Басты ақпарат

Жамбылға жаңа көзқарас

Біз – басынан бағы кетіп, астынан тағы кетіп, «Елімай-лап», «Мың өліп, мың тіріліп жүріп» тәуелсіздікке жеткен халықпыз.

Жеткеніміз де бар, кеткеніміз де бар. Бәрін тарих тазалайды, бәрін уақыт саралайды.

Кеңестер Одағы тұсында коммунизмнің жаңа қаламгерлерін даярлаймыз деген қызыл ұран болған. Сонда атақты ақын Александр Твардовский «Оу, сендер Александр Пушкинсіз қалай коммунизм құрасыңдар?» деген екен. Сол сияқты «Жаңа Қазақстан» үшін өткенімізді өшірмей, заман желін көшірмей, әділетті сөз айту парызымыз ғой деп ойлаймын.

Ұлы Абайсыз, ұлы Жамбылсыз біз қалай «Жаңа Қазақстанның» ұлттық құндылықтарын ұлықтаймыз?! «Жаңа Қазақстан» ұрпақтары – бабалар мұрасына зәру.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамға жаңа форматты түсінік алып келді.

«Жаңа Қазақстанды» хәкім Абайсыз, Жамбыл жыраусыз құруға бола ма? Болмайды. Күні кеше әлем діндері өкілдерінің съезінде понтифик Франциск Абай рухын көтеріп кеткен жоқ па? Қазақтың қос ішекті домбырасы туралы айтқан сәтте, ұлы Жамбыл бейнесі бәріміздің де көз алдымызға келді ғой деп ойлаймын.

Екі жыл бұрын Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевқа арнайы ұсыныс-хат жолдап едім. Сол хатымда Ж.Жабаевтың 100 жылдық ғұмырының соңғы 28 жылы Кеңестер Одағы тұсында өткенін және ол ақынның қасиетіне де, қасіретіне де айналғанын жеткізген едім.

…«Коммунистік жүйе, оның идеологтары Жамбылды партияның ұранына айналдырып жіберді. Тек партиялық мақсат тұрғысынан бағалады.

Алтын қылыш қынабыда жатпайды. Жамбылды тану үшін жаңа көзқарас, жаңа таным керек» деп жазып едім.

Халық пікіріне назар аударған Президент Қ.Тоқаев өз Жарлығымен мемлекеттік комиссия құрып, ғасыр Гомерінің 175 жылдық тойын республикада жоғары деңгейде өткізуді тапсырған болатын. Осылай Жамбыл өмірі мен шығармашылығына жаңа көзқарас қалыптастырып  бергенін, үлкен қуанышпен жеткізгім келеді.

Сонымен…

Ұлы қазақ даласында сан ғасырлық жолдан өткен жыраулық мектеп бар еді. Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Доспанбет, Жиенбет, Бұқар, Ақтамберді, Үмбетей, Қаблиса, Сүйінбай сынды жыраулар өмір сүрді.

Ауыз әдебиетінің алыбы Жамбыл Жабаев та осы жыраулық мектептің соңғы өкілі десе де болғандай еді.

…Жамбыл Жабаев бақытқа поэзия арқылы жетті. Жәкеме өлең жөргегімен келіп, оның егізіне, серігіне айналды.

Өлең тердім жасымнан,

Майкөт ақын, Құлмамбет,

Орын берді қасынан, – деп ақын Жамбылдың өзі айтқандай, өлең ақынның бағын ашты, қоғамдық ойдың тайқазанына салды, халықтық сыннан өткізді. Сондықтан да Жамбыл жыры нәрлі, Жамбыл жыры айқын, Жамбыл жыры қуатты.

Рас, Жамбыл еуропалық білім алған жоқ, академияны, университетті бітірген жоқ. Бір қаламгер жазғандай «бұл Жамбылдың трагедиясы емес», бұл Жамбылдың өзінің академияға, университетке айналып кеткенін көрсететін ғажайып ғұмыр, Алла өлең қондырған тамаша тағдыр.

Жамбыл – қазақ ауыз әдебиетінің энциклопедиясы. «Жамбыл менің жай атым, халық менің шын атым» деуі ұлы ақынның осы қасиеттерін даралап тұр емес пе?

