Басты ақпарат

«Еститін үкімет» халықты қаншалықты естиді?

Адамзат тарихында өзіндік орны бар ойшылдар Платон, Аристотель және Конфуцийдің пәлсапалық ой-тұжырымдарында кемел мемлекет құруға байланысты ұстанымы көптеген саяси құрылым түрін құруға негіз болды. Бүгінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдасын осындай тарихи еңбектерде айтылған өміршең ойлардың сабақтастығы сараланып, жүзеге асыру жолдары сөз болуда.

 Қазақстан Республикасы Конституциясының 3-бап, 1-тармағында «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деп жазылған. Мемлекеттік құрылымдардың қызметі халықтың игілігіне, азаматтардың сұранысы мен талап-тілектеріне бағытталуы тиіс. Мемлекеттік органдар халықтың әл-ауқатын арттырып, жайлы өмір салтын қалыптастыру үшін жұмыс істеуі тиіс. Заңда солай көрсетілген. Ал шынайы өмірде бұл құндылықтар қаншалықты орындалады?

Мәселенің мәні – осында. Ел белсенділері халық пен биліктің аражігі ажырап кеткені жайлы әлеуметтік желіде көтеріп жүр.

Елдегі қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді терең сараптап отыратын Президент «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруды тапсырған-ды.

Яғни билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастырудың жолын ұсынды. «Естуші мемлекет» қағидасын жүзеге асыруда халықтың мүддесі бірінші орынға шығып, қарапайым адамның сұранысын қанағаттандырылуы тиіс.

Тұрғын үй және тұрғын үй инс­пекциясы басқармасы 26 қабылдау өткізіп, оған 340 адам жүгініпті. Сондай-ақ Сәулет, қала құрылысы және жер қатынас­тары басқармасы өткізген 22 қабылдауға 153 адам, білім басқармасының 25 қабылдауына 187 адам келді

Естуші мемлекет – азаматтардың өтініш-тілегін жинап, қарас­тыру ғана емес, сол өтініштердегі мәселелерді шешу үшін азаматтардың өзін іске тарту және болашақта сол олқылықтың болмауы үшін шаралар қолдану. Бұл – мегаполистерден бастап шалғайдағы ауылдарға тән құбылысқа айналуы керек-ақ.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев министрлер мен әкімдерге кабинеттен шығып, шалғайдағы ауыл тұрғындарымен ұдайы кездесу өткізуге пәрмен берді. Әрине, бұған дейін әкімдер жылына бір рет есеп беретін болса, енді ай сайын атқарған жұмысы туралы баяндап тұруы тиіс. Бұл – дұрыс қадам! Себебі көбіне айтылған мәселе айтылған жерде қалып, жыл аяғында халықтың көтерген талап-тілегі жылы жабыла салатын еді. Енді басшылар тұрғынның ұсынысы қай деңгейде орындалып жатқаны немесе қалай, қашан шешілетіні туралы хабарлап отырады.

Халықпен тығыз қарым-қатынас орнатудың түрлі тетігі болса, соның бірі – қоғамдық қабылдаулар. Біз осы бағыттағы шараларды саралау үшін алдымен Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің баспасөз хатшысымен хабарластық.

– Елдің бас шаһарының басшысы Алтай Көлгінов әр аптаның жұма күндері қала тұрғындарын қабылдайды. Жалпы өткен жылы 1500 адамды қабылдап, көтерген мәселесін зерделеп, шешуге мән берді. Жыл басынан бері 900-ден астам елордалық қоғамдық қабылдауға келіп, әкімге өз өтінішін білдірді. Сұрақтың дені баспана, медициналық көмек, жұмыспен қамту, тұрғын алаптарын дамыту, мектеппен қамту және т.б. мәселеге қатысты, – деді Ақмарал Олжабаева.

Әрине, басшыға барып, тұрғындар тікелей мәселесін шешіп жатқаны дұрыс. Алайда кабинет жағаламай-ақ құжаттамалық жұмыстарды бітіруге болады. Мәселен, халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, тіпті үйден шықпай, электронды үкімет арқылы құжат рәсімдеу, коммуналдық қызмет түрлерінің ақысын, салық, айыппұл, сақтандыру және өзге де қызмет түрлерін төлеуге кез келген қазақстандықтың мүмкіндігі бар. Азаматтарға ыңғайлы болуда egov арнайы мобильдік қосымшасы әзірленді. Мобильдік қосымша арқылы мемлекеттік қызметтің 77 түрін алуға болады. Ал Telegram мессенджеріндегі @EgovKzBot арқылы 25 түрлі қызмет пен сервис қолжетімді. Тағы 31 қызметті бір реттік құпия сөз жүйесі арқылы ұсынылады. Ал Нұр-Сұлтан қаласында «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейтін «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығында 70-тен астам мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі.

Орталық ашылғалы 142364 сұрақ бойынша 134813 адам қабылдады. 2022 жылдың басынан бері Орталыққа 28680 адам жүгінді, 30672 мәселе қаралды, оның 14313-і шешілді.

