Қала мен Сала

Көмір қоры жеткілікті

Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің отырысында шаһардың жылыту маусымына ­дайындығы, оған дайындық барысында жасалған жұмыстар туралы қалалық ­Отын-энергетика ­кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Закарин баяндады.

Оның айтуынша, 1-ЖЭО, 2-ЖЭО, аудандық қазандықтар, жылу желілері, электр желілері секілді энергия көздерінің жалпы дайындығы – 96 пайыз. Білім нысандары – 100 пайыз, денсаулық сақтау нысандары – 90 пайыз, мәдени нысандар – 98 пайыз, ал тұрғын үйлер 94 пайыз жылыту маусымына дайын.

Жылыту маусымына дайындық барысында 1-ЖЭО-да №4 және №9 су жылыту қазандықтары, 2-ЖЭО-да біріншіден сегізіншіге дейін энергетикалық қазандықтары, біріншіден алтыншыға дейін турбоагрегаттар және №2, 3, 4 су жылыту қазандықтары жөнделді. Қазір 1-ЖЭО жылыту маусымына толықтай дайын, ал 2-ЖЭО-ның дайындығы 96,1 пайызды құрайды. Мұнда №5 қазандықты күрделі жөндеу және №4 турбоагрегатты ағымдағы жөндеу жүргізіліп жатыр. Қазандық 15 қазанда, турбоагрегат осы аптаның аяғына дейін жөнделіп бітуі тиіс.

Жылу-электр орталықтарында көмір қоры – 492 мың тонна, мазут – 3 мың тонна. «Промышленный», «Пригородный», «УПТК», «Железнодорожный», «Мичурино», «Интернациональный» тұрғын алаптарындағы аудандық қазандықтар да отынмен қамтамасыз етілді.

«Астана-Теплотранзит» АҚ-тың жылу желілері 99 пайызға, ­«Астана-РЭК» АҚ-тың электр желілері 91,4 пайызға, «Астана су арнасы» МКК су желілері 100 пайызға, «Астана-Өрнек» ЖШС-тің автономды қазандықтары 100 пайызға дайын.

Елорданы газдандыру жалғасып жатқанын айтқан баяндамашы газ тарату желілерінің 680 шақырымы салынғанын жеткізді. Алматы және Сарыарқа аудандарындағы 10 тұрғын алапта газ желілері толығымен салынды. Нәтижесінде 200 мың астаналық газбен қамту жүйесіне қосылуға қол жеткізді. Биыл Байқоңыр және Есіл аудандарын газдандыру басталды. Бүгінде 14 мың абонент газға қосылды. 1-ЖЭО және 2-ЖЭО-дағы барлық 16 су жылыту қазандықтары газға көшірілді. 20 әлеуметтік нысанды газға қосу жұмыстары аяқталуға жақын.

Елордада қазір 14 орында көмір сатумен 8 негізгі компания айналысады. Барлық компаниямен бағаны өсірмеу туралы меморандум жасалды. Жылдағы жоспарға сай қыркүйек-­қараша айларында ай сайын көмірдің 70 мың тоннасын қалаға жеткізу жоспары жасалды.

Отырыс күн тәртібіне мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді жетілдіру, Астана қаласының рәміздеріне өзгеріс енгізу, Президент сайлауына байланысты үміткерлерге үгіт жұмыстарын жүргізу үшін баспа материалдарын орналастыруға және сайлаушылармен кездесу ұйымдастыруға орындарды беру мәселелері де шығарылды.

Қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркептің мәлімдеуінше, қаланың Астана деп қайта аталуына байланысты елорданың елтаңбасы мен туындағы «Nur-Sultan» деген сөз «Astana» деген сөзге ауыстырылады. Өзгеріс сол ғана. Ал Астана қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары Жанасыл Шәукентаев қала халқының артуына байланысты үміткерлердің сайлаушылармен кездесу өткізу орындары 60-тан 70-ке артқанын жеткізді.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button