Білім

Жасмина

Жасмина Түзелова – Binom Tanym мектебінің 4-сынып оқушысы. 5 жасынан бастап ән салады. Талантты өнерпаз небәрі 9 жаста болса да, бірнеше байқаудың жеңімпазы атанып үлгерді.

Кәсіби деңгейде ән айтуды 6 жасынан қолға алған Жасмина бос уақытында вокалмен айналысқанды, фортепианода ойнағанды, бисермен тоқығанды ұнатады. Қазіргі таңда Роза Бағланова атындағы №2 балалар музыка мектебінде 2-сыныпта оқиды.

Отбасында бес бала бар. ­Жасмина – үйінің кенжесі. Бірнеше жыл бұрын отбасымен бірге Ташкент қаласынан елордаға көшіп келген.

Қарапайым отбасынан шыққан қыздың әкесі – он саусағынан өнер тамған ұста, анасы Гүлзия – музыкант, скрипкада ойнау мамандығы бойынша білім алған. Анасының айтуынша, Жасминнің өнерге жақын болуы – әжесінен дарыған қасиет. «Той-томалақта ән шырқағанды ұнататын әжесіндей Жасминаның да сыңғырлаған дауысы бар» дейді анасы.

Жасмина – «Central Asia’s Qot Talent» жобасының жартылай финалисі, 2022 жылғы «Qazaqstan дауысы. Балалар» байқауының қатысушысы, сондай-ақ Ресейдегі бірнеше байқаудың қатысушысы атанды.

– Бұл байқауларда мен үлкен тәжірибе жинадым. Кәсіби мамандардан сабақ алып, олардың алдында ән шырқадым. Көптеген жаңа дос таптым, – дейді жас әнші.

Жақындарының айтуынша, өмірде мінезі сабырлы, ұяң, жанашыр қыз сахнаға шығысымен ашыла түседі. Ал өзі сахнаны ерекше жақсы көретінін айтады. «Сахна – мен үшін бөлек әлем. Барлық адамды сыйдыра алатын үлкен жүрек сияқты. Менің ойымша, көрермендердің алдында тұрып, олардың қошеметіне бөлену – ерекше сезім» дейді Жасмина.

Анасы Гүлзия қызының өнер жолын жүрек қалауымен өзі таңдағанын айтады.

– Балаларымыздың бетін қақпай, өздерінің ұнататын ісімен айналысқандарын қашан да қолдаймыз. Қызым фортепианоға барамын деп әу баста өзі айтқан. Негізінен, үйдің кенжесі болған соң, ерке болып өсті. Дегенмен орынсыз еркелігі жоқ. Ағаларына, әпкелеріне қолғанат болып жүреді. Өзі жан-жақты. Қай істі қолға алса да оңайлықпен алып шығады. Сабақты да үздік оқиды. ­2-сыныпқа дейін таза беске оқыды. Тек кейін байқауларға көп қатысқаннан соң, төрттік бағалар алып жүр. Бір байқаудан екіншісіне қатысу, оның үстіне қосымша үйірмелермен айналысу сабағына әсер етті деп ойлаймын. Ендігі кезекте сабағымызды қолға аламыз деп отырмыз, – дейді анасы.

Жас талант Жасминаның сүйікті пәндері – дене шынықтыру мен ағылшын тілі. Өзіне денесін шынықтырып, спортпен айналысқан ұнайды. Әкесі де спортқа жақын.

Сондай-ақ Жасмина Түзелова – «Бала дауысы» ұлттық балалар ән байқауының алтыншы маусымының гран-при иегері. Осы байқауда оған Қазақ ұлттық өнер университетінде оқуға грант берілді.

Анасы «Бала дауысы» байқауы берері мол жоба екенін атап өтті. «Былтырғы жыл біз үшін жемісті болды. «Бала дауысы» жобасында қызым ең кішкентай қатысушы болды. Білікті мамандардан би билеп, ән айтудан сабақ алды. Сол байқау кезінде Жасминаның бір аптадай тамағы ауырып қалды. Дәрігерлер ән айтпақ түгіл, сөйлеуге де болмайды деді. Байқауға бір күн қалғанда оркестрмен сахнада бір рет дайындық жасады. Бірақ дауысын шығармай іштей ғана билеп, алдын ала ойластырып дайындалды. Ертесіне осы дайындықпен сахнаға шығып кетті. Аллаға шүкір, байқау­да жеңіске жетті. Бұл да берілген бір сынақ шығар» деді.

Жас өреннің кез келген жетістігі – бүкіл әулет үшін үлкен қуаныш. Жасминаның арманы – тек алға ұмтылып, аға-әпкелерінің жолын қуу.

– Бірде анашым екеуміз Димаш Құдайбергеннің концертіне барғанбыз. Сол кезде маған оның дауысы қатты ұнады. Енді сол кісінің алдына барып, бірге ән шырқауды армандаймын, – дейді ол.

Арманын мақсатына айналдыр­ған кішкентай қыз 2023 жылы Димаш Құдайбергеннің жетекшілігімен өткізіліп келе жатқан «Бақытты бала» жобасына қатыспақ.

 

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button