Басты ақпарат

Жол жөнделмей, еңсе түзелмейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ­Тоқа­­ев 1-қыркүйек күні Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керек. Бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де, бұл мәселе әлі шешімін таппай отыр. Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім. Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алсын. Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек» деп атап көрсетті.

 Мемлекет басшысы бұл мәселені бірінші рет қозғап отырған жоқ. Өткен жылы сәуір айында да осы мәселеге арнаулы тоқталып, «2019 жылдан бастап еліміз бойынша жол салуға жыл сайын республикалық бюджеттен 50 миллиард теңге бөлінген. Бірақ нәтиже жоқ. Жөнделген жолдың көбі бір жыл өтпей жарамсыз болып қалады. Астанада бас көшелер жыл аралатып жөнделсе, шеттегі жолдар шұрқ-тесік. Мердігерлер өздерінің кепілді міндеттемелерін қалай орындап жатыр? Жол жасау жұмысына ұзақ жылдар бойы тек белгілі бір мердігерлер ғана қатысатыны қалай?! Бұл сұраққа Үкімет жауап беруі керек» деп салмақты мәселені қозғаған болатын. Сондай-ақ жұмысы аш ішектей созылып, не бітпейтін, не тоқтамайтын жолдарға қатысты қатаң сын айтып, жауапты тұлғаларды жұмысынан да босатқан.

Жол жұмысы жүрмей тұр

Жол – ел экономикасына қан жүгіртетін қантамыр. Өндірісің өркендеп, шаруашылығың шалқып, туристік орындарың қанша керемет болса да, жолы нашар, қатынасы қолайсыз болса, бәрінің күні қараң. Жерінің ол шеті мен бұл шетіне ұшқан құстың қанаты, жүгірген аңның аяғы талатын Қазақстан үшін де жол мәселесі аса өзекті. Кеңес Одағы кезінде біраз жолдар салынғанымен, қазақ жерінде жол жетпеген өңірлер жетерлік еді. Салынған жолдар көп уақыт күтім көрмегендіктен, Қазақстан тәуелсіздікке де қырық шоқпыт, қиқы-шойқы жолмен жетті. Сондықтан жол мәселесі еліміз экономикасын өркендетудегі басты тетік болатын. Сол себепті еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін баса назар аударған бір мәселе жол салу, өңірлерді автожолдармен, темір жолдармен тұтастыру болды. Алайда Қазақстанда жыл сайын жол салынғанымен, көп жолдың сапасы сын көтермейді. Себебі мемлекет қазынасынан миллиондап, миллиардтап бөлінген қаржының дені ұстағанның уысында, тістегеннің аузында кетеді. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» басшыларының мәліметінше, жыл сайын республикалық қазынадан, жергілікті бюджеттен және қаржы институттарынан бөлінетін қаржыны қосқанда 700 млрд теңге осы салаға жұмсалады екен. Алайда осынша қаржы жұмсалғанымен, көп жолдың кемшілігі жетерлік. Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингінде 2014 жылы Қазақстан жолдың сапасы жағынан әлем бойынша 117- орында болса, 2017 жылы 115- орынға, 2020 жылы 93-орынға жайғасты. Демек, біз «дамыған 30 елдің қатарына кіреміз» деп мақсат еткенімізбен, жолымыздың сапасы елдің дамуынан 3 есе кейін қалған. Мәселен, Батыс Қазақстан облысындағы жолдардың 70 пайызы сапасыз болса, басқа облыстарда да ақаулы жолдар аз емес. Оның үстіне, жолымыздың сапасыздығы экономиканың дамуына тұсау болып қана қоймай, жол апатының көптігіне себеп болып отыр. Елімізде жыл сайын 10 мыңнан астам адам жол апатынан бақилық болады екен. Осыған байланысты ­Президент жол апатының жиілеуіне алаңдау­шылық білдіріп, жауапты орындарға тапсырма да берген.

Өткен жылдағы дерек бойынша елімізде автожолдардың жалпы ұзындығы 96 мың шақырымды құрайды. Оның ішінде 25 мың шақырымы республикалық маңызы бар болса, 71 мың шақырымы – жергілікті жолдар. «2021-2025 жылдар аралығында автожол саласында республикалық маңызы бар 12 мың шақырым автожол салынып, реконструкцияланады» деп жоспарланған. Демек, жолымыз ұзарды, енді сапасын көтеріп, жол жасайтын уақытты қысқартсақ, болғаны. Алайда жол салуға кесе көлденең болатын кедергілер бұл саланың жұмысын мандытпай тұр.

Жол неге уағында бітпейді?

