Құқық

Жауынгер-интернационалистер жәрдемі

Астана қаласының «Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігінің Қостанай облысында өрттен зардап шеккендерге көмек беру жөніндегі ізгі бастамасына қазақстандық  жауынгер-интернационалистер қолдау білдірді.

Қазақстанның әр аймағында тұратын Ауғанстан соғысын бастан кешкен жауынгер-интернационалистер Әулиекөл ауданындағы бірнеше ауылдың орман жанындағы үйлердің өртке оранып, соның салдарынан баспанасыз қалған отбасыларға қаржылай жәрдем көрсетуді ұйғарды. Жедел түрде жиналған қаражат «қолдан қолға» берілді.

Аманқарағай орта мектебінің директоры Ғалымжан Ерешев ауыл тұрғындары атынан көмек көрсетуге келген жауынгер-интернационалистерге ризашылығын білдіріп, соғыс көрген азаматтардың ел басына қиындық туған жағдайда қарап қалмайтынын, қашанда қайырымдылық жасауға дайын жүретінін атап өтті.

Қайырымдылық көрсетушілердің қатарында болған «Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» ЗТБ республикалық ұйымы Орталық кеңесінің төрағасы Марат Қойлыбаев өзінің өзекжарды сөзін айтты.

«Ауғанстан алапатын бастан кешкен азаматтар қайғы мен қасіреттің не екенін жақсы түсінеді. Сондықтан да Қостанай облысында орын алған өрт оқиғасынан зардап шеккендерге көмек көрсетуге шешім қабылдадық. Бұл бастамаға еліміздің барлық аймақтарынан жауынгер-интернационалистер қызу қолдау білдірді. Жиналған қаражатты қолма-қол үлестіріп бердік. Ең бастысы, үйсіз қалған отбасыларына жәрдем беріп, жүректеріне сенім мен жылулық сыйладық деп ойлаймын. Біз мұндай қайырымдылық көмек көрсетуді жалғастыра береміз» деді Ақтөбе қаласынан арнайы келген жауынгер-интернационалист ­М.Қойлыбаев.

Өз кезегінде Аманқарағай ауылының тұрғындары да ризашылықтарын білдірді. Көмек алған әрбір тұрғын жүрекжарды сөздерін жеткізді.

«Ауған соғысын көрген азаматтарға алғысымыз шексіз. Мен бұл жігіттерді бұрын да қатты сыйлаушы едім. Қайғы көп болып көтерсе жеңілдейді ғой, сондықтан көмек көрсеткен жауынгерлерге бала-шағамның, ауылдастарымның атынан рахметімді айтамын, бұл ерліктің, елдіктің көрінісі деп білемін» деді Аманқарағай ауылының тұрғыны Гүлжан Омарова ағынан жарылып.

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button