SportМәдениет

Жанары жасымағандар жарысы

Астанада Республика күніне орай мүмкіндігі шектеулі жандар арасында «Showdown» үстел теннисінен І қалалық ашық чемпионат өтті. Жарыста арнайы жаттығудан өткен 20 қатысушы ойын көрсетті.

Спорттық іс-шараның ашылу салтанатына Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев салтанатты түрде ашып берді. ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің басқарма басшысы Мұхамеджан Бекназаров, Парламент мәжілісінің депутаты Мақпал Тәжмағанбетова, Астана қаласының және Әзірет Сұлтан мешітінің бас имамы Ерболат Нұрылдаұлы, Дене мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы басшысының орынбасары Әділхан Өмірзақов, белгілі айтыскер ақын Балғынбек Имашев және «Көзімнің қарасы» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жүзбай Серікұлы қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

«Бұл жарыс Республика күніне арналып отыр. Астана қаласы әкімдігінің атынан баршаңызды алдымызда келе жатқан ұлттық мерекеміз Республика күнімен құттықтаймын. «Showdown» үстел теннисінің өзгешелігі елордада алғаш рет өткізілуде. Енді, астаналық зағип жандар елімізде енді ғана даму қарқынын алған «Showdown» ойынын игеріп, республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып, елордамыздың намысын абыроймен қорғайтынына сеніммен қараймыз.

Ал «Showdown» үстел теннисінен
І-қалалық ашық чемпионатында ептілер мен күштілер жеңіске жетуіне тілектеспін» деді басқарма басшысы С.Жылқыбаев.

Астана қаласында бірінші рет өткізіліп жатқан жарыс алдағы уақытта еліміздің басқа өңірлерінде іріктеу кезеңін өткізіп, қараша айында республикалық турнир өткізу жоспарланып отыр.

– «Бұрыннан ізденісте жүріп, шет мем­лекеттерден осыны қарап, зерттеп Қазақстанға қалай әкелсем екен деген ой болды. Бұл чемпионат осы Астана қаласында өткізілгеннен кейін, алдағы уақытта 13-Дүниежүзілік зағип жандар күніне орай республикалық турнир өткіземіз» дейді «Көзімнің қарасы» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жүзбай Серікұлы.

Шараның мақсаты – әлемдік деңгейдегі жарыстарға қатысу үшін отандық құрама команда жасақтау болды.

Ал мамандардың айтуынша, Канада, Германия, Болгария сияқты шет мемлекеттерде жақсы дамыған бұл спорт түрі көз жанарынан айырылған зағип жандардың денсаулығына пайдалы. Яғни, есту қабілетімен, қол мен аяқ қозғалысы қызметінің жұмысын арттырады.

Республика күніне орай ұйымдастырылған чемпионаттың жеңімпаздары арнайы дипломдармен, медальдармен, сыйлықтармен және кубоктармен марапатталды. Сонымен қатар барша қатысушыларға демеушілер тарапынан ақшалай қаражат табысталды.

 

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button