Қоғам

Достық көпірінің алтын тағаны

Қазақстандағы Үндістан елшілігінің Свами Вивекананда мәдени орталығы (SVCC) 1994 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы орталықтың директоры Санджай Веди бізді зор құрметпен қарсы алып, орталық жұмысымен таныстырып еді.

– Үндістан Республикасының Қазақстандағы елшілігі өз жұмысын бастағаннан мәдени бағыттағы орталықтың ашылуын ойластыра бастады. Сол арқылы үнді мәдениетін, өнерін таныстыруды мақсат етіп қойды. Соның нәтижесінде бүгінде барша қазақстандықтардың Үндістан жайында барлық ақпараттарды алуына мол мүмкіндік ұсынып отырмыз. Біздің мәдени орталығымызға келем деушілерге ешқандай жас шектеуі жоқ. Алты жастан бастап алпыс жасқа дейінгілер орталық жұмысына араласа алады. Жұмысымыздың жемісі ретінде айтар едім, мысалы, үстіміздегі жылдың 15 тамызында Үндістан Республикасының Тәуелсіздігіне арналған үлкен концерттік бағдарлама дайындадық. Онда орталыққа келушілер, мәдени орталықтың әртістері деп баса айтқым келеді, өздерінің өнерін көрсетіп, көпшілікті тәнті етті, – деді орталық директоры.

Санджай Веди мырза екі елдің арасындағы мәдени үндестіктің үйлесімі туралы маңызды пікірін ортаға салды. Яғни екі елде де ұлттық дәстүрдің жақсы сақталуы, екі елге ортақ отбасылық институттың құндылықтары адамдардың бірін-бірі жатсынбай, тез бауыр басуына септігін тигізеді. Директор мырза сөзінде Қазақстанға келіп, қызметіне кіріскеніне сегіз айдың жүзі болғанын айтты.

«Адамдардың жақсылығы соншалықты, өзімді шетелде жүргендей сезінбеймін. Қызмет бабымен республиканың көптеген жеріне сапарладым, сондағы жергілікті азаматтардың ықыласына риза болдым» деді.

Орталық екі жақты жоғары деңгейдегі байланыстарды дамыта отырып, қарапайым адамдардың бірлігін, қазақстандықтардың мүддесінде жұмыс істеуді қолдайды. Хинди тіліне қызығушылық бар болғандықтан, тіл үйрену курсы қатар жүріп жатыр. Осы жаз бойына Арбатта ашық аспан астында да, кинозалдарында да өткізілген көрсетілімдер елордалықтардың үнді фильмдеріне деген ерекше ықыласын дәлелдеді. Осы айдың соңына қарай, 28-30 қыркү­йек аралығында Астанада Үндістанның 75 жылдығына орай елордалық «Наз» мемлекеттік би театрының ғимаратында концерт өтеді.

Сонымен бірге сирек кітаптар мен қолжазбалар орталығы Үндістандағы Қазақстан тарихына қатысты деректер, ескі карталарды іздестіруге қатысты ұсыныспен шығып, орталықтың қолдауымен ғалымдар Үнді жеріне барып қайтыпты. Екі ел арасындағы өзара мәдени байланыстардың өркендеуіне Қазақстан Республикасы тарапынан да жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Екі ел арасындағы мәдени байланыстар бойынша тиісті министрліктер арнайы бағдарламаға қол қойса, Халықаралық йога күнін «Астана Опера» ғимаратының алдында мыңдаған астаналықтармен бірге атап өтіп, оған Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният та қатысты.

«Бұл, әрине, бізге орасан зор құрмет, өз ісіміздегі үлкен жетістік болды» деп сөзін қорытындылады Свами Вивекананда мәдени орталығының директоры Санджай Веди.

