Елорда тынысы

Жәрмеңке арқылы жұмыспен қамтылады

Осы аптада Астана қаласы әкімдігі Халықты жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Биылдыққа бесінші рет ұйымдастырылып отырған еңбек жәрмеңкесіне 68 жұмыс беруші қатысып, олар келушілерге 1820 бос жұмыс орнын ұсынды.

Аталған орталық директоры Азамат Байтасовтың айтуынша, биыл осындай 10 жәрмеңке өткізу жоспарланған.

– Жәрмеңкені жыл сайын өткізіп келеміз. Осыған дейін барлығы 300 жұмыс беруші қатысты. Ең көп сұранысқа ие мамандықтар қатарында – сауда менеджері, тәрбиешілер, есепшілер, несие менеджерлері-консультанттар, сәулетшілер, инженер-жобалаушылар бар. Сонымен қатар денсаулық сақтау, сауда, өндіріс және құрылыс саласында мамандар жетіспеушілігі байқалды. Жыл басынан бері өткен 4 жәрмеңкеге 2 мыңнан астам адам келіп қатысты. Оның мыңнан астамы консультация алды. Соның ішінде 500-ден астам адам екінші рет әңгімелесуге шақырылса, содан 240 адам жұмысқа қабылданды, – деді орталық басшысы.

Орталықтың жұмыс берушілермен өзара іс-қимыл жөніндегі бөлім басшысы Бақыт Рақышева бос жұмыс орындарының дені білім беру, денсаулық сақтау, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі салаларынан табылып отырғанын жеткізді.

– Жәрмеңкеге ЖОО енді бітірген түлектер де, ересектер де келіп қатыса алады. Сонымен қатар алименттік қарызы барлар, пробацияда тіркеуде тұрғандар және бас бостандығынан айрылып, жазасын өтеп шыққандар мен әлеуметтік осал топтар өкілдері де жәрмеңкеге қатысуға мүмкіндік алды. Бастапқыда түйіндемесімен келіп, жұмыс  берушімен әңгімелеседі. Әрі қарай өзара бір шешімге келген соң біз арқылы басқа құжаттарын түгендеп тапсырады. Әр жәрмеңкеге 300-500 адам қатысады. Жалпы мұндай жәрмеңкені қараша айына дейін өткізу жоспарланған, – дейді ол.

«Астанаэнергосбыт» ЖШС кадр бөлімінің маманы Әлия Ысқақова бұл жәрмеңкеге екі апта сайын қатысып тұратындарын айтты. Бұл жолы олар еңбек жәрмеңкесіне келушілерге 7 бос жұмыс орнын ұсынып отыр. Олардың ішінде контролер, электромонтер, оператор сынды мамандықтар бар.

Ал М.Тынышбаев атындағы Ақмола колледжі атынан 4 бос жұмыс орны ұсынылды. Колледжге қазіргі таңда бас есепші, есепші, оқытушы және еден жуушы қажет екен. Соның ішінде бас есепші мамандығына тәжірибесі бар азаматтар таңдалады.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button