Менің пірім – Сүйінбай,

Сөз сөйлемен сыйынбай.

Сырлы, сұлу сөздері,

Маған тартқан сыйындай, – деп, бұл сөздерді өз жүрегіне бойтұмар етіп, көзі жұмылғанша өлеңге, домбыраға, киелі өлеңге адал болды. Өзінің өмірге деген құштарлығы, адам тани білетін абыздық қасиетінің арқасында замана көшіне ілескенмен, өзін басшылармен де, қосшылармен де тең ұстады.

Елімнің азаматын таныс қылған,

Ой жырым, қызыл тілім сенің арқаң, – деп Жамбыл бекер айтты дейсің бе?

Жамбылдың осындай дара қасиеттерін, қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов тайға таңба басқандай етіп жазып кетті.

«Жамбыл – ақыл ойдың алғыры, өзгеге ұқсамайтын дара, оқшау бет-бейнесімен аса зор құбылыс. Оның бірі – әрі эпик ақын, әрі айтыс ақыны, әрі азаматтық әуеннің де ақыны».

Ұлыны ұлы ғана таниды.

Жамбыл бабаның ән-жыры, күйлері мен айтыстары, дастандары қазағымен бірге жасайтын ұлттық құндылыққа айналып кетті. Енді тарих доңғалағы кері кетпейді, егемен, тәуелсіз Қазақстанның ұлттық бренді ретінде Жамбыл баба есімі жасай береді, жасай береді.

Жамбыл поэзиясы – шыншыл поэзия. Өмірді өлеңмен өрнектеген ақын жырларынан қазақ тұрмысының, қазақ қоғамының әділетсіз болмысын шенеген өлеңдері, оның атын ерте шығарған. Әрі Жамбыл үшін поэзия Алланың берген сыйындай қастерлі, қасиетті. Сондықтан да Жамбыл Жабаевтың өлең патшалығына кеңес өкіметінің тұсында ғана емес, Ресей патшасының боданында жүрген кезде-ақ кіргенін түсіну үшін көретін көз, тыңдайтын құлақ, мархаббаты жүрек керек.

Сары түнге сарылып, кірпік ілмей,

Салқын күзде бір жылы үйді білмей.

Сахарада салақтап күндіз-түні,

Бұралқы ит пен малшының күні бірдей.

Осы төрт жол жанды сурет, көңілге түскен көркем бейне емес деп дөп кім айта алады?! Ұлы Абаймен үндестік көзге ұрып тұрған жоқ па?! Сондықтан да дарабоз ақын Сүйінбайдан жалғасқан азаматтық поэзияның сарқылмаған бастауын көреміз, ақын сөзіне сенеміз. Ақын:

Сен тойғанмен біреулер аш қалып жүр,

Деп ойлама түбінде теріңді алмас, – деп аспаннан жай түскендей түйрейді, шен-шекпенділерді.

Өмірдің диалектикасы, даланың диалектикасы осы, шариғаттың жолы осы. Әр нәрсенің зауалы бар, әр нәрсенің сұрауы бар.

…Қырғыздың ұлы ақыны Тоқтағұл Сатылғанов Сібір тұтқынынан қашып, жолай Жамбыл Жабаевты іздеп келеді. Жамбыл Тоқтағұлды екі-үш ай қасында ұстап, ел қыдыртып, ән айтқызып, халықпен таныстырады. Той-томалақтарға қатысады. Тоқтағұлдың алдына ірілі-ұсақты біраз мал жинап беріп, ат мінгізіп, қырғыз еліне шығарып салады.

Жамбылдың мұндай азаматтық қыры тіпті айтылмайды десе де болады.

…Бірде Жетісуға Садық сұлтан Кенесарин келеді. Алдынан Жамбыл шығады. Атақты Абылайханның ұрпағы, Хан Кененің ұлы Садық сұлтанды қалың қазақ қонақ етіп, қырғызға апармақшы болады.

Бұл хабар қырғыздарға шанышқыдай қадалады. Бірақ, Садық сұлтанды Жамбыл ақын ертіп келе жатыр дегенді естігенде, сабаларына түседі.

