Басты ақпаратҚала мен Сала

Елорданың туристік әлеуеті қандай?

Елордаға өткен жылдың қорытындысы бойынша 751 мың турист келген. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 78 пайызға көп. Ал осы жылдың алғашқы алты айында 482 мың турист бас қалаға келіп үлгерді. Соның ішінде Ресей, Германия, Қытайдан келетіндер екі есе көбейген. Жалпы былтыр Астанаға туристердің келу көрсеткіші пандемия алдындағы кезеңмен теңесті. Енді олардың санын жылдан жылға арттыру көзделіп отыр. Себебі бұл – қалаға келетін инвестиция. Осы мақсатта Астана қаласының Инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы «Astana Invest» компаниясымен бірге туристік қызметті дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиясын әзірледі.

ЕҢ ТАНЫМАЛ – «БӘЙТЕРЕК»

Астана қаласы мәслихатының елорда аумағында туризмді дамыту мәселелеріне арналған көпшілік тыңдауларында бұл туралы қалалық Инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Әбдуәлиев баяндады.

Оның айтуынша, Астанаға туристердің келуі үшін барлық инфрақұрылымдық мүмкіндіктер жасалған. Атап айтқанда, Орталық Азияда ең қуатты болып танылған заманауи әуежай, екі теміржол вокзалы мен сапаржай бар. Туризмді дамытудың бес басым бағыты да белгіленді. Бұл – экотуризм, іскерлік туризм, медициналық туризм, қалалық іс-шаралар, Астана брендін ілгерілету.

Туристік нысандарға келсек, елордада олардың жалпы саны – 68. Ал ең танымалы «Астана Бәйтерек» монументі болып отыр. Бас қалаға келетіндердің басым көпшілігі соған барады. Мәселен, былтыр «Бәйтерекке» 300 мыңнан аса адам, «Нұр әлем» музейіне 136 мың адам, Ұлттық музейге 90 мың адам барған.

Елордаға өткен жылдың
қорытындысы бойынша
751 мың турист келген. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 78 пайызға көп. Ал осы
жылдың алғашқы алты
айында 482 мың турист бас қалаға келіп үлгерді

– Туристік нысандарда жетілдіруді қажет ететін жұмыстар бар. Соның бірі – тегін Wi-Fi-дің жоғы. Жалпы туризм саласында барлық мәселелерді шешу үшін нысандарда маркетингтік саясатты өткізу, сервисті, яғни қызмет көрсету сапасын жақсарту, кадрларды даярлау жоспарланды. Бұл жұмыстар осы күндері жүргізіліп те жатыр. Мәселен, Санкт-Петербург қаласындағы «Эрмитаж» музейінен халықаралық коучерлер шақырылып, Астанадағы 10 музейдің қызметкерлеріне біліктілікті арттыру курстары өткізілді. Биыл елуден астам экскурсоводтар мен гидтерді оқыту басталды, – деді Азамат Әбдуәлиев.

Оның айтуынша, туристер орналасатын орындар басты мәселе болып отыр. Жалпы қазір қалада әртүрлі категориялы 229 қонақүй (соның ішінде 8-і – әлемдік бренд саналатын ірі қонақүйлер) мен 58 хостел жұмыс істейді. Өткен жарты жылда қонақүйдің тәуліктік орташа бағасы 14 мың теңге болды. Қонақүйлер қызметкерлерінің біліктігілін арттыру 2019 жылдан бері жыл сайын жүргізіліп жатыр. Осы күнге дейін 45 қонақүйдің 200 қызметкері оқытылды. Биыл тағы 25 қонақүйдің 100 қызметкерін оқыту жоспарланған.

– Туризм нысандарын біліктілігі жоғары кадрлармен қамтамасыз етуге басымдық берілген. Қазір туризмге қатысты салалар бойынша бес жоғары оқу орнында «Туризм», «Ресторан ісі», «Қонақүй бизнесі», басқа да мамандықтарда 1972 адам оқып жатыр. Тағы 11 колледж тиісті мамандықтарға оқытады, – деді Азамат Әбдуәлиев.

IRONMAN ТРИАТЛОНЫ ТУРИСТЕРДІ КӨБЕЙТТІ

Жиынға қатысқан Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары Нұртас Кәрібаев елімізде, ресми деректерге сәйкес, туризм көрсеткіштері қатарынан екі жыл бойы өскенін атап өтті.

