Басты ақпаратСараптама

Елорда цифр дүрмегіне ілесті ме?

БІЗ 4G-ДІ ТОЛЫҚ ЕНДІРЕ АЛМАЙ ОТЫРҒАНДА ӘЛЕМ 5G-ГЕ ҚОЛ СОЗДЫ

Адамзат жаңа экономикалық парадигманың алдында тұрғаны, яғни төртінші өнеркәсіптік революция адамзаттың тұрмыс-салтын жаңа деңгейге көтеретіні туралы ақпаратты жиі естіп жүрміз. Ал төртінші буынның негізгі құралы – роботтанған, цифрланған әлем. Толығымен цифрланған әлемге бұтбұрыс жасау үшін не қажет? Әрине, жоғары жылдамдықты интернет. Бүгінгі 4G мұндай мүмкіндікті бере ала ма? Жоқ. Енді не істемек керек? Ол үшін адамзат 5G, 6G, тіпті 7G-дің игілігін көруі тиіс.

АСТАНАДА БӘРІ КЕРЕМЕТ ПЕ?

Шын мәнінде елдің орталығы – Астанада барлығы жақсы! Біз солай дейміз! Бізге ақпаратты ұсынатын мекемелердің ақпараты осыны дәйектейді.

Интернет ресурсының сапасы мен сыны туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин былай дейді:

«5G ұялы байланыс стандартын енгізу бойынша операторлармен бірігіп, Астана, Алматы, Шымкент қаласында 11 сынақ жүргізілді. Керек желілік диапазонды босаттық. Енді операторлар тарату механизмі бойынша жұмыс істейді. 2022 жылы үш мегаполисте 5G желісі іске қосылса, 2025 жылы облыс орталықтарында қосу жоспарланды».

Бас шаһарда «Цифрлы Қазақ­стан» бағдарламасы қалай жүргізілді? Бұл сұраққа Астана қаласының цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасы басшысының орынбасары Аманжол Естеков жауап берді.

– Бүгінде цифрландыру мәселесі өмірдің барлық саласында қолданылады. Бұған дейін қалалық деңгейде цифрландыруға қатысты мәселелер «Цифрлық Қазақстан» және «Смарт Астана» тұжырымдамасы негізінде жү­зеге асырылды. Енді «ақылды қала» құрылысының эталондық стандартына сәйкес жұмыс істейді. Қаланың урбанизациясының қарқынын және жақын болашақтағы міндетін ескере отырып, 2022-2024 жылға арналған «Тұрақты және цифрлық елорда» тұжырымдамасы әзірленуде, – дейді жауапты басшы.

Әлемнің озық елдері сервистік қызмет ететін барлық сала цифр­ландырылып, адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға мән беруде. Егер бұл көштен қалсақ, дамудың жолынан жаңыламыз.

Басқарма ұсынған ақпаратта Астана қаласын электронды басқару: көлік және жол қозғалысының бағыты, білім беру, денсаулық сақтау, жер қатынастарын және т.б. салаларды цифрландыру қарқынды жүруде. Мәселен, көлікті цифрландыру бағытында электронды төлем 100 пайызға жетті. Қоғамдық көлікте қолма-қол ақшасыз төлемдер көлеңкелі айналымнан қаражатты 40 пайызға қысқартты.

«Ақылды» қаланы басқаратын «iKOMEK-109» орталығына 13703 бейнебақылау камерасы орнатылса, жыл аяғына дейін елордадағы балабақша, мектеп және емханаларда 21781 камераны біріктіру жоспарланып отыр

Елорданың көше-жол желісін басқару жүйесін оңтайландыру және кеңейту үшін интеллектуалды көлік жүйесі енгізілді. Осының арқасында тасымалдау жылдамдығы 18 пайызға, өткізу қабілеті 40 пайызға артып, орташа жол жүру уақыты 20 пайызға қысқарды. Диспетчерлік жүйеге 1000-нан аса автобус қосылып, маршруттың қозғалысы, жолау­шылар ағынының динамикасы және т.б. талданады.

Сергек ҚХА, Iqala, «Астана-­Innovations» АҚ, «Астана-Теплотранзит» АҚ, «Астана-Энергия» АҚ, «Астана су арнасы» ЖШС, «CTS», АҚ» Астана-РЭК» т.б. жоғары жылдамдықты интернет арқылы жұмысын жүйелеуде.

