Мәдениет

Ескерткіш-тақта ашылды

 Кеше елордада көрнекті әдебиеттанушы, сыншы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Қирабаев 2009-2021 жылдары тұрған Ш.Қалдаяқов, 2 мекенжайындағы үйде ғалымның ескерткіш-тақтасы ашылды.

Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, Парламент депутаттары, академиктің отбасы мен шәкірттері қатысып, асыл бейнесі мен елге сіңірген еңбегін еске алды. Жиынды шәкірттерінің бірі, белгілі ғалым, академик «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы ашып, жүргізді.

Академиктер Зейнолла Қабдолов, Зәки Ахметов, Серік Қирабаев ХХ ғасырдың әдебиетін, ғылымын, руханиятын қол жетпес биікке көтергенін атап өткен Парламент Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов соның ішінде Серік Смайылұлы қырық жасына жетпей, докторлықты қорғап, тұстастарына жол ашқанын айтты.

– Жаны жомарт, жүрегі кең, кісілігі өте биік Сераға дүниеден өткенше осы мінезінен айныған жоқ. 100-ге жуық ғылым кандидатын, 20-дан астам ғылым докторын дайындап, артында тұтас ғылыми мектебі қалды. Бүгін – белгілі екі мектеп бар. Бірі – ҚазПИ-де Қирабаев мектебі, екіншісі – КазГУ-дегі Қабдолов мектебі, – деді Б.Жұмағұлов.

Ғылым және жоғары ғылым министрінің орынбасары Талғат Ешенқұлов министр Саясат Нұрбектің хатын оқып берді. Мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметов бір отбасында қос академиктің өте сирек кездесетінін айтып, өткеннен тағылым алу мәселесін қозғады.

Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов Серік Қирабаев жазған «Қазақ совет әдебиеті» оқулығының алғашқы басылымы жарық көргеніне биыл 70 жыл толып отырғанын атап өтті.

– Серағаң 25 жасында оқулық авторы атанған. Сол оқулықтың ондаған басылымдарымен миллиондаған қазақ баласы оқып шықты. Осы жылдары ішінде қазақ жастары Қирабаевтың оқулығы арқылы әдебиетке ынтықты, сөз өнерінің қадір-қасиетін біле түсті. Осы арқылы әдебиетке толқын-толқын болып келді. Бұл Серік Қирабаевтың шын мәніндегі ұлт алдындағы ұлы еңбегі, – деген С.Абдрахманов академиктің әдеби сындағы еңбегіне де тоқталды.

Серік Қирабаевтың шәкірті, мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Бейбіт Мамраев ұстазы мектеп оқушысы кезінен сабақ беріп, ерте есейгенін айтып, академиктің өнегелі өмір жолы, еңбектері туралы әңгімеледі. Іс-шараны Серік Смайылұлының жары, академик Әлия Бейсенова түйіндеп, ескерткіш-тақтаны орнатуға қолдау көрсеткен және жиналған қауымға алғыс айтты.

Серік Қирабаев басқарған М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты ғалымның «Өмір белестері» атты кітабын шығарды. Осы еңбектің де тұсауы кесілді. Академикті еске алу шаралары 30 қыркүйек күні Алматы қаласында жалғасады.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button