Басты ақпаратМәселе

Бала бағу демалысы: қиындығы неде?

Астана қаласына облыс орталығынан қоныс аударып, мемлекеттік қызметте істейтін бір жас отбасын білемін. Өткен жылы тұңғыш сәбиі дүниеге келіп, әйелі бір жылдай бала бағып үйде отырып қалды.

Енді қазір ол бөпесі кішкентай болғанмен, жұмысқа шығатын мүмкіндікті қарастырып жүрген көрінеді. Өйткені мына қымбатшылық қос бүйірден қысып бара жатқан заманда балаға төленетін жәрдемақы тоқтап, үйдегі бір кісінің жалақысы жетіңкіремей, қаржы жағынан қиындық болып тұрғанын айтады.

Қысқа жіп күрмеуге келмей…

Бұл енді жоғары білімі бар толық отбасындағы жағдай. Ал перзентін бір өзі өсіріп отырған жалғызбасты аналардың мүмкіндігі бұдан да қиын деген сөз ғой. Заң бойынша бірінші бала дүниеге келгенде 5,76 АЕК, яғни 16801,92 теңге, төрт немесе одан да көп бала туған кезде 25962 теңге ай сайын бала күтімі үшін беріледі екен. Осы жерде ойға өткен жылы Парламент қабырғасында айтқан депутат Айжан Ысқақованың: «бізде бас бостандығынан айырылған бір адамға мемлекет бюджеттен айына 88,5 мың теңге бөлсе, бала бағатын анаға 16 мың теңге ғана қарастырылған. Бес есе кем. Әділеттілік қайда?» деген сөзі оралады. «Сонда мемлекетке елдің болашақ дәрігері, мұғалімі немесе ғалымы болар жеткіншектен гөрі ұры-қары, парақор мен қылмыскер қымбат болып тұр ма? Одан бөлек, оларды қылмысты атқару мекемелері тамақтандырады, киіндіреді, күзетпен қамтамасыз етеді, сырқаттанса, дәрі-дәрмегін береді» деп күйінген еді.

Балалардың бесік арба, кереует, басқа да толып жатқан керек-жарағын ата-ана өзі алады. Бұған қоса, өсе келе сәбиді қосымша тамақтандыруы тағы бар. Одан әрі балабақшаға орналастыруы керек. Кейінгі кезде көбіне ол да ақылы болып кетті.

Басқа күн сайынғы ­ұсақ-түйек керек-жарақты айтпағанда, қазір ең арзан бесік арба 80-90 мың теңге шамасында тұрады екен. Сонда жаңа ғана отау құрып, аяғынан тұрып келе жатқан шаңыраққа бұл үлкен қиындық әкелмей ме? Әрине, әкеледі. Сондықтан халық қалаулылары бала күтіміне төленетін жәрдемақы мөлшерін кем дегенде екі есе өсіріп, ақылы декреттік демалыс кезеңін екі жылға, бала балабақшаға алынғанға дейін ұзарту жөнінде ұсыныс түсірді. Сондай-ақ мәжілісмендер баланың дамуы үшін аса керекті тағамдар мен жеке бас тазалығы заттары үшін бөлек арнайы тұтыну себетін әзірлеу керектігі туралы да мәселе көтерді. Алайда бұл сол ұсыныс күйінде айтылған жерде қалып қойды.

«Мемлекет барынша көмектесіп жатыр дегенмен, үш-төрт баласы бар аналарға қазір оңай болмай отыр. Киімі бар, тамағы бар, мектепке дайындауы бар – бәрі ақша. Әрине, Құдайдың берген баласын қалай да өзіміз асыраймыз ғой. Дегенмен аналарға мемлекет тарапынан да көмек көрсетілсе екен» дейді көпбалалы ана Бағила Ерғали.

Ал елордалық Сәлима Жұмабек бес баламен пәтер жалдап тұрады. Күйеуі басына түскен қиындыққа шыдамай, басы ауған жаққа кетіп қалыпты. Қазір оның өлі-тірісі белгісіз. Өзі тиіп-қашып жұмыс істеп, негізінен, балаларына Үкімет төлейтін жәрдемақымен жан бағып отырған көрінеді. «Бірнеше жерде жұмыс істегім келеді. Бірақ балам кішкентай, екі жаста. Балабақшаға алмайды. Жекеменшік балабақшаға беруге қаржым жетпейді. Осындай қиындықтарды жеңіп, біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жатырмыз» дейді ол.

Аналардың ең басты өтініші бала бағуға төлейтін жәрдем­ақының көлемін ұлғайтып, бала екі-екі жарым жасқа толғанша тоқтатпаса дейді.

