ӘлеуметБасты ақпарат

Бизнес бастауы – мектепте

Оқушыларды кәсіпкерлікке баулу, іскерлікке ынталандыру, бизнес-идеяларды жүзеге асыруға жол ашу – мектеп қабырғасынан-ақ бастау алатын мүмкіндіктер. Жастайынан іскер көшбасшы атануға ұмтылған жастардың тың жобаларын қолдау мақсатында жақында Астанада Enactus Kazakhstan National EXPO 2023 мектеп кәсіпкерлігінің IV республикалық чемпионаты аяқталып, тартысты сайыста топ жарған үздіктер анықталды. 70 мектеп командасы қатысқан додада озық ойлы жасөспірімдер бас қосқан Астана халықаралық мектебі чемпион атанды.

Республикалық мектеп кәсіпкерлігі чемпионаты – Enactus халықаралық қауымдастығының бастамасымен өткізілетін жыл сайынғы байқау. Кәсіп бастаймын деген жастарды біріктіретін бірегей алаңға биыл еліміздің 17 өңірінен командалар қатысты. Чемпионатқа қатысушылар оқу жылы бойы әлеуметтік, экологиялық және инновациялық жобаларды ойластырып, шыңдаумен жұмыс істеді. Олар екі күн аралығында түрлі тақырыптағы стартап жобаларды таныстырды. Әр жобаның басты мақсаты – еліміздегі өзекті мәселелерді шешуге атсалысу.

Жеңімпаз Астана халықаралық мектебінің оқушылары тың идеяны ұсынумен ерекшеленді. Мектептің «Revera Team» тобы былтыр да кәсіпкерлік чемпионатында жеңіс тұғырынан көрініп, жүлделі 2-орынды алған еді. Ал бұл жолғы чемпиондар – ISA Engineers тобы сайыста алғаш рет бақ сынады. Өткен жылдың қыркүйегінде құрылған топ додаға сегіз ай көлемінде қызу дайындалды. 10 және 11-сынып оқушыларынан құралған топта жеті адам бар. Әрқайсысының өз міндеті де айқындалған. Бағдарламалау, дизайн және маркетинг саласына маманданған оқушылар осы бастан-ақ IT-саласына үлкен қызығушылық танытуда.

ISA Engineers тобы чемпионатта екі жобаны ұсынды. Бұл туралы топ басшысы Мәулет Сейітов кеңірек айтып берді.

– Алғашқы жобамыз – «MinAvto». Бұл – көлік жүргізу кезінде жүргізушінің ұйықтап кетуіне жол бермейтін білезік пен камера. Яғни аталмыш құрылғы жүргізушіге көз іле бастағанында белгі береді. Нәтижесінде оның денсаулық жағдайын үнемі бақылауда ұстап отырады.

Екінші жоба – «Jurmek». Ол жүрек соғысын есептеп, деректерді мобильді қосымшаға лезде жіберетін портативті ЭКГ. Құрылғы жасанды интеллект арқылы электрокар­диограмма нәтижесін дерекқорға салады. Деректер негізінде қауіпті жағдай анықталса, бірден жедел жәрдем қызметіне қоңырау шалады. ЭКГ жобасын жасауда біз отандық және шетелдік ғалымдардың тәжірибесіне сүйене отырып, үлкен Data Set-ті (деректер жинағы) қолдандық.

Жобаларымыздың негізгі мақсаты – адам өмірін сақтап қалу. Яғни біз жаңа технологиялар арқылы жол апатының алдын алуға және өлім-жітім статистикасын азайтуға септескіміз келеді, – деді топ басшысы.

Ізденімпаз, амбицияға толы жас кәсіпкерлердің ендігі мақсаты – жобаларын көпшілікке таныстырып, нарыққа шығару.

«Біз екі жобаны толыққанды дайын өнім ретінде жасап, өзгелерге ұсынғымыз келеді. Ешбір кемшіліксіз, қауіп-қатерсіз жұмыс істеуге дайын болғанда, нарыққа шығарамыз» деді оқушы.

Оқушылардың айтуынша, мектепте кәсіпкерлік негіздерін дамытуға арналған арнайы пән болмағанмен, «Экономика» пәні оқытылады. Сөздерінше, бизнес-идеяларын жүзеге асыруда салалық пәннің берері көп болды.

Мектеп кәсіпкерлігі – кәсіптік бағдардың негізі әрі заман талабы. Бүгінде оқушылардың басым бөлігі кәсіп бастап, бизнес ашсам дейді. Ал бұл жолда кәсіпкерлік дағдыларын меңгерген жастар үлкен өмірге қадам басқанда, алдағы сын-кедергіге сақадай сай тұрады. Озық көшбасшы, мықты маркетологтар мектептен-ақ тәрбиеленіп шығады. Ең бастысы, ұсынған бизнес-жобалары қоғам игілігіне жұмсалады.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button