Қала мен Сала

Жылумен жабдықтау жоспары

Елорда мәслихатының кезектен тыс сессиясында қалалық Отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Марсель Ұзақбаев Астана қаласының 2030 жылға дейінгі жылумен жабдықтаудың схемасына енген өзгерістермен таныстырды.

– 2019 жылдың 25 желтоқсанында қалалық мәслихат қаланы жылумен жабдықтаудың схемасын бекітті. Соған сәйкес 1-ЖЭО, 2-ЖЭО және құрылысы жүріп жатқан 3-ЖЭО қалаға жылу беретін көздері болып бекітілді. Бірақ қала халқының артуына және шаһардың қарқынды құрылысына байланысты бұл схема жаңа аудандарды қамтымайтын болды, – деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, келесі жылы жылу тапшылығы қазір салынып жатқан нысандарды есептемегенде 350 гигокалорий болады. Алдағы үш жыл ішінде тапшылық 900 гигокалорияға өседі. Бұл мәселені шешу үшін газбен жұмыс істейтін үш станса жобасы жүзеге асырылып жатыр. Оның бірі Сығанақ көшесінің оңтүстігі мен Тұран даңғылының батысын қамтитын «Тұран» аталатын станса сағатына 600 гигокалорий өндіреді. «Тельман» стансасының қуаты да тура осындай. Бұл «Тельман» тұрғын алабы мен Тәуелсіздік даңғылын қамтиды. Ал «Оңтүстік шығыс» стансасының қуаты сағатына 350 гигокалорий болады. Ол «Мыңжылдық» аллеясы, «Нұрлы жол» вокзалы аумағын, «Бағыстан» аталатын жаңа тұрғын алапқа жылу береді. Осы үш стансаның жалпы қуаты – 1550 гигокалорий. 2023 жылы қалаға қосымша 370 гигокалорий келтіру жоспарланған. Қалған қуат 2024 және 2025 жылдары жеткізіледі.

Қалалық мәслихат депутаты Азамат Айтхожин шаһарды газдандыру, көгілдір отынды үйлерге тарту мәселелерін көтерді. Мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов әлеуметтік әлжуаз санатындағы азаматтарға газдандыру бойынша  жеңілдіктер туралы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы тарапынан аз ақпарат берілетінін айта келе, осы жұмысты күшейту керектігін айтып өтті.

Жиынға қатысқан қала әкімінің орынбасары Есет Байкен аудандардың әкімдіктері мен жауапты басқармалар тиісті ақпараттық жұмысты нашар жүргізіп жатқанымен келісе отырып, сын орынды екенін айтты. Алда түсіндіру жұмыстарын күшейту керектігін тапсырды.

– Қала әкімі аппараттық жиында кемінде тұрғындардың 70 пайызына газ қосуға тапсырма берді. Бұл мақсатқа жетуіміз керек. Аудандардың әкімдіктері газдандыруды жеделдету қажет, ал біз өз тарапымыздан ақпараттық қолдаумен қамтамасыз етеміз, – деді Есет Байкен.

Мәслихат депутаты Нұрдәулет Оразханов автономды жылу жүйесіне қосылған «Араби» тұрғын үй кешенінің тұрғындары дизель тапшылығы болмай ма деген алаңдаушылық білдіргенін айтты. Оған Отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Марсель Ұзақбаев мәселе бақылауда екенін жеткізді. Депутат Алмат Жүнісов «Кирпичный» және «Казгородок» тұрғын алаптарының инфрақұрылымы мәселелерін көтерді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button