– «Ақылды» қаланы басқаратын «iKOMEK-109» орталығына 13703 бейнебақылау камерасы орнатылса, жыл аяғына дейін елордадағы балабақша, мектеп және емханаларда 21781 камераны біріктіру жоспарланып отыр. Камералар сауда орталықтары, мешіттер, үлкен аялдамалар, вокзал сияқты адамдар көп жиналатын жерді қамтиды, – дейді Аманжол Маликұлы.

Қоғамда Астанадағы интернеттің сапасына көңілі толмайтындар тым көп. Емханаға барған науқастар интернеттің жылдамдығына байланысты тиісті құжатын ала алмай жүр. Білім беру жүйесінде оқушының үлгерімін бақылайтын электронды күнделік іске қосылғалы қашан? Алайда интернеттің сапасына байланысты kundelik.kz кіру қиынның қиыны.

Астаналықтарды толғандыр­ған сұраққа министр Бағдат Мусин интернетті дұрыс жеткізбей отыр­ған операторларға қыркүйек айынан бастап 4 миллион теңге айыппұл салатынын мәлімдеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше АҚШ-тағы қазақстандық жастармен кездесіп, IT саласын дамытуды талқылап, білімді өрендерді елге келуге шақыруының астарында үлкен мән бар. Мемлекет басшысы жоғары жылдамдықты интернетті дамытуда шетелде қызмет ететін өзіміздің IT мамандарға иек артып отырғандай.

Жә, ел орталығында жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізе алмай жүргенде әлемнің озық елдері тың бетбұрыс жасаудың құралы жоғары жылдамдықты интернет – 5G-ді өндіріске енгізіп үлгерді.

5G ӘЛЕМДІ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРТЕДІ?

Қазір аса жоғары жылдамдықты интернетсіз өркениет көшіне ілесу мүмкін емес. Бұл – ақиқат.

2019 жылы Германияның Мюнхен қаласында өткен халық­аралық конференцияға АҚШ-тың вице-президенті Майк Пенс қатысып, Қытайдың Huawei телекоммуникация компания­сы кибертыңшылық қызмет атқаратынын мәлімдеп, еуропалық әріптестеріне сақ болуға шақырды. АҚШ билігі Huawei ұсынатын әлеуметтік пакеттерден бас тартуды талап етіп қана қоймай, халықаралық санкция салғаны белгілі.

Америкалық саясаткердің секемденуі – заңдылық. Бүгінде Вашингтон долларды әлемдік валюта ретінде қолданып, жаһандық қаржы секторын уысында ұстап отырса, ендігі уақытта 5G кімде болса, сол әлемнің қожайынына айналады. Келешектегі соғыстар әуе күштері арқылы бомбалау немесе ядролық соққылар арқылы шешілмейді, интернетті өшірумен жүзеге асады. Философ Гай Олмес: «Біздің әлемде өлімнің үш түрі бар: біріншісі – жүректің тоқтауы, екіншісі – мидың өлуі, үшіншісі – интернеттің өшуі» деп интернеттің күш-қуатын әйгілейді.

Аса жоғары жылдамдықты интернет – ақпараттық-коммуникациялық технология, IT саласының дамуына және мемлекетті цифрландыруға үлес қосады. Мәселен, білім беру – қашықтықтан оқыту, соның ішінде VR-көрсетілімді қолдануға кең мүмкіндік береді. Телемедицина – тікелей уақыт режимінде қашықтан тұрып ота жасауға және өнеркәсіп – робот көмегімен қысқа уақытта өндіріс көлемін еселеп арттырады. Ауылшаруашылығы – қашықтықтан техниканы басқару және егіс алқабына мониторинг жүргізу жанданады. Жүргізушісіз автомобильдер кептелісте тұрып уақыт жоғалтпайды.

Қысқасы, ақылды қалалардағы мыңдаған аса маңызды инфрақұрылымдық жүйені қамтамасыз етіп, ғарышты бағындыру және зерттеу, ғылым мен инновация, білім мен медицина саласының дамыту 5G-сіз жүзеге асыру мүмкін емес. Яғни жеке адамның өмірі ғана емес, тұтас мемлекеттің тағдыры жоғары жылдамдықты интернетке байланады. Өйткені сымсыз технология – 5G-дің мүмкіндігі 4G-мен салыстырғанда 100 есе, тіпті 1000 есеге дейін жоғары болады. Мамандар секундына 10 гб-ға дейін ақпарат алмасуға болатынын айтады.