Қашықтан жұмыс істеу қолайлы

«Тек жалғызбасты ғана емес, көпбалалы аналарға да жұмыстан ертерек кетіп қалуға не болмаса қысқарған жұмыс күнін енгізуге рұқсат берсе екен» дейді көпбалалы ана Алмагүл Ермұрат. Көмектесетін атасы мен әжесі жоқ. Жұмыс істей жүріп балаларды өсіруге тура келеді. Қазір бұрынғыдай емес, заман өзгерді. Перзенттерімізді көзден таса қылуға қорқамыз. 2019 жылы елордада бес баламен болған жағдайдан кейін. Балалардың өзін тастау­ға қатты жүрексінеміз. Әрі емшекте сәбиім бар. Үкіметтен сұрайтынымыз – біздің жұмыс істей жүріп балаға қарайтын мүмкіндіктерімізді арттырса екен деген тілек» дейді ол. Міне, осындай өтініш-тілектер Үкіметке де, Парламентке де жіберілген көрінеді.

Өткен жылғы елді жайлаған індет кезінде көптеген ана қашықтан жұмыс істеп, бала бағуға берілетін декреттік демалысты күйеулері алған жайлар да аз кездеспеді. Өйткені ересек балаларды мектепке апару, үйірмелерге қатыстыру – барлығына ер адам жүрген кезде әйел адам кішкентай бөбектермен үйде отырып компьютерде жұмыс істеу отбасының бюджетін ортайтпауды көздеген оң қадамның бірі болған. Әсіресе балалар ауырып-сырқағанда еңбекке жарамсыздық қағазын алмай әрі жұмыс істеп, әрі балаларды емдеу ақша үнемдеудің жақсы жолы екенін де жасырмайды аналар. Осылай қазір де көпбалалы аналарға тек қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік берсе деген пікірлер айтылып қалып жатыр. Көпбалалы аналарға қашықтан жұмыс істеуге рұқсат беру жолға, түстік тамаққа, косметика шығындарына, киімге кететін ақшаны үнемдеп, отбасылық бюджеттің бүйірінің толығуына көп септігін тигізер еді дегенді айтады олар.

«Елде айына 50 мың теңгемен күн көріп отырған аналар бар. Олар бірақ ереуілге шықпайды. Үй сұрамайды, шағымданып, Үкіметтің мазасын алмайды. «Құдайдың бергеніне тәуба» деп балаларын бағып, тірлігін жүргізіп жатыр. Оларға тек қашықтан жұмыс істеуге рұқсат берсе» дейді үш баланың анасы Ғазиза Жандарбек.

Кезінде бізді әжеміз баққан…

Басты рөлде Галина Польских пен Марина Дюжева ойнайтын «Отбасылық жағдайға байланысты» деген кеңестік кинокомедия болатын. Тап сондағы оқиға бүгінде біздің қазақтың көптеген шаңырағында кездесіп отыр. Жұмыс істейтін аналарға Үкімет тек бала бағуға жәрдем­ақыны бір жасқа дейін төлеген соң. Пәтер жалдап немесе банкке несие қарызын төлеп, тапқан-таянғанын шай-суына әрең жеткізіп отырған жас отбасылар жұмысқа шығуға мәжбүр болады. Ал жұмысқа шығайын десе, баласына қарайтын адам жоқ. Көбінің ата-анасы да жұмыс істейді, қолы бос емес. Қолы бостарының денсаулығы көтермейді. Сондықтан бала бағатын адам жалдағысы келеді. Балабақшаға сәбиді екі, екі жарым жасқа толмай алмайды. Олардың да бағасы күйіп тұр. Айына елу, алпыс мың теңгеден кейін балабақша жоқ.

Міне, сол бір аулада тұратын көршіміз жақында екі жастағы баласын бағу үшін бала бағушы (няня) іздеп хабарландыру беріпті. Он күннің ішінде он беске тарта адам хабарласыпты. Көбі жиырма мен отыздың арасындағы жастар көрінеді. Бірен-саран қырық пен елуді еңсерген адамдар келгенмен, олардың бала бағуға онша ынтасы болмапты. Ал бір адам келіскенмен, үш күннен кейін «балаңыздың әлі жөнді тілі шықпапты. Жылай береді» деп бас тартып, өзі кетіп қалыпты.

Осы жайдан-ақ бала бағудың қаншалықты қиын екенін әркім де түсінген шығар. Кезінде ақ шашты әжелеріміздің «осы немеремді өзім бағып өсірдім» деп мақтанышпен айтып отыратынын талай естігенбіз. Сөйтсек, олар немерелері үшін барлық қиындыққа төзіп, жүрегіндегі шуақты мейірімін төгеді екен ғой.

Қазір зиялы замандастарымыздың аузынан «кезінде мені атам мен әжем тәрбиеледі» деген сөзді естісем, оларға үлкен құрметпен қарайтын болдым. Өйткені үлкен шаңырақта, қазыналы қариялардың қолында өскен бала қашан да тәрбиелі, ұлтжанды, парасатты болары сөзсіз. Ал тал бесіктен басталатын бала тәрбиесінде тұтас бір ұлттың болашағы жатқандай көрінеді. Сондықтан бала бағу, бала тәрбиесі, расында да, оңай емес.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button