Қазақстандағы жолға қатысты мәселенің бірі – жол салу жұмысының ұзаққа созылып, уағында аяқталмайтындығы. Мәселен, жүргіншісі ең көп, еліміздегі аса маңызды жолдардың бірі «Нұр-Сұлтан – Алматы тас жолының» (Қарағанды – Балқаш, Балқаш – Алматы) және Шығыс Қазақстан облысына қарасты «Қалбатау – Майқапшағай», «Талдықорған – Өскемен» тас жолының салынып жатқанына бірнеше жыл болды. Әрі-бері жүрген жолаушылар ақ шаңы аспанға шыққан жолмен жүріп зықысы шықты. Жұрттың жанайқайы Мемлекет басшысының құлағына да жетсе керек, «Бұл жол елордамызды 8 миллионнан астам тұрғыны бар оңтүстік өңірлермен байланыстырады. Жұмыс қарқынын күшейтіп, осы жолды 2023 жылы пайдалануға беруді тапсырамын. Шын мәнінде, жол салу және оны жөндеу жұмыстары сапасыз атқарылып жатқанын мойындаған жөн» деп Мемлекет басшысы «Нұр-Сұлтан – Алматы» автожолын жөндеу жұмыстарын сынға алған болатын. Қазір бұл жол бөлегінде жұмыс жүріп жатыр. Бірақ біз ойлағандай, қарқынды емес секілді. Мың шақырымға таяу жолдың біраз бөлегінің жұмысы ақырласқанымен, жұмысы жүрмей тұрған бөлектері де жоқ емес. Жақында осы жолмен өзіміз де жүріп көрдік, ақ шаңы шыққан айналма жолдар азайғанымен, жалғанбай жатқан тұстары баршылық. Оның үстіне біздің көзімізге жұмысшылар мен техникалар да аз көрінді. Оның өзінің жұмыс істегенінен тұрғаны көп (ары өткенде де, бері өткенде техниканың көбі қаңтарылып тұрды). Ал қазавтожолдың берген мәліметіне сенсек, жол жасау жұмысы қарқынды жүріп жатыр, жұмысшы да, техника да көбейтілген. Шағыл (Щебень) жетіспеу, битум тапшылығы мәселелері де шешілген.

Өткен жылдағы дерек бойынша елімізде автожолдардың жалпы ұзындығы 96 мың шақырымды құрайды. Оның ішінде 25 мың шақырымы республикалық маңызы бар болса, 71 мың шақырымы – жергілікті жолдар. «2021-2025 жылдар аралығында автожол саласында республикалық маңызы бар 12 мың шақырым автожол салынып, реконструкцияланады» деп жоспарланған. Демек, жолымыз ұзарды, енді сапасын көтеріп, жол жасайтын уақытты қысқартсақ, болғаны. Алайда жол салуға кесе көлденең болатын кедерігілер бұл саланың жұмысын мандытпай тұр

Мұнай көп, битум неге тапшы?

 Әрине, битум тапшылығы біздің жол құрылысының дамуына тұсау болып тұрғаны рас. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, республикалық автожолдар желісін қайта жаңарту және жөндеуге кедергі келтіретін бірнеше фактор бар. Соның бірі – битум тапшылығы. Бұл мәселеге Президент биылғы Жолдауында да тоқталып, «Бізде әлі күнге дейін битум тапшы. Бұл – ірі көлемде мұнай өндіретін ел үшін, тіпті ұят жағдай» деген еді.

ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша елімізде 3 өңірде битум өндірісі бар. «Қазақстан аумағы 3 аймаққа бөлінген. Батыс өңірлер бойынша өндіру жылына 500 мың тонна болған кезде, ең төменгі қажеттілік – 191 мың тонна деңгейінде. Солтүстік-шығыс өңірлерде 308 мың тонна қажеттілік өзінің жылына 300 мың тонна өндіруі көлемімен жабылады. Оңтүстік өңірлер бойынша өндіру жылына 374 мың тонна болған кезде, ең жоғары қажеттілік – 602 мың тонна шамасында. Қазақстан Республикасының битумға деген жалпы қажеттілігі 1,1 млн тоннаны құрайды» деді Болат Ақшолақов Үкімет отырысында. Сонымен қатар ол битум өндірісін ұлғайту мәселесіне тоқталды.

– Жұмыс істеп тұрған зауыттарды қосымша жүктеу есебінен елдегі битумның жиынтық өндірісін жылына 1,2 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. CaspiBitum Қаражанбас мұнайын өңдеу есебінен жылына 500 мың тоннаға дейін (+94 мың тонна), ал Qazaq Bitum Ресей гудронының импорты есебінен жылына 374 мың тоннаға дейін (+200 мың) жеткізеді, – деді ол. Дегенмен, министрдің «Битумның өндіріс көлемін Ресей шикізатының есебінен арттырамыз» деген ойын түсіне алмадық. Себебі битумды да шетелден алсақ, Президенттің сөзімен айтқанда, «ірі көлемде мұнай өндіретін ел үшін, тіпті ұят жағдай» емес пе?!