Елордада турис­тік нысандардың жалпы саны – 68. Ал ең танымалы «Астана Бәйтерек» монументі болып отыр. Бас қалаға келетіндердің басым көпшілігі соған барады. Мәселен, былтыр «Бәйтерекке» 300 мыңнан аса адам, «Нұр әлем» музейіне 136 мың адам, Ұлттық музейге 90 мың адам барған

– Өткен жылдың қорытындысы бойынша ішкі туристердің рекордтық көрсеткіші тіркелді. Бұл көрсеткіш пандемияға дейінгі кезеңнен жоғары. Қызмет көрсету көлемі де 30 пайызға өсті. Сондай-ақ шетелдік туристерге көрсетілетін қонақүй қызметінің көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 есе артты. Апта сайын Қазақстанға 11 мың адамнан кем емес шетелдік келеді. Туристерді орналастыру бойынша Алматы, Астана қалалары және Маңғыстау облысы көш бастап тұр. Туристер ағынын ұлғайтуда Астанада өткен IRONMAN триатлоны сияқты ірі халықаралық іс-шараларды өткізу үлкен рөл атқарады. Халықаралық жарыстарға 40 елден 2 мыңнан астам адам қатысты, – деді Нұртас Кәрібаев.

МЕДИЦИНАЛЫҚ ТУРИЗМ ПАЙДАСЫ ҚАНДАЙ?

«Astana Invest» қалалық инвестицияларды дамыту орталығы» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Жалғас Нұржігітовтің мәліметінше, Қазақстан жыл сайын 2 мыңға жуық медициналық туристі қабылдайды. Медициналық туристен қазынаға түсетін қаржы стандартты туристен әлдеқайда көп. Елімізде әлемдік аккредитация алған 8 емхана болса, соның жетеуі елордада орналасқанын атап өткен ол медициналық туризм бағыттарына тоқталды.

– Астананы медициналық туризм орталығы ретінде ТМД мен жақын шетелдерге таныстырғалы отырмыз. Бізде кардиохирургия, нейрохирургия, экстракорпоральды ұрықтандыру, онкологияны емдеу, стоматология, косметикалық хирургия мықты дамыған. Емделу бағасы да Корея мен Германияға қарағанда арзан. Білікті дәрігерлер мен заманауи қондырғылар да жеткілікті, – деді Жалғас Нұржігітов.

Қазақстанда визасыз режим әлемнің 74 мемлекетімен орнатылған. Астана әуежайынан 27 мемлекетке тікелей рейс ашылған. Осы жылдың
8 айында елордаға әуе жолымен 3,6 млн адам келді. Биылғы алты айда теміржол арқылы 2,4 млн адам Астанаға келген

ТУРИСТІК ПАКЕТ ЕНГІЗІЛЕ МЕ?

Қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов туристік қызмет елорданы дамыту үшін өте маңызды екенін атап өтіп, халықпен кездесу барысында айтылған ұсыныстарды атады. Хатшының пікірінше, елордада туризмді дамытуда маңызды тетік ретінде туристік пакет болуы мүмкін. Оған кем дегенде трансфер, тамақтану, экскурсия­лар, тұру, кәдесый өнімдерін сатып алу кіруі керек.

– Жеткілікті материалдық базасы, жақсы қызмет көрсету сапасы бар қонақүйлер жетіспейді. Бүкіл әлемде туристер Booking сайтын пайдаланады. Онда қонақүйлер, әуе билеттері, жалға берілетін автокөліктер туралы, басқа да керекті ақпараттарды табуға болады. Онда тіпті жеңілдіктер, нөмірлік қорлар, қосымша қызметтер, кәдесый өнімдерін сатып алу кезінде пайдалануға болатын, туризм нысандарына барған кезде ұсынылатын бонустар туралы да ақпарат бар. Жақын шетелдердегі мәдени іс-шаралардың кестесін тауып, ағымдағы айға жоспарланған барлық іс-шараларды көруге болады. Біздің елордамызда іс-шаралар жарнамасы дұрыс қолға алынбаған. Ол әдетте іс-шараны өткізу қарсаңында ғана белсенді жүргізіледі. LED экрандар, автобустардағы мониторлар, әлеуметтік желілер, басқалар да пайдаланылмайды, – деді Ерлан Каналимов.

ТАКСИ ҚЫЗМЕТІ ТАЛАПҚА САЙ МА?

Хатшының пікірінше, туристер келгенде бірінші көретін нысандар – әуежай мен вокзалдар. Қалааралық автобустар дәретханалармен жабдықталуы тиіс. Елорда маңындағы жолдар бойындағы сервистің жағдайы өте нашар. Қазіргі уақытта ауыр жүк көліктері қалаға кірмейді, олар айналып өтеді. Қаланың айналасындағы 10 пунктті талапқа сай жайластыру керек. Жол бойындағы дәмханалардағы бағалар өте жоғары және өнім сапасына сәйкес келмейді.

– Такси жұмысы мәселесі жедел шешуді талап етеді. ЭКСПО өткізер алдында тәртіп орнатылып, «Astana Taxi» компаниясы құрылды. Ол қазір өзінің бұрынғы қалпын жоғалтты. Жүргізушілердің киім үлгісі, жолсілтеме, терминал, туристке арналған сыйлық, қала картасы жоқтың қасы, сервисі өте орташа таксиге айналды. Туристік полиция белсенділігін азайтты. ЭКСПО аяқталғаннан кейін оның қызметі тіпті көрінбей қалды. Басқа елдерде туристің барлық үміті полицияда. Тіркеу бойынша барлық мәселелер, адасып кету, басқа да мәселелер полиция көмегімен шешіледі, – деді мәслихат хатшысы.

