Қоғам

Есірткіге тәуелділік түбі – құрдым

Өмірдің түрлі кедергілері мен қиындықтарына қарсы тұра алмай, жан тыныштығын есірткіден іздейтіндер көп. Сыныққа сылтау табылатын қоғамда жандары жаралылардың дертіне дауа нашақорлық деу дендеп барады. Жаһанды жайлаған есірткінің бір грамын қолдану қылмыстық жауапкершілікке тартуға жеткілікті. Дегенмен, қатаң жаза нашақорлар санын азайтпай отыр.

БҰҰ соңғы мәліметтері бойынша, 2020 жылы әлемде 15-64 жас аралығындағы 284 миллионға жуық адам есірткі қолданған, бұл алдыңғы онжылдыққа қарағанда 26 пайызға көп. Ресми дерекке сенсек, оның ішінде жастар есірткіні көбірек пайдаланады. Ал елімізде 18 мың адам нашақорлық бойынша тіркеуде тұр.

Елордадағы ахуал қандай?

Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, елордада жыл басынан бері 484 есірткі қылмысы тіркелді. Оның ішінде: ҚР Қылмыстық кодексінің 262-бабы бойынша – 2, 296-баптың 4-тармағы бойынша – 24, 297-бабы бойынша – 107, 299-бабы бойынша – 5, 299-1 бабы бойынша – 10, 296-баптың 2,3-тармағы бойынша – 336 заңбұзушылық дерегі анықталды. 2021 жылы небәрі алты айдың ішінде есірткі қылмысының саны 483-ке жеткен. Былтырғымен салыстырсақ, қалада есірткі мәселесі діттеген жеріне жетпей, азаймай отыр.

Сонымен қатар, биыл заңсыз айналымнан 246 кг 881 гр түрлі психотроптық заттар анықталды. Оның ішінде:  марихуана – 96 кг 979,42 гр., гашиш – 115 кг 886,36 гр., героин – 12,864 гр., синтетика, метилендиоксиметамфетамин (МДМА, экстази) – 34 кг 023 гр. Былтырдан бастап, синтетикалық есірткінің түр-түрін, әсіресе «спайс», «мефедрон» және «пировалерон» (жылдамдық) және басқаларының бір грамы ғана қылмыстық жауапкершілікке тартуға жеткілікті.

Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметінің бөлім басшысы Азамат Садықов қаладағы есірткі қылмысымен күрес күшейгенін жеткізді.

– Интернет желісінің аясы кеңейе түсіп, есірткі заттарын нарыққа шығарып жүрген қылмыскерлердің саны көбейіп келеді. Нұр-Сұлтан қаласында жыл басынан бері 4 есірткі зертханасы жойылды. Ұсталған адамдар үй жағдайында синтетикалық есірткі өндірумен айналысты, кейін ақпарат құралдары арқылы есірткі заттарын сатты, – деді полиция қызметкері.

Жастардың дені бірсәттік қызық үшін есірткінің буына шырмалып, артынан опық жеп, өмірін құрдымға кетіреді. Сорақысы сол, жаңа дүниеге құмар жастар есірткінің торына  алдымен ілігіп жүр. Ресми дерек бойынша, Қазақстанда есірткі қолданғандардың ең жасы 13-те. Балаларының наркоманға айналғанын ата-аналар ұзақ уақыт бойы аңғармауы мүмкін. Жағдай ушығып, ауруы әбден асқынғанда ғана арнайы мекемелерге келеді

Азамат Садықов нашақорлықтың және есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу мақсатында елордада түрлі іс-шаралар жүргізілгенін атап өтті. Атап айтқанда, Полиция департаментінің қызметкерлері Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігімен, үкіметтік емес ұйымдармен және басқа да құзырлы органдармен бірлесіп, 2022 жылда жалпы саны 183 алдын алу іс-шараларын өткізді. Оның ішінде: акциялар саны – 7, семинарлар – 23, дәрістер – 60, дөңгелек үстелдер – 15, кездесулер – 32, спорттық іс-шаралар – 22, байқаулар – 2 және 22 – басқа да іс-шаралар.