Расында да, екі елдің қонақжайлығы туралы айтқанда, қазақтар қонағын қалай сыйласа, «Қонақ – біздің құдайымыз» деген даналық үнділерге тән. Мұнда үнді биіне Видьягаури Хемант Адкар үйретеді. Мың бұралып нақышына келтіріп үндіше билеп жүргендер жетерлік екен. Назарымызды аударған нәрсе, бишілердің аяқтарына байлаған қоңыраулы аспап биді нақышына келтіріп, ырғақты айқындап тұр. Видьягаури Хемант Адкар ханым қазақ биін зерттей келе, «Қара жорғаны» үнділік орындауда қоюды мақсат етіпті. Әзірге әзірлік жүріп жатыр, осы айдың соңында өтетін концерттік бағдарламаның басты нөмірі – үнді-қазақ «Қара жорға» биі болмақ.

Ал үнді музыкасының бөлмесінде табла, дуги деген аспаптар қатар қойылған екен. Үнді музыкасының мұғалімі Правин Кумар Дубей бұл аспаптың бірнеше жүз жыл бұрын ойлап табылғанын, классикалық музыканы сүйемелдейтін негізгі аспап екенін түсіндірді. Саз әлеміне ортақ жеті нота саздың сиқырына жататын болар. Ал Үндістанда 29 штат болса, оның әрқайсысының өзіне тән өзіндік биі, ұлттық музыкасы бар екен. Үнді музыкасы фольк, классика және болливуд деп бөлінеді.

«Музыка адамның 24 сағаттық өмірінде не болады, нені сезінеді, қандай күй кешеді, соған қатысты шығады. Өмір сүру стилін де сазбен көмкереді. Музыканың да сан алуан болып келетіні адамдардың қуанышы мен қайғысына байланысты» деді музыка маманы. Правин Кумар Дубей астаналықтарға үнді музыкасын үйретумен қатар өзі де сонымен бірге қазақ әнін үйреніп жүр екен. Маманмен болған қысқаша әңгімеде үнді музыкасын басқалардан бірден ажыратуға болатын бірнеше ноталарды салып көрсетті. Шынымен де, бір ырғақтың қайталануы арқылы әлемдік саз өнерінде өзіндік, үнділік қолтаңбасы солай айшықталған екен. Бұл да үнді мәдени орталығында ашқан жаңалығымыз болды.

Кезекті сабағына келген астаналық Майра есімді келіншек бала күтімімен үйде отыр екен. Ол үндінің классикалық, болливуд әндерін айтуды үйреніп жүр. Өзі – ағылшын тілінің мұғалімі. Расында, адамның шығармашылық дамуына көмегі бар, күнделікті тірліктен асып, жаңа әлемді ашқысы келетіндерге үнді мәдени орталығы бар қызметін тегін ұсынады.

Үнділер йоганы әлемге тартуымыз деп бекер айтпайды. Елорданың өзінде елуге тарта йога орталықтары жұмыс істеп тұр. Биыл Халықаралық йога күні Қазақстанның 21 қаласында атап өтілді. Бұл тек қана денені шынықтыратын жаттығулар жиынтығы емес, ақыл-ойды, адамның болмысын да жақсартуға көмектесетін тұтас тәжірибе деп айтады.

Йоганың шығу тарихы көне заманнан басталады. Үнді өркениетінің (б.з.д. 3300-1700 ж.) кезеңіне жататын Инд алқабынан табылған бірнеше мүсіндерде медитациялық бедерлерді анықтаған екен. Әрине, оны дінмен де байланыстыруға болады, дегенмен әлемде және біздің елде насихатталып жүрген йоганың бұл түрі жалпы тән саулығына жеткізетін медитациялық амалдың бірі ретінде қаралады. Орталықтардағы йога сабақтары тұрғындарға қолайлы, жұмыстан тыс уақытты белгіленген. Кез келген адам орталыққа келіп йога жаттығуын жасай алады.

Айта кететіні, Үндістанда бар-жоғы мемлекеттік үш мереке болған. Ол – Тәуелсіздік күні, Республика күні және Гандидің туған күні. Енді оған Йога күні қосылды. БҰҰ Бас ассамблеясының 2014 жылғы шешімімен 2015 жылдан бастап халықаралық йога күні жыл сайын 21 маусымда атап өтіледі.

 

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button