Қазіргі әлемдегі соғыстар технологиялық соғыстың басы екенін білдіреді. Қытайда басталған коронавирустық инфекцияның таралуы империялық елдердің жоғары технологияға ие болудың талас-тартысының бір айласы дегенді қолдайтындар да көп.

2015 жылдан бастап әлемнің озық елдері заманауи байланыс құралын жетілдіруде ізденіп, жүзеге асыруға кірісіп кеткен-ді. 2018 жылы интернет қолданушылары асыға күткен 5G технологиясын Қытай сынақтан өткізіп, 2019 жылы жаппай қолданысқа енгізді. 2019 жылы Оңтүстік Корея да жоғары технологияны іске қосты. Бүгінде АҚШ, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея бұл салада көшбасшылық үшін күресуде.

ШЕТЕЛДІҢ ТӘЖІРИБЕСІ ҚАНДАЙ?

Сөз жоқ, Қытай 5G базалық станциясының құрылысы бойынша әлемде көш бастап тұр. Бүгінде 1,43 миллион 5G базалық станциясы құрылып, 500 миллионнан астам қытайлық жоғары жылдамдықты интернетті үздіксіз пайдаланады. Яғни Пекин, Шанхай, Гуанчжоу, Ханчжоу қаласы мен маңындағы елді мекендер 5G қосылды.

2022 жылдың аяғына дейін базалық станциясының санын 2 миллионнан асырып, елдің өзге аймағына жоғары жылдамдықты интернетті жеткізуге жұмыс істеуде. Бір ғана Шэньчжэнь қаласында 45 мыңнан астам 5G станция салып, оның үздіксіз жұмысын робот басқаратын деңгейге жеткізді. Шэньчжэньда әлемдегі алғашқы интеллектуалды порт – Mawan SmartPort іске қосылды. Бұл технологиялық прогресс – 5G желісіне қажетті нысандарды салу және пайдалану құнын едеуір төмендетті.

Енді Қытай билігі келесі стандарт – 6G-ді әзірлеп, енгізудің жолын іздестіруде. Бұл туралы ХІІІ Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысында Қытайдың Өнеркәсіп және ақпараттандыру министрі Сяо Яцин хабарлады.

Ресми Пекин әлемдік империяға айналуда технологиялық прогресті дамыту арқылы қол жеткізуді көздейтінін жасырмайды.

Қытай елшіліктері дамушы елдерге 5G-дің мүмкіндігін жан-жақты насихаттап, несие арқылы жоғары технологияның кілтін беруге даяр. Бұл қатарда Чехия қытайлық 4G технологиясын тұтынып отырғанын айту керек.

2019 жылы Оңтүстік Корея­ның үздік үш ұялы байланыс операторы – SK Telecom, KT және LG Uplus бесінші буын желісін іске қосты. Осылайша 5G-ге қол жеткізген санаулы елдің қатарына қосылды. Қазір Оңтүстік Кореяда 24 миллион абонентке қызмет көрсететін 200 мыңнан астам 5G базалық станциясы орнатып, халқының жартысына жуығын 5G қызметін қамтамасыз етті. Сеул билігі байланыс емес операторларға 4,7 ГГц және 28 ГГц жиілік диапазондарын пайдаланып жеке 5G желісін орнатуға рұқсат береді.

5G-ГЕ ҚАЖЕТТІЛІК НЕДЕ?

Жоғары жылдамдықты интернет адамның өмір сүру сапасын жақсартатын барлық салаға аса қажет екенін және озық елдер өндіріске енгізіп жатқанын жаздық. Бірақ мобильді телекоммуникацияның қызметі мен міндетін мұнымен ашылды дей алмаймыз.

Иә, толық метражды фильмді 10 минутта емес, 10 секундта жүктеп алуға мүмкіндік алдық. Ақылды қалаларды іске қостық. Пилотсыз көліктер өмір шыңдығына айналды. Ауылшаруашылық IoT құрылғылары фермерлерге ылғалды, топырақ жағдайын және өсімдіктердің тіршілігін дәлірек өлшеуге, ауа райы жағдайын дәлірек болжауға мүмкіндік береді, сондай-ақ мал шаруашылығында датчиктер малдың жетілуін қадағалап, саулығын бақылайтын болады. 5G фермерлерге жұмысын жеңілдетіп, өнімділікті арттырады.

