Басты ақпарат

Волонтерлік қозғалыс жастарға не береді?

Елдіктің қайнар көзі – жастар. Ал жастардың бойында қайырлы, қайырымды қасиеттер басым болса, сол мемлекет өміршең болады. Солай! Кішіпейіл, әділ де, қайырымды, еңбекқор болып қалыптасуында волонтерлік қозғалысты дамыту маңызды. Тағылымды тарихты таразылайтын болсақ, ағайын бір-біріне асар әдісімен рухани және материалдық тұрғыда дем беріп отырғанын танимыз.

Бала кезімізде біресе көршінің қорасын тұр­ғызуға, біресе туыстың отынын шауып, жинауға жиналып, берекелі іске атсалысатын едік. Тіпті егін даласында дән тастау және жинау науқанында бір-біріне көмек қолын созып, асарлату дағдылы іс саналатын. Бұрынғы асар, бүгінгі волонтер – бір-бірімен үндес ұғым. Атауы өзгергенімен, танымы – бір, тағылымы – ортақ.

Әсіресе, соңғы жылдары волонтерлік қозғалысты дамытуға мемлекеттік деңгейде мән беріле бастады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ­Тоқаев волонтерлік іспен айналысу патриотизмнің жарқын көрінісі екенін атап, 2020 жылды «Волонтер жылы» деп жариялады. Сөйтіп, «Birgemiz» ұраны аясында волонтерлік істі дамыту – жастар саясатының құрамдас бөлшегі ретінде қарастырылды.

Волонтерлерді дайындау үрдісі, олармен жұмыс істеу тәжірибесі туралы «Астана жастары» ресурстық орталығы волонтер қозғалысын дамыту бөлімінің басшысы Эльвира Есмұханова:

– Қоғамның ілгерілеуін волонтерлік қозғалыстың белсенділігінен байқауға болады. Ел үкіметі 2016 жылы волонтерлік қызмет туралы заң шығарған кезде волонтерлік қызмет жаңа деңгейге көтеріліп, дамудың жолына түсті. Астана қаласында соңғы 10 жылда волонтерлік қозғалыс қарқынды дамып, ай сайын 30-40 мың жас волонтерлік қозғалысқа қатысады. Жалпы белсенді 5 мың волонтер аптасына 2-3 іс-шара жоғары деңгейде өтуіне атсалысады. Мектептің жоғары сынып оқушылары, колледж, университет студенттері имидждік іс-шараларды ұйымдастыруға дем береді, – деді.

Волонтерлік қызмет туралы Қазақстан Республикасының Заңы 4 тарау, 19 баптан тұрады. Онда волонтерлік қызметтің мақсаты айқын көрсетіліп, жүзеге асыратын міндеті белгіленді. Сондай-ақ қызметі мен түрлерін заңнамалық тұрғыда бекітіп берді

Бас шаһарда 30-ға жуық волонтерлік ұйым мен қозғалыс бар. Олардың қызметі әралуан. Бірі, түрлі текстегі ақпараттар таратса, екіншісі, азық-түлік себетін әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға үйлестіріп, қарт адамдардың үйінде тазалау, жинау жұмысын жүргізеді. Жасыл экологияға атсалысып, тазалықты сақтауға, ағаш отырғызуға белсенді қатысатын топтар да бар. Ағартушылық, салауат­ты өмір сүру бағытында да қызмет ететін қозғалыстар жетерлік.

– Елде волонтерлікті дамыту жеті бағытта жүреді. Олар: білім беру, медициналық, экологиялық волонтерлік, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға тәлімгерлік, техногендік апаттарды, төтенше жағдайларды жою кезіндегі еріктілік, қарт адамдарға, арнайы күтім көрсетілетін мекемелерде жүрген адамдарға, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға көмек көрсету, сондай-ақ рухани-мәдени және тарихи құндылықтарды сақтау бойынша волонтерлік, – деді «Астана жастары» ресурстық орталығы волонтер қозғалысын дамыту бөлімінің маманы Айзат Әли.

Елде карантиндік шектеулер және төтенше жағдай кезінде әлеуметтік волонтерлік қызметке сұраныс артты. Одан бөлек, халықаралық маңызы бар рухани-мәдени, спорттық іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуде волонтерлік қызметке қажеттілік артады. Сондықтан волонтерлерді оқыту және «Event-волонтерлік» жобасы маңызды саналады.

Арыс қаласындағы жарылыс, Мақтааралдағы су тасқыны, Қостанайдағы алапат өрт және т.б. тосын жағдай кезінде Үкімет пен жергілікті биліктен бөлек, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегенді ұстанған ел азаматтары волонтерлік қызмет көрсетіп, елдің еңсе тіктеуіне үлес қосты.

Естеріңізде болар, «EXPO 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі, Астана және Алматы қаласында өткен қысқы Олимпиада ойыны және VІІ Азия ойыны, «Cities Mayors Forum Global Silk Road», «World Para Powerlifting Championships Nur-Sultan-2019», триатлоннан Әлем кубогы «ITU World Cup», «IV KWU Kyokushin World Championship» және т.б. халықаралық деңгейдегі шараларға волонтерлер белсенді қатысты.