Қырғыздар Садық сұлтанды ерекше құрметтеп қарсы алады. Жамбыл сөздің мәнісін айтады. Садық сұлтан әкесі хан Кененің қылышы мен ертоқымын алып кері қайтады.

Ақын тағдырындағы осындай деректер санатқа алынбай, еленбей келеді.

Жамбыл жай ғана ақын емес. Жамбыл – күрескер ақын. 1916 жылғы көтеріліс кезінде Жамбыл баба 61-дегі, сол кездегі тіркеспен айтсақ, шау тартып қалған кезі еді. Бірақ ақын жүрек, ақын тілек Жамбылды үнсіз қалдыра алмады. Ақынның дауысы зор естілді, оның даусы Қастек, Қаскелең асып, Жетісу бойында қаулаған өрттей ду ете түсті.

Ақын аңсаған азаттық келгенде Жамбылдың өлеңі де өзгерді, жыр шумақтары да түрленді. Ақын Кеңес өкіметі әкелген жақсылықтарды кәрі жүрегімен, ақындық сезімімен қабылдады. Ақын бақытқа кенелді, ақынның жыры шуақтанды. Ал неміс-фашистері ойран салғанда ерттеулі атқа қайта мінді, ақын жүректен шыққан сөздер жауға снаряд секілді атылды. Әрине, бұл – теңеу сөз. Бірақ шындық. Жамбылдың атақты «Ленинградтық өрендерім» жыр-плакаты, жыр жолдауы 1941 жылы неміс фашистері Ленинградты блокадаға алып, тас құрсауға айналдырған кезінде жазылды, жүректен жүрекке жетті.

Өлең Жамбылдың атын шығарды, Жамбыл өлеңнің киесін көтерді. Бұл – талассыз шындық.

Қор болмаймын өлгенше,

Өлеңіме-ақ сыйындым, – деп жырлап еді ақын баба.

Жамбыл Жабаев шығармашылығындағы аз кеңестік кезеңді бөліп алып, соған орай ғана баға беруге бола ма? Әр заманға сол замани кезеңнің көзімен, сөзімен қарап бағалау – тарихи әділдік!

Мұны сол заманда-ақ Мұхтар Әуезов: «Халықтың ғасырлық жырының бірден-бір тірі куәсі, әрі жыр алыбы болғандықтан, қанша жерден миына құйып жатса да, партиядан емес, тек халқынан қорыққан. Ал бұл реттен келгенде, бізде үкімет пен партияны көзсіз жырлап, одан сөзсіз қорыққан адамдардың аз болмағанын тарих растайды» деп жазуы кейбір адамдардың жосықсыз сынына жауап болады ғой деп ойлаймын.

Аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, Еңбек Ері, жазушы, марқұм Әбіш Кекілбаев «Жыр патшалығының алыбы» атты мақаласында: «Жамбыл большевиктердің саяси өтірігі мен көз бояуының перзенті емес. Жаңа өкіметке Жамбыл жалпақ шешей болған жоқ, керісінше, өкімет Жамбылға жағымпазданды… Өйткені қазақ даласындағы сөздің абыройы тым биік екені жаңа өкіметке жақсы мәлім болатын» деп кейбір жаңсақ, негізсіз пікірлерге нүкте қойды.

Жамбыл бабам:

Уа, әлеумет, құлақ сал!

Қария Жамбыл жырласын!

Мен сөйлемей кім сөйлер,

Заманам менің сырласым, – деп еді. Заман өзгерер, уақыт зымырар, бірақ өзгермейтін бірақ нәрсе, ол – құрыштай құйылған Жамбыл бабаның өлеңдері.

Бүгінгі ұрпақ абыз Жамбылға коммунистік идеология тұрғысынан емес, тәуелсіздік идеясы тұрғысынан қарай бастады. Жамбылға жаңа көзқарас басталды…

Хакім Абай – ақиқатты айғақтады,

Жырау Жамбыл – ақиқатты жырлады…

Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,

ҰҒА академигі, Қазақстаның еңбек сіңірген қайраткері

 

Бүгін 24 қыркүйек күні сағат 17.00-де Жамбыл Жабаевтың ескерткіші жанында V  «Күй жәрмеңкесі» атты мәдени-рухани іс-шара өтеді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button