Жастар есірткіге неге құмар?

Жастардың дені бірсәттік қызық үшін есірткінің буына шырмалып, артынан опық жеп, өмірін құрдымға кетіреді. Сорақысы сол, жаңа дүниеге құмар жастар есірткінің торына алдымен  ілігіп жүр. Ресми дерек бойынша, Қазақстанда есірткі қолданғандардың ең жасы 13-те. Балаларының наркоманға айналғанын ата-аналар ұзақ уақыт бойы аңғармауы мүмкін. Жағдай ушығып, ауруы әбден асқынғанда ғана арнайы мекемелерге келеді.

Өкініштісі, есірткі бизнесін қыздыруда жасөспірімдер көп қолданатын әлеуметтік желілер үлкен рөлге ие.  Мәселен, кейінгі жылдары әлемде DarkNet, жасырын, көлеңкелі бағыттағы желілік сайттар арқылы есірткі өнімінің саудасы белең алған. Соңғы мәліметтер бойынша елімізде «қара базарды» қолданушылар саны 7 мыңға жетіп отыр. Одан бөлек, Telegram арналары арқылы саудалау көбейген. Онлайн бизнес жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында айтып өтті. «Синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіруде. Қазіргі ахуал өте күрделі, соңғы үш жылда тәркіленген «синтетиканың» көлемі 10 есе артқан. Уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан, әрі қолжетімді бола бастады. Нашақорлар оны әлеуметтік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-еркін сатып алып жатыр.  Есірткіні, тіпті, үйге әкеп беретіндер бар. Бұл – аса қауіпті, әрі ауқымды әлеуметтік кесел» деді Президент.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуге тиіс екенін баса айтты. Нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресудің кешенді жоспарын әзірлеу қажеттілігіне тоқталды.

Залалы көп «синтетика»

Табиғи және синтетикалық деп бөлінетін есірткінің соңғы түрі елімізде көбейіп келеді. Түрлі химиялық қоспалардың негізінде алынатын синтетиканың түрі сан алуан, салдары да табиғи есірткіге қарағанда анағұрлым ауыр.

Мамандардың айтуынша, есірткі індеті – жас, жыныс, әлеуметтік топ талғамайтын дерт. Адамның күшін тасытып, уақытша ләззат алу сезімін сыйлайтынымен қоғамның сұранысын арттырып отыр. Есірткіге тәуелділер үшін оның бағасы маңызды емес. Оны қайтсе де табуға асығады. Бірақ синтетикалық есірткінің тұзағына түсіп, өз денсаулығына өзі балта шабатынын кейін ғана кеш түсінеді.

Синтетиканың «алып күші» тұтынған адамның бірінші кезекте орталық жүйке жүйесін бұзуында жатыр. Параноя, галлюцинация, ұмытшақтықтан басталып, кейін шизофрения сынды ауру түрлерін тудыратын есірткінің бағасы арзан, алам деушілер үшін де қолжетімді болып кеткен. Адамның есін алып, психикасына нұқсан келтіретін есірткіні ұзақ қолдану ақылға қонымсыз жайттар туғызады. Ал уақытылы емделмегендер үшін соңы қайғыға айналуы әбден мүмкін.

«Ренессанс» наркологиялық орталығы» ЖШС-ның психолог-аддиктологі Александр Рущук есірткіден айығамын деп келушілердің орташа жасы 25-30-ды құрайтындығын айтады.