2015 жылы Алматыда өткен Солтүстік дисциплиналар бойынша жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында, TEDxAlmaty 2017-де, алғашқы GoViral фестивалінде, World Press Photo-2018 фотокөрмесінде волонтер болғанның бірі – Дастан Аққожа:

– 2017 жылдан бері Ұлттық волонтерлік желісінің мүшесімін. Qazvolunteers.kz платформасы құрылып, үкіметтік емес ұйымдарға арналған әдістеме әзірледік және облыстарда тренингтер өткіздік. Онда мектеп оқушыларынан бастап, ересектерге дейін қамтып, «Волонтер деген кім? Оның қызметі, құқы, міндеті қандай? Олармен ­қалай жұмыс істеу керек? Волонтердің мотивациясын қалай ынталандыруға болады» деген сұрақтарға жауап беріп, базалық білім бердік, – деді.

Елдің беделін өсіретін абыройлы іс-шараларға екінің бірі қызмет ете алмайтыны белгілі. Волонтерлерге қойылатын негізгі талаптарды Эльвира Есмұхановадан сұрадық.

– Волонтерлік қозғалысқа жастар өз еркімен келіп, адамға рухани және материалдық зиянын тигізбеуі тиіс. Халықаралық деңгейде өтетін жобаға волонтер шет тілін білгеніне маңыз беріледі. Волонтерлік қызметті жүзеге асыратын адам көпшіл, қарапайым, адамдармен тез тіл табысатын болғаны жақсы, – деді Жастар орталығының жетекшісі.

Енді волонтерлік қозғалыс жастарға не береді, пайдасы неде? Бұл сұраққа белсенді волонтер Жорабек Даулет жауап берді.

– Жаңа адаммен танысып, дос табуға, танымал тұлғаларды көріп, болмыс-бітімін, қабілет-қасиетін тануға, қайырымдылық іс-шараларға қатысып, қиналған адамдарға көмектесіп, сауап жинауға, бәрінен бұрын, азаматтық белсенділігін арттырып, қоғамның белді өкіліне айналады. Мұның бәрі волонтердің белсенді, беделді болуына септігі тиеді, – деді ол.

Жігерлі, жалынды жастармен тілдесіп, олардың қоғамға қызмет етуді зердесіне тоқығанын түйіп, француз жазушысы Дени Дидроның «Басқаға қуаныш сыйлай білген – ең бақытты жан» дегенін ұстаным еткенін білдік.

P.S: Елде волонтерлік қызмет – ақысыз жұмыс демей, абыройлы міндет деп қарап, танымал тұлғалармен тіл табыстырып, жаңа бастамаға жол ашатын қадам деп қарайтын жастардың қатары көбейіп келеді. Бізді қуантқаны осы…

Тарихы

ХХ ғасырдың басында Еуропада волонтерлік қозғалысты дамыту маңызды саналды. Өйткені Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыстан зардап шеккен елді мекендерді қалпына келтіруде еріктілердің қол көмегіне сұраныс артты.

1920 жылы жаз мезгілінде Анг­лия, Германия жəне Швециядан волонтерлер, соның ішінде, бұрынғы сарбаздар, Вердуна жанындағы ауылды қайта қалпына келтіру мақсатында жиналды. Соғыс зардабынан қираған елді мекенді қалпына келтіруге бағытталған бастама халықаралық волонтерлік қозғалыстың пайда болуына септігі тиді. Бұл қозғалыс – Service Civil International (Халықаралық Азаматтық Көмек) деп аталды.

1934 жылы S.C.I. төрт еуропалық волонтерді Үндістандағы кедейлерге көмек беруге жіберді. Бұл команда British Volunteer Programme, US Peace Corps, Deutsche Entwiklungsdienst секілді ұйымның жəне өзге топтың бастамашысы болды.

Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін жас волонтерлер Еуропаның қайта қалпына келтіруіне қатысып, Варшава орталығын қайта соғу, Батыс Еуропадағы қираған қалаларды қайта қалпына келтіру, Югославиядағы Bratsvo-Edinstvo көлік магистралін құруға атсалыс­ты. Волонтер халықтар арасында достық қарым-қатынас орнауына өз септігін тигізді.

1948 жылы құрылған ЮНЕС­КО-ның жəне Халықаралық Волонтерлік Ұйымның Координациялық Комитетінің арқасында волонтерлік ұйымдардың жұмысы жандана түсті.

1950 жылдары ЮНЕСКО-дан жергілікті жерлерде АҚШ-тан, Иорданиядан келген волонтерлер араб елдерінде жəне Латын Америкасындағы халықтың сауаттылықты ашуына үлес қосты.

1970 жылы БҰҰ-ның Волонтерлік бағдарламасы қабылданды.

1991 жылы Қазақстан халық­аралық ұйымдарға, соның ішінде БҰҰ-ға мүше болып, Еріктілер қозғалысы бағдарламасын қабылдап, волонтерлік қозғалысты дамытуды бастады. Бұл қазақ ұлтының асар әдісімен мазмұндас болғандықтан, қоғамда кең тарай бастады.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button