Басты ақпаратБілім

Балабақша тамағы сапалы ма?

шығынды субсидиялауға қандай мүмкіндік бар

Балабақшада тамақтану жағдайын дұрыс ұйымдастыру – олардың денсаулығын сақтаудағы маңызды шараның бірі. Бұл өзекті мәселе жуырда Астана қалалық мәслихатының отырысында талқыланды.

Қалалық мәслихатта Асқар Смағұловтың төрағалығымен әлеу­меттік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия­ның балабақшаларды 2023 жылға тамақтандыру бойынша субсидиялау мәселесі бойынша отырысы өтті. Тұрақты комиссияның төрағасы отырысқа қатысушыларды депутаттар тобының отырысқа дайындық шеңберінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың бірқатар объектісіне барғаны туралы хабардар етті.

Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев мектепке дейінгі ұйымдар желісін дамыту жөніндегі ағымдағы жағдай туралы баяндап, 0 жастан 2 жасқа дейінгі және 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту, Indigo электрондық порталында тіркелген балалар саны бо­йынша статистика деректерін келтірді. Қ.Сенғазыев ағымдағы жылы көппәтерлі кешендердің бірінші қабатында 500 орынға шақталған балалар орталығын ашу жоспарланып отырғанын атап өтті. 12 балабақша аттестат­таудан өтті, 57 балабақшада аттестаттау жоспарланған. Білім басқармасы «Болашақ» КҚ-мен бірлесіп, аутизмі және дамудың басқа да ерекшеліктері бар балаларға білім берудің инклюзивті моделін енгізуге бағытталған «Әрбір бала мектепке лайық» жобасымен жұмыс істеуде. Балабақшаларда инклюзияны неғұрлым ауқымды енгізу үшін қолданыстағы заңнамаға өзгеріс­тер енгізу қажет.

Балабақшаларда тамақтандыруды ұйымдастыруға қатысты Білім басқармасының басшысы Қазақ тамақтану академиясымен бірлесіп, балабақшаларға арналған бірыңғай мәзір, технология картасы әзірленгенін хабарлады. Жекеменшік балабақшаларда тамақтану құны 20800 теңгені құрайды. Мемлекеттік балабақшаларда тамақтану құнын жекеменшік балабақшалар құнының деңгейіне дейін жеткізу ұсынылады, өйткені тамақтандыру тарифі 8 жыл бойы қайта қаралмаған және бүгінгі таңда балабақшаларда тамақтандыруды қаржыландыру республикадағы ең төмен бағаның бірі саналады. Қ.Сенғазыев проблемалық мәселелердің ішінде кадр әлеуеті мәселесін де ерекше атап өтті. Бүгінгі таңда қалада балабақша меңгерушісінің 12 бос орны, тәрбиешінің 401 бос орны, тәрбиеші көмекшісінің 246 бос орны қалыптасқан, тәрбиешілердің 32 пайызында бейіндік білім жоқ.

Депутат Т.Адамбеков бюджет жөніндегі комиссия бейіндік комиссиямен бірлесіп, мектепке дейінгі тамақтандыруды қосымша субсидиялауды қолдау үшін айтарлықтай жұмыс атқарғанын атап өтті. Айтуынша, қалада жылына кем дегенде 30 мың бала туады, осыған байланысты жыл сайын мектепке қанша бала жіберіледі деген сұрақ туындайды. Ата-ананың көпшілігі балаларының мемлекеттік балабақшаларға барғанын қалайтыны белгілі. Депутаттың пікірінше, әр ауданда балабақша салуды жоспарлау қажет. Сайлауалды науқан барысында депутаттар тұрғындармен кездесіп, екі мемлекеттік балабақшаға барып, тәрбиешілер мен балалардың ана тілін білуі туралы әңгімелескен. Балалар қазақ тілінде тек сабақ кезінде, ал сабақтан кейін орыс тілінде сөйлейтіні анықталды. Басқарма тарапынан тілдің жағдайын жақсарту үшін қандай іс-шаралар жоспарланып отыр, сондай-ақ балабақшаларда қауіпсіздік қамтамасыз етілген бе деген сауалдар қойылды.