– Синтетикалық есірткі героиннан да қатты әсер етеді. Біздің орталығымызда героин, опуимды қолданғандар бар. Олар он жылдай табиғи есірткіні қолданса да, берілген тапсырмаларды жақсы орындай алады, ақыл-ойы да аса зақымдалмаған. Ал синтетикалық есірткіні бар-жоғы бірнеше ай қолданып жүргендердің ойлау қабілеттері шашыраңқы. Өмірде не болып жатқанын түсінбеуі де мүмкін. Шынайы болмысты қабылдап жатпайды. Олар есірткіні жағымды, залалсыз зат ретінде көреді. Ай, жылдарды шатастырады. Шамадан тыс белсенді қимылдайды. Сөйлеу мәнерлері де түсініксіз. Өмірдегі жағдайларға анализ жасамайды, ойлау қабілеті мүлде жоқ. Мысалы, адам бейнесінен жануарды ма, басқа да бір тылсым дүниелерді ме көруі мүмкін. Айта кету керек, синтетикалық есірткіні қолданғандардың миы қалыпты деңгейіне қайтып келмейді, – деді маман.

«Адамның есірткіні қолданғаны қандай белгілері арқылы анықталады?» деген сауалға психолог Александр Рущук: «Әдетте нашақордың көз қарашығы ұлғаяды, шамадан тыс белсенді қимылдайды, ұйықтамай, тамақ ішпей жүре бере алады. Мінезі күдіктілеу көрінеді» деп жауап берді.

Психолог елімізде есірткіге қарсы профилактика жетіспейтінін алға тартады. «Білікті мамандардың кең ауқымда сауатты ақпаратты жеткізу алаңы болса дұрыс. Айта кететін жайт, әдетте комплекске толы, өмірлік жағдайы қиын адамдар есірткіні қолданып жатады. Сондай-ақ қоғамда нашақорлық, есірткіге қарсы жағымды пікір тенденциясы белең алып келеді. Бірақ ескеру керек, қымбат медициналық оңалтулар 100% нәтиже бермейді» деді ол.

Әлем елдерінде жағдай тұрақты ма?

Әлемде есірткіден толық айыққан бірде-бір мемлекет жоқ. Тек санау­лылардың ғана тәжірибесі оң көрсеткіштерді көрсетіп отыр. Солардың бірі – Португалия. Олардың пайымынша, есірткіге тыйым салу мәселенің шешімі емес. Португалдықтардың жиырма жыл бұрын қабылданған саясаты нашақорлардың санын азайтқан. Яғни, 2001 жылы мемлекет есірткі тұтынуды декриминализациялау (тыйым салу) және нашақорлықпен күрестің жазалау әдістерінен медициналық-әлеуметтік тәсілге көшті. Сол жылы үкімет есірткіні жеке мақсатта қолдануды қылмыстық сипаттан алып тастады. Осылайша, қоғам есірткіге тәуелділерді қылмыскер ретінде емес, емделуші ретінде қабылдай бастады. Нәтижесінде артық доза салу мен АИТВ-дан (Адамның иммун тапшылығы вирусы) өлім-жітімнің саны азайды. Қазір Португалия есірткіден көз жұматындар саны бойынша Еуропада соңғы орында тұр.

Осыдан тура 25 жыл бұрын Швейцария нашақорлыққа қарсы күрес ретінде «төрт тірек сая­сатын» енгізді. Оның негізінде алдын-алу, емдеу, тыйым салу және содан кейін ғана жазалау принциптері жатыр. Қазіргі уақытта бұл тәжірибе мен оның тиімділігін әлем елдері мойындап отыр.

Ал Вьетнам, Малайзия, Сауд Арабиясы, Иран мемлекеттерінде тәртіп қатаң. Нашақорлар ұсталған жағдайда өлім жазасына кесіледі.

Шет елдің мысалы өз алдына. Себебі Қазақстан мен өзге мемлекеттердің әл-ауқаты әртүрлі екенін ескеру керек.

Нашақорлық дерті – қоғам күттірмейтін мәселе. Жастары есірткіге үйір елдің ертеңі бұлыңғыр, болашағы күңгірт. Елімізде нашақорлыққа қарсы жұмыстың пәрмені әлі де жөнді нәтиже бермей отыр. Сондықтан қоғам дертіне қарсы күресті құзырлы органдармен бірге, бүкіл қоғам болып жүргізу қажет.

Индира БЕРЖАНОВА

 

 

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button