 Ақылы жол – әлемдік тәжірибе

Жол салынғаннан кейін оны күтімдеу де – басты тақырып. Осы тұрғыдан алғанда, елімізде ақылы жолдарды көбейтудің мәні зор. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та пікір білдіріп, «Автомобиль жолдарының сапасы елдің көлік әлеуетін арттыруда шешуші рөл атқарады. Бұл ретте, жолдарды жөндеу сапасы бұрынғысынша әділ сынға ұшырап жатыр. Бұл әсіресе ақылы жолдарға қатысты өзекті мәселе. Ақылы жолдарды енгізу – бұл бүкіләлемдік тәжірибеге сәйкес келетін дұрыс шешім. Мұндай үлкен елде тек бюджет есебінен ғана жол салу мүмкін емес. Сонымен қатар, Қазақстан транзиттен ақша табуға тиіс. Бірақ бұл үшін мұндай жолдардың сапасы жоғары болуы және жол бойындағы мінсіз қызметті қамтамасыз ету маңызды» деген болатын.

Әрине, ақылы жолдың артықшылығы көп. Оның жолды күтімдеудегі, жолаушыларға қызмет көрсетудегі, сондай-ақ апаттан құтқарып, ажалдан арашалау жағындағы тиімділігі әлдеқашан дәлелденген. Осыған байланысты әлемдегі көптеген мемлекеттер ақылы жолдарды көбейту үстінде. Қазақстан да бұл жағында қатардан қалмай келеді. Қазіргі таңда елімізде 11 ақылы жол бар. Сондай-ақ 2023 жылдың соңына дейін 5 мың шақырым автожолды ақылы жолға айналдыру жоспарланған. Демек, Қазақстанда ақылы жолдар саны жыл сайын артып келеді. Одан түсетін қаржы да қомақты. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, 2020 жылы 4 ақылы жолдан 5,71 миллиард теңге қаржы жиналған. Әрине, сапалы жол салып, одан ақы алу арқылы жолды ұстап тұру немесе жаңа жол салуға қаржы жинау – дұрыс қадам. Бұл тек Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем қолданып, игілігін көріп отырған жоба деп айтуға болады. Мәселен, көрші ел Қытайдағы жолдардың көбісі ақылы. «Қарыз алып жол жасап, ақы алып қарыз қайтарамыз» деген ұранды ақы алу орындарының маңдайшалығына жазып қойған Қытайда ең арзан жолақысы он юаньнан (650 теңге) басталады. Жол ұзарған сайын ақы да артып отырады. Үрімжіден 200 шақырым жердегі Шонжы ауданына дейін 60 юань, яғни 3900 теңге алады. Ал Қазақстанда жолақы өте арзан. Жеңіл көліктерге шақырымына 1 теңге, салмағы 15 тоннадан асатын жүк көліктері әр шақырым үшін 25 теңге төлейді. Тариф 2013 жылы бекітілді, содан бері жол бағасы өзгерген жоқ. Мәселен, астанадан 200 шақырым жердегі Бурабайға дейін небәрі 300 теңге ақы алынады. Бұл басқа елдермен салыстырғанда су тегін арзан.

Қысқасы, жолы жақсы елдің болашағы да жарқын. Жол сапасы жақсармай, ел экономикасы да өркендемейді. Ойлы-шұңқыр жол – уақыттың жауы, ал уақыт – алтын.

Ерлан КАНАЛИМОВ, Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының хатшысы:

Тұрғын алаптардағы 30 көшенің құрылысы аяқталу үстінде, 20 көшенің жұмысы әлі басталған жоқ. Кейбір көшелер әлі де асфальтталмаған. Аудан әкімдіктеріне елорда маңындағы жолдардың құрылысы мен жөндеу жұмыстарына талдау жасауды тапсырдым. Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне арналған жиында жаңа жолдарға белгілерді уақытылы орнатуға, алдағы маусымдарға асфальт пен битум сатып алу және сақтау мәселелерін қарастыруға баса назар аудару қажет.

Біз тағы да әлеуметтік нысандарға – мектептерге, балабақшаларға, медициналық мекемелерге апаратын жолдарды салу және ретке келтіру мәселесіне қайта оралдық. Бұл, әсіресе, №1 және 2 балалар ауруханасына қатысты, жедел жәрдем көліктері шұңқырларды айналып өтіп, медициналық көмекке мұқтаж жандарды әкелу үшін кептелісте тұруға мәжбүр. Әкімшілік полиция басқармасына шамадан тыс жүк тиеп, асфальт төсеніштерін жарамсыз ететін ауыр көліктерге, бетон араластырғыштарға қатысты жағдайға баса назар аударуды тапсырдым. Елордада салынып жатқан жолдардың сапасына қалалық мәслихаттың жеке отырысын арнаймыз

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button