Мәдениет

Жамбылға арналған жыр мен күй жәрмеңкесі

Елордадағы Жамбыл Жабаев ескерткіші жанында рухани-мәдени шара өтті. Жыр мен күй жәрмеңкесі жыр алыбының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды.

Қазақ ұлтының төл өнері – жыр мен күйді дәріптеп, бабалардың ұшан-теңіз мұрасын қайта жаңғыртып, ұрпақтан-ұрпаққа таратып және оларды жастар арасында насихаттау мақсатында ұйымдастырылған бұл шарада «Жамбылға жаңа көзқарас» тақырыбы бойынша танымал қаламгер, филология ғылымдарының докторы, академик Уәлихан Қалижан баяндама жасады. «Ұлы Абайсыз, ұлы Жамбылсыз біз қалай «Жаңа Қазақстанның» ұлттық құндылықтарын ұлықтаймыз?! «Жаңа Қазақстан» ұрпақтары бабалар мұрасына зәру. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамға жаңа форматты түсінік алып келді. «Жаңа Қазақстанды» хакім Абайсыз, Жамбыл жыраусыз құруға бола ма? Болмайды» деді У.Қалижан.

«Күй анасы» республикалық қорының жетекшісі Төлеген Қуанышев өз сөзінде аталған іс-шара өнерлі жастардың талабын шыңдауға, бағын ашуға бағытталғанын жеткізді. «Күй анасы» қоры басты мақсатының бірі ретінде ұлтымыздың төл аспабы – домбыраны, күйлерді, күйшілер мен композиторларды, сонымен қатар дәстүрлі өлең мен жырларды дәріптеп, насихаттауды қолға алуда. Осы күнге дейін арнайы және қолжетімді шеберлерге 187 домбыраны жасатып, еліміздің түрлі нысандағы өнер мектептеріне тегін тараттық» деді ол.

«Жыр мен күй жәрмеңкесінде» Жамбыл Жабаевтың өлеңдері оқылып, әсем ән, тәтті күй тартылды. Шара соңында үздік өнер көрсеткен өнерпаздар марапатталды.

Айта кетейік, аталған шараның өтуіне Астана қаласы Байқоңыр ауданының әкімдігі, Астана қалалық Қоғамдық кеңесі және Қазақ ұлттық өнер университетінің ұжымы белсене атсалысты.

 Баян Асылбекова

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button