Мәдениет

Жаңа маусымында не ұсынады?

Кеше Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры XXXII жаңа маусымын дәстүр бойынша М.Әуезовтің «Абай» қойылымымен ашты. Бұл дәстүрге биыл – 13 жыл. Оған бірден-бір себеп, өнер ұжымы есімін еншілеген сахна саңлағы Қалибек Қуанышбаев сомдаған шоқтығы биік дәл осы Абай рөлі болды.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков сахналаған «Абай» трагедия­сында қос Абайдың бейнесі көрсетіледі. Аға Абай бейнесін – Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов, Абай рөлін  – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіл сомдайды. Қойылымға жалпы 65 актер қатысады. Қоюшы суретші – Қанат Мақсұтов. Хормейс­тер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амантай Жұмашев. Артынша Қаллеки театры 29 қыркүйек пен 2 қазан күндері аралығында Абай облысының орталығы Семей қаласында гастрольдік сапарын өткізеді.

18-23 қазан аралығында театрда көрнекті театр және кино актрисасы, Қаз КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО және Қаз КСР халық әртісі Шолпан Жандарбекованың 100 жылдығына арналған XXVIIІ рес­публикалық театр фес­тивалі өтеді. Фестиваль аясында Қазақстанның Халық әртісі Қадыр Жетпісбаевтың 80 жылдығына арналған іс-шаралар да жоспарланған. Өнер ұжымы аталмыш фестивальде Х.Алтай, Х.Оралтайдың «Алтайдан ауған ел» (режиссері – Фархат Молдағали) қойылымын ұсынады.

Театр репертуарындағы әйгілі режиссер, Халық Қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетов сахналаған
«Ғасырдан да ұзақ күн» (2003 ж.) драмасы қазан айында Ә.Мәмбетовтың 90 жылдығына арналған  «TEATRALL» ІІ халықаралық театр фестивалі аясында арнайы көрсетіліп, фестиваль шымылдығын түреді. Ал аталмыш фес­тиваль сарапшыларының назарына 2022 жылы сахналанған Ғ.Мүсіреповтің «Баян Сұлу – Қозы Көрпеш» (режиссері – Гүлназ Бал­пейісова) музыкалық драмасы ұсынылады.

Шығармашылық ұжым М.Сервантестің «Дон Кихот» қойылымымен (режиссері – Әлібек Өмірбекұлы) Алматы қаласында өтетін XVII Орталық Азия театр фестиваліне қатысады.

Қыркүйек айында елорданың тыныс-тіршілігіне арналған «01» комедиясының премьерасы ұсынылады. Жаңа қойылымды сахналау үшін актриса, режиссер, Алматы қаласындағы АРТиШОК тәуелсіз тәжірибелік театрын құрушылардың бірі әрі көркемдік жетекшісі Галина Пьянова шақырылды. Қазан айында Қ.Жетпісбаевтың «Бала мерген» ертегісінің премьерасы өтеді.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button