейнет жасына толғанға дейін сақталады.

Бүгінде министрлік тарапынан аталған бұйрыққа өзгеріс енгізу бойынша жұмыс жүргізу қарастырылуда.

– «32 жыл стажым ­бар, бұрынғы категориям жо­ғары, мен тестке барамын ба? Бізге бір рет айтқанда модераторға тапсырсаңыздар, тестке бармайсыңдар деген. Енді бүгін бұрын жаңа форматқа өтпеген соң тестке барасыңдар деп келіпті» деп сұрайды қала мектебіндегі бір мұғалім. Оған жауабыңыз қандай? Қандай да бір жаңа категория алсаңыз, міндетті түрде тесттен өту қажет пе?

– Аталған бұйрықтың 124-тармағына сәйкес, бе­йіні бойынша 30 және одан да көп жыл педагогикалық және өндірістік өтілі бар педагогтар ескі жүйе бо­йынша «бірінші», «жоғары» санаты болған жағдайда «педагог-модератор» біліктілік санатына ауысқан кезде тесттен босатылып, қызмет нәтижесін кешенді жинақтаудан өтеді. Ал егер педагог «педагог-сарапшы», «педагог-зерттеуші», «педагог-шебер» біліктілік санатын алған кезде жалпы негіздерде өтетін болады. Демек, педагог біліктілік санатын көтеретін болса, онда аттестаттау рәсімінің барлық кезеңінен өтеді және тестілеуді де тапсырады.

– Мұғалімдердің білі­мін бағалау: кімдер эссе жазудан босатылады, эссе бағалана ма және педагогқа біліктілік санатын бермеуге негіз бола ала ма?

– Көрсетілген бұйрыққа сәйкес, педагогтың білім бағалау кезінде ол эссе жазудан міндетті түрде өтеді. Алайда эссе бағаланбайды, жазылған эссе аттестаттау комиссиясына соңғы нәтиже шығару үшін беріледі.

– «Аттестаттау процесін автоматтандыру қолға алынды. Қарапайым тілмен айтқанда, аттестация жүйесі «бір батырма» принципімен жүргізіледі. Яғни мұғалім тек аттестациядан өтуге ниет білдіргенін растайды, ал аттестациядан өтушінің жеке құжаты және оның біліктілігінің деңгейін анықтайтын тиісті материалдарды ақпараттық жүйе өзі автоматты түрде жинақтап, талдап, қысқа уақыттың ішінде қорытындысын шығарады. Бұл адами факторды толықтай шектеп, объективтілік пен транспаренттікті орнатуға ықпал етеді» деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев. Жоспарланған жаңа өзгеріс педагог қызметінің жоғары кәсібилігін, жетістігін, оқушылардың нәтижелі көрсеткішімен тікелей байланыстыруға мүмкіндік бере ме, орындалмай қалатын, өзгеретін көп реформаның бірі ретінде қалмай ма?

– Бүгінде ҚР Оқу-ағарту министрлігі тарапынан Ұлттық білім беру деректер қорына атаулы өзгеріс енгізуде. Осы деректер қорына арнайы педагогтың профилі жасалуда. Онда әр педагог бойынша қажетті деректер интеграция арқылы енгізіледі, толық мәліметтер бір жерден көрінетін болады. Енгізілген жағдайда, педагог аттестаттаудан өту үшін тек өз арызын береді. Бұл шаралар аттестаттау рәсімінен ауыртпалықсыз өтуге көмектеседі.

– Педагогикалық қызметке алғаш рет кіріскендерге қандай талаптар қойылады?

– Мемлекеттік білім беру ұйымының педагог лауазымына орналасу конкурс арқылы жүргізіледі. Конкурсқа қатысуға ниет білдірген адам, оның ішінде жас маман да, сертификаттаудан өту нәтижесі туралы сертификатты ұсыну қажет. Демек, жұмысқа орналаспас бұрын педагог сертификаттаудан (тесті­леуден) өтуге міндетті. Сонымен қатар, тәжірибесі жоқ кандидат әңгімелесуге келгенде міндетті бейнепрезентациясын кемінде 15 минут көрсетуі тиіс.

«Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Рес­пуб­ликасының заңына сәйкес, Қазақстан Респуб­ликасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі №160 бұйрығы әзірленгені бәрімізге мәлім. Онда тәлімгерлікті ұйымдастыру қағидалары және тәлімгерлікті жүзеге асыратын педагогтарға қойылатын талаптар, орта білім беру ұйымдарында тәлімгерлікті ұйымдастыру және тәлімгерлікті жүзеге асыратын педагогтарға талаптар белгілеу тәртібі айқындалды. Орта білім беру ұйымына кәсіптік қыз­метке алғаш рет кіріскен педагогқа бір оқу жылы кезеңіне тәлімгерлікті жүзеге асыратын педагог бекітіледі.

– Аттестаттауға қатысты педагогтардың сауалдары болса, кімдерден анық-қанығын сұрай алады?

– Аттестаттауға қатысты педагогтардың сауалы болған жағдайда, 8 (7172) 55-68-55 немесе 55-68-57 нөмірі бойынша хабарласу керек.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button