Басты ақпаратЕлорда тынысы

Ерте жүгірген елорда

Елдің төрі – елорда жылдан жылға бұқаралық спорттың да ордасына айналып келеді. Астанада өтетін марафон, триатлон, шаңғы және вело жарыстарына тек елімізден ғана емес, шетел спортшылары да қызығып қатысатын болды. Сондай іс-шараның бірі, жексенбі күні өткен Astana half-2023 марафонына еліміздің 16 өңірінен, сондай-ақ АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, Польша және Украина елдерінен 2000 әуесқой жүгіруші қатысты.

Astana half-2023 жартылай марафонына Ұлыбритания, АҚШ, Польша, Ресей, Украина және еліміздің өңір-өңірінен 16 жастан 75 жасқа дейінгі 2000-ға жуық қатысушы қатысты. Желаяқтар 21,1 және 5 шақырым қашықтыққа жүгірді.

Өткен жексенбі күні таңертең 7-ден басталған іс-шараның ашылу салтанатына Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмурзаев қатысып, марафоншыларға сәттілік тіледі. Иә, бұл күні ерте тұрған елордалықтар таңертеңнен қала көшелерінде жүгірген әуесқой спортшыларға қолдау білдіріп, олардың ерік-­жігеріне қол соқты.

Astana Half және Astana Marathon – қайырымдылық акция­ларының тұрақты қатысушысы. Бірнеше жылдан бері қаражаттың бір бөлігі Қазақстандағы бала мен сәби өлімі және мүгедектігін азайтуға бағытталған Ayala қайырымдылық қорының жобаларына бағытталуда. Биыл қор арқылы Қазақстанның балалар ауруханаларын өмірлік маңызды жабдықпен жарақтандыру жөніндегі «Өмірден ләззат алайық» жобасын қолдауда.

21,1 шақырым қашықтықта ерлер арасында 1 сағат 9 минут 51 секундта мәреге жеткен Әлімжан Балтабек үздік болса, әйелдер арасында 1 сағат 11 минут 57 секундта бағындырған Гүлжанат Жанатбек дараланды. Ал 5 шақырымда ерлер арасында Алексей Гусаров (00:15:04), әйелдер арасында Ева Пинчук (00:17:45) бағы үстем болды.

Марафонда жас санаты бо­йынша да мықтылар анықталды. 18-39 жас аралығында жүгірген ерлер арасында алматылық Сұлтан Айғараев, әйелдер арасында петропавлдық Айгүл Аржаникова бірінші орын алды.

40-44 жас санатында Александр Беспалов пен Лена Склярова, 45-49 жастағы марафоншылар арасында Александр Мишанов, теміртаулық Инна Вишнякова ерлер және әйелдер арасында жүйрік екенін көрсетті. 50-54 жас аралығында Василий Пивнев, 55-59 жас аралығында Қанат Сүгірбаев пен Маргарет Фриц, 60-64 жас санатында Ғалиолла Ысқақов, 65-69 жас санатында Қайыржан Молдыбаев, 75-79 жас аралығында Амельгульсин Мұсылманова мәреге бірінші жетті.

Айта кететіні, 60-64 жастағы марафоншылар арасында Нидерландыдан келген Андре Карстенс жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button