Елордада «Атамекен» ҰКП филиалы, «Қазақ туризм» ұлттық компаниясы, «Astana Invest» қалалық инвестицияларды дамыту орталығы», Қаржы орталығы туризм саласында жұмыс істейді. Жиында саладағы мемлекеттік реттеу ара-тұра жүзеге асырылатыны, жұмыста жүйенің жоғы, вокзалдар мен әуежайда ақпараттық дүңгіршектер өз қызметін тоқтатқаны айтылды. Халықаралық іс-шаралардың алдында ғана ағылшын тілін білетін мамандарды іздеумен байланысты қарқынды іс-шаралар басталады. Бұл жұмыс та әлі жүйеленбеген.

ЭТНОТУРИЗМ НЕГЕ ӘЛСІЗ?

Соңғы уақытта әлемде этнотуризмге ерекше назар аударылуда. Елорданың айналасында негізгі міндет – туристерді қазақтардың тұрмысымен, мәдениетімен, сәндік-қолданбалы өнерімен, ат спортымен таныстыру. Сондай-ақ Қазақстан аумағында тұратын көптеген ұлттар мен ұлыстардың мәдениетін көрсететін этноауылдарды құру үшін пайдалануға болатын бос аумақ көп.

Мәслихат депутаты Алтыншаш Табулдина медициналық туризмнің дамуына қатысты пікір білдірді. Оның пікірінше, ғылыми орталықтардың, қазақстандық нейрохирургтардың, кардиохирургтардың жетістіктері туралы барлығы біледі. Бірақ Инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының ақпаратында медициналық туризм шеңберінде Астанаға қандай елдерден туристер келе алатыны, біздің азаматтарымыз қайда, қандай елдерге бара алатыны жөнінде ұсыныстар, медициналық туризмнің дамымау себептері туралы айтылған жоқ.

ҚОРҒАЛЖЫН ҚОРЫҒЫН ДАМЫТУ ҚАЖЕТ

– Басқарманың негізгі міндеті – медициналық туризмді дамытуға кедергі келтіретін барлық мәселелерді шешу, барлық мүдделі ұйымдардың іс-әрекеттерін үйлестіру. Көрші елдер – Өзбекстан, Қырғызстан медициналық туризмге қызығушылық танытуда. Елордада амбулаториялық зерттеу деңгейі де өте жоғары. Елордаға жақын жерде ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне кіретін Қорғалжын қорығы орналасқан. Оны дамыту қажет, – деді Алтыншаш Табулдина.

БАЛАЛАР ТЕГІН ҰША МА?

Депутат Динара Оразалина бұл тарапта әріптесін қолдады. Оның пікірінше, медициналық туризмге аккредиттелген емханалар ғана емес, жақсы қалалық емханалар да қатыса алады. Олардың бағасы да қолайлы.

– Бүкіл елге ел ішіндегі ұшақтарда балалардың тегін жүретіні хабарланды. Бірақ бұл ата-аналарға үш есе қымбатқа түседі. Бағдарлама жұмыс істемейді. Сондықтан басқарма авиакомпаниялармен барлық мәселелерді шешуі керек. Бұл мәселені шешу ішкі туристер ағынының артуына ықпал етеді. Мектеп жасындағы балалар мектеп демалысы кезінде өңірлерден елордаға қуана келер еді, – деді Динара Оразалина.

«АТАМЕКЕН» КЕШЕНІ ЖАҢҒЫРТЫЛА МА?

«Қалалық туризмді дамыту орталығы» ЗТБ директоры Татьяна Верницкая сөз сөйлеп, өзі дайындаған ұсыныстардың жартысы мәслихат депутаттары тарапынан айтылғанын атап өтті. Ол Астанада туризмді дамыту мүмкіндіктері, туристік ағын, туристердің болу ұзақтығы, халықаралық әуежайдың әлеуеті, Астананың көрікті жерлерінің танымалдылық рейтингі туралы мәліметтермен бөлісті. Туристік-ақпараттық орталық құруды ұсынып, туризмнің сапалы дамуы жағдайында Астана үшін артықшылықтар туралы хабардар етті.

Астана қаласы Бірлескен мұражайлар дирекциясының директоры Салтанат Сейдімбек «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешенін жаңғырту жобасымен таныстыр­ды. Оның айтуынша, 22 жыл бұрын ашылған кешен өзінің тартымдылығын жоғалтты. Сондықтан оны демалатын орынға айналдыру жоспарланған. Біріншіден, үш қабатты павильон салынбақ. Айналасында амфитеатр, жасанды өзен болмақ. Онда қыста коньки тебуге болады. Экзотикалық ағаштар отырғызылады, спорттық алаң, коворкинг-орталық, кітапхана, кітап дүкені, қонақүй, мейрамхана салынады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button