Елорда тынысы

Заңгерлер тегін көмек көрсетті

Жақында Астана қаласының «Конгресс холл» концерт залында республикалық «Халық заңгері» акциясы өтті.

«Параграф» ақпараттық-анықтамалық жүйесі мен Қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті бірлесіп ұйымдастырған іс-шараға елімізге кеңінен танымал заңгерлер мен адвокаттар қатысты.

Бұл күндері белсенді топ құрамында заң ғылымдарының докторы, Астана қаласы кәсіпкерлік, заң және құқық тәртібі қоғамдық кеңесі комиссиясының төрағасы, профессор Есберген Алауханов, заң ғылымдарының кандидаты, адвокат Айгүл Исмағұлова, «Куратор» заң палатасының  заңгер-кеңесшісі Әсемгүл Доскенова және тағы басқа  адамдар халыққа тегін заңдық көмек көрсетті.

Заң кеңесшілері палатасының төрағасы Әнуарбек Ысқақовтың айтуынша, елордадағы акция кезінде заңгерлерге негізінен әлеуметтік тұрғыда көбірек сауал қойылды. Әсіресе, алимент төлеуге, жол-көлік оқиғасы кезіндегі шығынды өтеуге байланысты сұрақтар легі мол болған.

Осы күні орта есеппен үш жүзден аса адам заңгерлер көмегіне жүгініпті. Мәселен, елорда тұрығындары Жұлдыз Оспанова сотқа талап-арызды сауатты жазу жөнінде көмек сұраса, Ермек Құспан өзіндегі жылжымайтын мүлікті қалай заңдастыру жолдары туралы кеңес алды.

– Біз бұрын ақша төлеп адвокаттарға жүгініп жүрдік. Бірақ олардың берген кеңестерінен мәселеміз көп шешіле қойған жоқ. Ал мұндағы мамандар тегін көмек көрсетіп, жан-жақты кеңес береді. Енді алдағы уақытта осы заңгерлермен ақылдаса отырып жұмыс істейтін боламыз, –  дейді олар.

Бүкіл ел бойынша бір мезгілде «Халық заңгері» акциясын өткізіп отырған Қазақстан тұңғыш мемлекет көрінеді. Жоба алдағы уақытта да одан әрі жалғасын таппақ.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button