Орталықтың жиынтық талдау және құжат айналымы бөлімінің маманы Бауыржан Қоңырқұлжинов­тың сөзінше, «Естуші мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру, әлеуметтік шиеленісті жеңілдету және қала тұрғындарының жергілікті атқарушы органдар ұсынатын мемлекеттік аппарат жұмысының тиімділігіне қанағаттанбау деңгейін төмендету мақсатында жалпы бекітілген кестеге сәйкес, санитарлық нормаларды сақтау, мемлекеттік мекемелердің бірінші басшыларының, басшылардың орынбасарларының, мәслихат депутаттарының азаматтарды қабылдауы апта сайын ұйымдас­тырады. Мәселен, Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы жыл басынан 26 қабылдау өткізіп, оған 340 адам жүгініпті. Сондай-ақ Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы өткізген 22 қабылдау­ға 153 адам, білім басқармасының 25 қабылдауына 187 адам келді. Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, сондай-ақ Сарыарқа, Байқоңыр, Алматы, Есіл ауданының әкімдері тұрғындардың талап-өтінішін қанағаттандырды. Мемлекеттік мекеме басшыларынан бөлек, халық қалаулылары да белсенділік танытып, ел-жұрттың тілек-талабын біліп, шешілуге маңыз беріп жүр. Бұл қатарға Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты Салтанат Женалаева, Нұрдәулет Оразханов, Назгүл Мақжанова және т.б. көптің тілегіне құлақ асып, сұранысын шешуге дем берді.

Одан бөлек, «Жанұя» орталығының базасында 14 қызмет көрсететін «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардың қызметі ұйымдастырылады. Олар: «Отбасы Банк» АҚ тұрғын үй жағдайын жақсарту бойынша кеңес және депозитті рәсімдеу, ипотекалық кредитті рәсімдеу т.б. туралы толық ақпарат алуға болады. Сондай кеңес беру, түсіндіру жұмысы денсаулық сақтау басқармасы, білім басқармасы, халықты жұмыспен қамту орталығымен жүйелі жүргізіледі.

Мұның бәрі – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай атқарылып жатқан жұмыстар. Екінші жағы, бұл – биліктің тұтқасын ұстаған азаматтардың күнделікті атқаруы тиіс міндеті де…

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» әртүрлі механизмдер арқылы құрылса, оның тиімді тетігі цифрланған жүйеде. Озық елдердің тәжірибесіне сүйенетін болсақ, халықпен етене жақын жұмыс істеудің бір тәсілі – қызмет көрсету саласын цифрландыру. Цифрланған әлемде АҚШ, Жапония, Англия, Германия, Дания сынды елдің тұрғындары интернет арқылы мемлекеттік қызмет түрлерін оңай алып, өзінің талап-тілегін атқарушы билікке жеткізе алады.

ХХІ ғасырдың табалдырығына Жапония электронды үкіметті дамудың құрамдас бөлігі ретінде өтті. Олар «317 қадам» бағдарламасы аясында 2055 жылы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында әлемдік лидерге айналу көздеп, білім берудегі ақпараттық технология­ларды пайдалану, электрондық коммерцияны дамыту, әлеуметтік қызметтерді басқару және басқаруда ақпараттық технологияларды пайдалану, ақпараттық желілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отыр.

Біздің елде Президент әкімшілігінен бастап, министрлік, әкімдік пен басқармалардың сайт-порталдары жұмыс істейді. Онда басшының блогы және мекеменің көрсететін қызмет түрлері, байланыс нөмірін табуға болады.

Мобильді байланыс дамыған заманда мекеме басшыларының жұмыс телефоны көрсетіледі. Алайда тұрғындар арасында мекеме қызметкерлері телефон нөмірін көтермейді дегенді жиі естиміз. Өзіміз де жұмыс телефоны арқылы мекеме басшыларына хабарласа алмай жатамыз.

Әлеуметтік желінің белсендісі Индира Дүйсенова: «Кез келген мекеменің корпоративті нөмірлері көпшілікке қолжетімді болуы тиіс. Барлық үйде стационарлық телефон табыла қоймайды, есесіне қазақстандықтардың барлығы дерлік смартфон қолданады. Сондықтан ұялы байланыстары жариялануы керек» дейді.

Шынында, ашықтық пен жариялықты қалыптастырудың бір тетігі – басшылармен байланысудың қолжетімді болуында.

Халықпен қарым-қатынасты жақсартатын, көпшілікті толғандырып жүрген мәселелерді пікір талқысына салатын маңызды диа­лог алаңдарының бірі – Ұлттық құрылтай.

Жаңа Қазақстанның міндеті – ашық азаматтық қоғам құру, әділетті мемлекет орнату, демократиялық үдерістерді дамыту болса, мұндай халықшыл бастамаларды жетелдетуде құрылтай маңызды саналады. Құрылтайды халықтық құрылым десек, онда халықтың даусы естілетін сервисті жетілдіру керек. Осы мақсатта «Құрылтай» мобильді қосымшасы іске қосылады. Бұл арқылы халық мұң-мұқтажын жеткізіп, елдік істерге араласып, азаматтық қоғамның дамуына үлес қоса алады.

Қысқасы, ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби «Қайырымды қала» идеал қоғам құрудың бір жолы – азаматтардың мүддесін қорғайтын әділетті мемлекет орнатып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру керек.

Мұның жолдарын қысқаша шолып, ой қорытып көрдік. Әрине, әлі де жетілдіретін тұс көп. Ол – халықпен етене жақын араласу.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button