Болды ма? 5G-дің мүмкіндігі осы ғана ма? Көпшілікті осы сұрақ мазалайтыны анық.

Шынында, жоғары жылдамдықты интернеттің негізгі міндетін мұнымен шектей алмаймыз.

Ғалымдар 5G ақылды немесе ұшқышсыз көліктерді дамытып қана қоймай, смарт жолдармен, бағдаршамдармен, автотұрақтармен қоса өмірге енгізетінін, тіпті бір пункттен екіншісіне бару үшін сағаттап уақыт жоғалтпай, әп-сәтте жетудің мүмкіндігін ашатынын айтуда. Виртуалды өмірде бәрі мүмкін, алайда шынайы өмірде бұл – адамның ақылына сыйымсыз дүние. Кім білсін, бірнеше минутта Астанадан Лондонға жетіп, әрі қарай Нью-Йоркке асып, әлемді аралып жүретін кез келер. Бұған 5G-дің мүмкіндігі жетпей, бәлкім, 7G-дің игілігін жақын арада көретін болармыз. Әлемнің дамыған, ойлы елдері осындай ауқымды жобаны жүзеге асыруға кірісіп те кетті.

5G мүмкіндігі мен міндетін медицина саласымен байланыс­тырып, талдауға әбден болады. Сеулдегі Samsung ауруханасы инновациялық технология – 5G іске қосты. Оның көмегімен дәрігер биопсиялық суретті секундына 1 гигабайт орташа жылдамдықпен оңай және жылдам ала алады. Бұл аурухананың әртүрлі ғимаратындағы дәрігерлер тест нәтижесін жылдам қарап, тез диагноз қоюға мүмкіндік береді. Бұған дейін дәрігерлер сынақ нәтижесін алу үшін ғимараттар арасында жүріп, көп уақыт жоғалтып, кей жағдайда науқастың жағдайы нашарлап қалатын.

Қытайдың Сычуань провинциясындағы университеттік аурухана 5G медициналық желісін іске қосып, «ақылды ауруханаға» айналғанын хабарлады. Медицина саласында төңкеріс жасау мүмкіндігіне ие 5G арқылы смарт-есептеу, смарт-анализге қол жеткізіп, ағзалардың гендік трансформациясын жетілдіруге септігі тиеді.

АҚШ-тағы заманауи жүйенің AI директоры Раб мырзаның сөзінше, 5G арқылы хирург-оператор науқастан ондаған шақырым қашықтықта болуы мүмкін және хирургиялық роботтарды, виртуалды шындықты және тактильді қолғаптарды қолдану арқылы ең күрделі операцияларды сәтті орындап, тіпті адамның азға-мүшелерін алмастыруға қол жеткізе алады. Адамзаттың «ажалсыз адам» арманын осылай жүзеге асырмақ.

Міне, озық елдердің 5G енгізуге жанталасып жатқанының бір сыры – осында. Сондықтан ағылшын жазушысы Эндрю Браун «Интернет – өте ауқымды, зор күш ие құрал. Тіпті кейбір адамдар үшін өмірді алмастыратын сервиске айналды» деген болар.

P.S: АҚШ-тың заманауи интернет технологиясы мен құрал-жабдықтарын өндіріп-сатумен айналысатын трансұлттық CISCO Systems корпорация­сының жетекшісі Джон Чемберс: – Өмірді теңестіруші екі күш бар, бірі – білім, екіншісі – интернет. Ли Куан Ю осы екеуінде жете меңгеріп, олардың қуат-күшін іс жүзінде шегіне жеткізе орындай білді. Сондықтан Сингапур интернет экономикасы табысты дамыған әлемнің көшбасшы еліне айналды, – дейді. Әлемнің ірі интернет магнатының сөзінің астарынан, Сингапурдың сергек дамуының бір сыры – интернетті өз деңгейінде пайдалануында жатқанын аңғарады. Бізге де өркениет көшінен өз орнымызды алу үшін интернет саласын дамыту маңызды. Онсыз бәсекеге қабілетті болу мүмкін емес.

 

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button