Депутат М.Ажикенова жеке балабақшалар туралы сөз қозғады, олардың 80 пайызы үй-жайларды жалға алады. Ата-аналар баласына балабақша таңдағанда білікті тәрбиешілердің болуы, балабақшаның жұмыс орнына жақын орналасуына байланыс­ты таңдайды. Депутат Білім басқармасының басшысына балабақша қызметкерлерінің жалақысын ұлғайту бойынша уәкілетті органға ұсыныстар енгізуді сұрады, өйткені бүгінгі таңда өте төмен жалақыға байланысты балабақшаларға тәрбиеші табу қиын.

Депутат Е.Дәкенов үш мемлекеттік балабақшаға барғанын, барлық жерде жұмыс жүргізіліп жатқанын, алайда «Ер Төстік» балабақшасының шатыры жөнделмегенін, бұл балалар үшін өте қауіпті екенін айтты.

Депутат С.Самидин де балабақшаларды аралауға қатысқанын айтып, балабақшалардың қанағаттанарлық жұмысына қатысты әріптесін қолдады. Дегенмен балабақша басшыларының тамақтандыруды ұйым­дастыруында айырмашылық бар. Мысалы, «Бәйтерек» балабақшасының басшысы бұл мәселеге өте ұтымды қарайды және мәзір басқа балабақшаларға қарағанда әлдеқайда әртүрлі, сондықтан оң тәжірибені тарату қажет. Депутат ескі балабақшалардың үлкен аумағы және балабақшаларға жапсарлас құрылыс салу мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Сондай-ақ, депутат өз округінің ата-аналары мемлекеттік балабақшалар салуды талап ететінін айтты, өйткені жеке балабақшалар нашар жұмыс істейді. Мемлекеттік балабақшалар бақыланады, сондықтан олардың жұмысы қанағаттанарлық. С.Самидин жеке балабақшаларды бақы­лауға қатысты қаулыға өзгерістер енгізуді ұсынды, өйткені мәселе балалар жайлы болып отыр.

Тұрақты комиссияның тө­рағасы көптеген балабақша ойын алаңын ашуға өтінім беретінін, бірақ ҚНжЕ бойынша өтпейтінін, өйткені ғимараттан алаңға дейінгі арақашықтық шағын болуы тиіс екенін атап өтті. Қазір аулаларда қосымша орын жоқ. Болашақ балабақша құрылысында ойын алаңы үшін орын бөлу жөнінде құрылыс салушыларға талап қойылса деген тілек айтылды.

Депутаттар ата-аналар тарапынан сынға ұшырамау үшін жекеменшік балабақшаларды ашу ережесін қатаңдатуды ұсынды, тәрбие мен оқыту қазақ тілінде жүргізілетін балабақшалар санын ұлғайтуға байланысты Білім басқармасы басшысының ұстанымын қолдайтынын білдірді, балабақшаларда тамақтану тарифін ұлғайтуды, балабақшалар штатына диетолог бірлігін енгізуді қолдады, қосымша құрылыс және жаңа бас жоспарға енгізілуі тиіс әлеуметтік нысандар (жеке балабақшалар, дене шынықтыру-­сауықтыру кешендері және т. б.) мәселесін жеке отырыста талқылауды ұсынды.

Комиссия төрағасы отырысты қорытындылай келе, комиссияның қарауына шығарылған мәселе қаралғанын және депутаттардың ескертуі мен ұсынысы ескеріле отырып, тиісті қаулы қабылданатынын хабарлады.

P.S: Субсидиялау не береді: біріншіден, бала­бақшалардағы кезекті едәуір төмендетеді, жергілікті бюджеттен мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылады. Екіншіден, жеке балабақшалардағы, тәрбиеленушінің жасына қарамастан, тамақтануға жұмсалатын шығындардың 100 пайызын өтеу жоспарланады. Қаражат өтінімдердің түсуіне байланысты анықталады. Қанша орын анықталса, сонша орынға қаржы бөлінеді. Қазіргі уақытта 398 жекеменшік балабақшада мемлекеттік білім беру тапсырысы қолданыста. Бұл – бір балаға айына 46189 теңге бөлінеді деген сөз. Жалпы, жеке ұйымдардың мемлекеттік білім беру тапсырысы үшін келесі талаптар мектепке дейінгі ұйымның материалдық-техникалық базасының нормативтік-құқықтық актілерге міндетті түрде сәйкестігі, яғни санитарлық-эпидемиология­лық нормалардың сақталуы және де тамақтану үшін ата-ананың ақы төлеу жиынтығы айына 20800 теңгеден аспауы қажет.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button