Әлеумет

Белсенді өмір сүруге бет бұрайық

«Қозғалыс – өмір» деген қағиданы  дұрыс түсінген адам өз еркіне бой  бермей  орындап жүретін болса, өмір сүру сапасы жақсарып, ұзақ та, белсенді де, әр түрлі кәрілік  аурулардан ада болып, өз-өзіне белсенді қызмет жасай алады. Бұл мәселеде әр қарттың түсінігі өзінше.

Біреулері дұрыс қозғалыс жасаса, енді біреулері асыра сілтеп, ауырып қалатын жағдайлар кездеседі. Сондықтан адамның қозғалысының жасына қарай реттеп, түзетіп отыратын орталық болса, оның пайдасы зор болар еді. Осыны ескерген Елорда қалалық әкімшілігі «Қазақстан Республикасының белсенді ұзақ өмір  сүру» ұлттық жоспарына сәйкес қалада «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтары төрт ауданда да ашылды. Бұлардың бәрі қалалық орталықтың басқаруымен қызмет атқарады.

Орталықты ұзақ жылдар басқару қызметтерінде болған зейнеткер, ұлт жанашыры Мұхтар Дүйсенұлы Еркетаев басқарады. Осы орталықтардың біреуіне тоқталып, сипаттама берсек дұрыс болар деп ойлаймын. Сарыарқа ауданындағы орталық Сейфуллин көшесіндегі 25-ші үйде орналасқан. Алғашқыда орталықтың орналасқан аумағы 100 шаршы метрдей ғана болса, кейіннен кеңейтіліп, 500 шаршы метрден астам болды. Тренажер залының өзегі кардиотренажер болып есептелінеді. Олай дейтін себебіміз жүрек қартая келе тозады, оны жандандыру керек, оған осындағы әртүрлі тренажерлер көп көмегін тигізеді. Мұны білімді Мәскеудің денешынықтыру институтын бітірген А.Н. Сүйеугазиев деген азамат жүргізеді. Сол кісінің өзіне  қарап спортпен айналысқың келеді. Жасы сексенге келсе де, түр әлпетінен әрі алпысқа да келмеген бе деп ойлайсың. Барлық нәрсе салыстырмалы ғой.

Денешынықтырумен жүйелі түрде айналысқан адамның дене бітімі де, қозғалысы да, ширақтығы да басқаша ерекше болады. Өкінішке қарай біздің қазақ жігіттерінің кейбіреулерінің дене бітімдерін көргенде келешегін ойламай ма екен деген ой келеді. Салмақтары артық семіздіктері басым. Шенеунік болған соң көліктен түспейді. Табалдырықтан табалдыраққа дейін десе де болады. Спортпен айналысудың жабайы түрі жаяу немесе велосипедпен қозғалу. Бірде байқағаным кардиоцентрдің президенті Пя Ю.В., спорт киімімен, велосипедпен жұмысқа келе жатыр. Мұны сөздің реті келген соң айтып жатырмын. Жалпы денешынықтыруды жас кезден серік ету керек. Жүрекке жол бермей, ақылға  жол берген дұрыс болады ғой деп ойлаймын. Тренажерлерден кейін «Денсаулық» тобы жұмыс істейді. Мұнда  Шишонин А.Ю., Бубновский С.М., академик Макулин А.А. т.б., белгілі дәрігерлердің ұсынған жаттығуларын орындайды. Бұл орталыққа жас еріктілер келіп көмектесіп жатыр. Мысалы сертификацияланған нұсқаушы Динара Сейтова йога секциясын жүргізеді. Осылай тізіп жаза беруге болады. Одан да замандастарыма айтарым, өздеріңіз келіп, көріп қатыссаңыздар құба-құп болар еді. Орталықтың келем деушілеріне әр уақытта есік ашық. Бұл мекеме денешынықтырумен ғана емес, басқа да мидың жұмысын жақсартумен айналысады. Тоғызқұмалақ ұлттық ойынын үйретеді. Ағылшын тілін оқып үйренуге болады. Психологтан кеңес алуға мүмкіншіліктері бар. Көктал-2-де мұның өзінің филиалы «Денешынықтыру сауықтыру филиалы» Нұрқан Сембаев басқарумен волейбол т.б., түрлерімен айналысады. Осында қатысқандар бір ұжым болып, әртүрлі көңіл күйді көтеретін шаралар өткізеді. Өткен жылы бәрі бірігіп Наурыз тойын өткізді.

Сарыарқа ауданының белсенді ұзақ өмір сүру орталығын басқарып отырған тәжірибелі басшы  Кенжеболат Сапарұлы Бәпішев (суретте). Бұл кісі қарттармен жұмыс істеуді жүзден асып дүние салған анасының өмір жолын көріп, ақыл кеңесін тыңдап өссе, одан кейін ұзақ жылдар осы қалада қарттар үйін басқарды. Қай жұмыс болса да, басшының білімділігіне, тәжірибесіне, ең құндылығы адамгершілікке байланысты. Кенжеболат Сапарұлы осы айт­қандардың бәріне сай келеді. Қалалық орталық төрт аудандағы басшылардың тәжірибе алмасуын өткізіп отырса, бірінен-бірі үйренер еді. Қадірлі қаладағы зейнеткер қарттар үйде отырып, кетер күніңді ойлағанша осы орталықтарға барып, өзіңізге ұнаған түрімен айналыссаңыз, өміріңіз сапалы өтер еді. «Мың күн жұмақтан, бір күн жарық артық» деген сөздің мағынасы: шамаң келгенше өмірімізді ұзартқанымыз дұрыс болар деп ойлаймын. Жарық күніміз көп болғай. Ел Президенті соңғы Жолдауында денсаулық, спорт салаларына көп көңіл бөлді ғой. Осы Жолдауды қолдай отырып, өз үлесімізді  қоссақ дұрыс болар еді. Ол жастарды тәрбиелеуге көмектесу. Мақаламды аяқтай отырып, барлық қарттарды, онымен қоса орталық қызметкерлерін алдағы Қарттар күнімен шын жүректен құттықтаймын. Ұзақ өмір тілеймін.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ, 

Елорда Ардагерлер кеңесінің медиатобының мүшесі

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button