Мәдениет

Достоевский шығармасын сахналады

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші, актриса Айгүл Иманбаева­ның «А.И. театры» тағы бір жаңа қойылымның премьерасын өткізді. ­Ф.М.Достоевскийдің «Кроткая» атты повесі желісінде қазақ тіліне ­аударылып қойылған «Момындардың зынданы» қойылымының тұсаукесері елордада Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия ­театрында кесілді. Премьераға елорда жұртшылығы және өнер мен әдебиет, қоғам қайраткерлері қатысты.

Психологиялық драманың қоюшы-режиссері – Санкт-­Петербург қаласынан келген Ринат Қияков, қоюшы-суретшісі – Алан Саймин, хореограф – Альфия Агишева, дыбыс режиссері – Жұлдыз Телғожаева. Ұзақтығы 1 сағат 40 минутқа созылған камералық қойылымның премьерасы басталар алдында театр директоры Айгүл Иманбаева кіріспе сөз айтты.

– Бұл – өмірдегі үлкен ма­хаббатынан қайғылы жағдайда айырылған бас кейіпкердің рухани қайта түлеуін зерттеу шығармасы. Бізді мазалайтыны – Достоевскийдің туындыларындағы жиі көтерілетін мәселе: неге адамдар құндылығын түсіну үшін қолында бар ең қымбатынан айырылуы керек? Спектакльдегі бас кейіпкер де дәл осылай үлкен қайғыдан кейін рухани тазарып, қайта туған. Шын сүю мен сезімнен күюдің арасы бір-ақ қадам. Шығарманың бас кейіпкері өз асылын мәңгілікке жоғалт­қанда ғана рухани түлеуді бастан кешіреді. Бұл камералық қойылымды 4 адам ғана ойнайды. Актерлер – өзімнің шәкірттерім, – деді театр басшысы.

Драмалық қойылымда ойнаған жас актерлердің шеберлігіне сөз жоқ. Дегенмен шығарма идеясын жеткізуде режиссерлік жұмысты әлі де жетілдіру қажеттілігі байқалды. Биыл құрылғанына 13 жыл толатын театрдың тағы бір жақсы жаңалығы – осы жылы 5-11 маусым аралығында ұжымның Татарстанның Қазан қаласында жылда өтетін халықаралық Наурыз фестиваліне қатысуға жолдама алуы. Қазақстаннан баратын біраз мемлекеттік театр­лар қатарында «А.И. ­театры» да табылып, өнер ұжымы бұл фестивальде А.Чеховтың «Шие бағы» шығармасының желісінде қойылған «Бақ» спектаклін сахналайды.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button