Елорда тынысы

Жәрмеңке жалғасып жатыр

Астанада әр аптаның сенбі, жексенбі күндерінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылуда. Өткен демалыста елордалықтарға Атырау мен Жамбыл облыстарының тауар өндірушілері өз өнімдерін ұсынды.

2 қыркүйекте басталған өңірлік ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне жұрт биыл жылдағыдан да көп келуде. Алғашқы болып елордаға өз өнімдерін ала келген Түркістан облысының 70-ке жуық ауыл шаруашылығы өндірушілері 556 тонна өнім әкелсе, Атырау мен Жамбыл облыстарының аграршылары бұл жолы жәрмеңкеде 300 тоннаға жуық өнім ұсынды. Олардың арасында жылқы, сиыр, қой және тауық еттерімен бірге шұжық өнімдері, сүт өнімдері, кондитерлік өнімдер, макарон өнімдері, балық, көкөністер мен жеміс­тер мол болды.

– Әр облыс елордаға өздері өсіретін немесе өндіретін өнімдерін әкеледі. Бұл ретте оңтүстік аймақтар бақша дақылдарымен, ал батыс өңірлері балық және ет өнімдерімен танымал екені белгілі. Өндірушілер жәрмеңкеге арналған ассортиментті өз еріктерімен таңдайды. Өткен демалыс күндері астанаға Атырау және Жамбыл облыс­тарының ауыл шаруашылығы өндірушілері келіп, 300 тоннаға жуық өнімдерін әкелді. Барлық өнім нарықтағы бағадан едәуір төмен бағада сатылуда, – деді Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған жәрмеңкелер өңірлерден келген ауыл шаруашылығы өндірушілеріне өз өнімдерін делдалсыз, тұтынушыларға тікелей сатуға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде тауарлардың бағасы нарықтық бағадан 10-20%-ға төмен.

Жәрмеңкеге келіп, күнделікті тұрмысқа аса қажетті азық-түліктерді арзан бағамен көптеп сатып алып жатқан тұрғындарды әңгімеге тарттық. Солардың бірі – елордалық Амангелді Тиышбаев. Ол жыл сайын осындай жәрмеңкелерді асыға күтетінін жеткізді.

– Мен жыл сайын осындай жәрмеңкелерден қалмаймын. Маған тауарларды тікелей шаруалардың қолынан алған ұнайды. Әсіресе, Жамбыл облысынан келген көкөністер бұл жолы тым тәтті әрі бағасы да базардағыдай емес, арзандау болды. Маған сондай-ақ бұл жерде сатушылармен саудаласуға болатыны ерекше ұнайды. Ал кейбір сатушылармен таныс болғандықтан, олар маған жеңілдік жасап тұрады, – деді елордалық зейнеткер Амангелді Тиышбаев.

Астанада өтетін жәрмеңкеге жыл сайын әр облыстан 50-70 фермер келеді. Соңғы уақытта олардың саны артуда.

Биыл сауда кеңістігі Тәуел­сіздік даңғылындағы Қазақ Ұлттық Өнер университетінің алдындағы алаңға көшірілді. Бұл, әсіресе осы маңда тұратын тұрғындарға тіпті қолайлы болып тұр.

– Жәрмеңкелерге арналған орындар үлкен және бос болуы керек, сондай-ақ өніммен бірге жүк көлігі үшін ыңғайлы болуы керек. Әрі бұл сатып алушыларға да қолайлы болуы керек. Өйткені, жұрттың көбі бұл жерге көлікпен келеді, сондықтан жәрмеңкенің жанында үлкен сыйымдылығы бар тұрақ болғаны жөн. Осыған орай, біз биыл ҚазҰӨУ алдындағы алаңды ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізілетін орынға айналдырдық. Бұл көлік тұрағына да, қоғамдық көлік аялдамаларына да ыңғайлы, – деді Мақсат Жаңабаев.

Елорда тұрғындары өңірлік өнімдерді қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік туғыз­ған ұйымдастырушыларға дән риза. Әсіресе, Атыраудан келген балықтарды сатып алу үшін кезекке тұрғандардың қарасы көп болды. Солардың бірін әңгімеге тарттық.

– Бүгін бұл жәрмеңкеге Атыраудың балығына бола келдім. Күткенімдей, көп әкеліпті өздері. Ұнатқан балықтарымды таңдап сатып алдым. Халық та таңнан бері жан-жақтан осы жерге ағылуда. Барлық өнім нарықтағы бағадан едәуір төмен сатылып жатыр. Осындай мүмкіндік туғызған ұйымдас­тырушыларға алғыс айтамыз. Сондай-ақ, жеміс-жидектер мен  көкөністерді және басқа да табиғи өнімдерді тікелей қазақстандық фермерлерден сатып алғанымызға әрине қуаныштымыз. Бағалар қолжетімді. Маған қарбыз бен қауын ұнады. Сүт өнімдерінің неше түрі бар. Ет, қаймақ, ірімшік, құрт сатып алдым. Келесі аптада тағы келемін, – деді қала тұрғыны Айман Тыныштыққызы.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі қазан айының соңына дейін жалғасады.

 

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button