Елорда тынысы

Елдің ырысы жәрмеңкеде көрінді

Елордада аймақтық ауылшаруашылық жәрмеңкелер маусымы жалғасуда. Дәстүрге сай өткен сенбі, жексенбі күні Жетісу мен Алматы облысының тауар өндірушілері өз өнімдерін ұсынды.

Қос облыстың ауыл шаруашылығы өндірушілері өз өнімін делдалсыз тікелей сатып, соның салдарынан өнім бағасы нарықтық бағадан 10-20 пайызға төмен болды.

«Астана Арена» стадионының жанында таңғы сағат 9.00-де басталған жәрмеңке алаңында жұрттың қарасы қалың болып, сауда қыза түсті.

Оңтүстіктегі еңбеккерлер 84 тонна көкөніс, 62 тонна жеміс-жидек, 48,7 тонна картоп, 41,5 тонна ет, 9 тоннадан астам сүт өнімдері, 8 тонна балық, 500 келі бал, сондай-ақ осы облыстарда өндірілетін 189 тонна өзге де өнімді әкеліпті.

Жалпы, жәрмеңкеге Жетісу мен Алматы облысынан барлығы 500 тоннаға жуық өнім жеткізілді.

«Өткенде қызылордалықтардан балық алған едім. Бұл жолы Жетісудің балығын алдым. Одан бөлек, Алатаудың топырағынан нәр алған картобын саудаладым» деді қала тұрғыны Жанар Таңатарова.

Егер елордада жидек теру маусымы аяқталған болса, бұл жәрмеңкеден жаңа піскен құлпынай мен таңқурай сатып ала аласыз. Кейбір орындарда ұзын-сонар кезек болып: Алматының брэндіне айналған апорт алмасы, қызанақ, бұрыш үлкен сұранысқа ие болды, ал картоп, пияз, сарымсақ және сәбізді қап-қаптап әкетіп жатқандар көп болды.

Сондай-ақ жаңа, табиғи өнімдер де назардан тыс қалмады: қолдың сүзбесі, қаймақ, қымыз, май және т.б. Сатушылар таразының дұрыстығына күмәнданар болса, жәрмеңке аумағында тексеруге болатын таразы қойылды.

Естеріңізге сала кететіні, 24-25 қыркүйекте Батыс Қазақстан және Атырау облысы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button