Басты ақпаратҰлт ұпайы

Шерхан МҰРТАЗА: Көсемдерді мақтай беретін жазушы-күнбағар

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы-драматург, қазақ журналистикасының патриархы – Шерхан Мұртазаның туғанына ертең 90 жыл болады. Төменде қаламгердің әр жылдары баспасөз бетінде шашылып түскен тіркестерін ұсынып отыр­мыз.

– Президентіміз де айтып жүр. Ресеймен арада кіндік қиылмай тұр. Қиюдың реті жоқ. Алыс-берістің 60-70 проценті сол елмен көрінеді. Үкімет білмей отырған жоқ. Бірақ бір күнде қайтіп өзгертесің? Құбырды қайта төсемей, Атырау мұнайын бері бұра алмайсың. Уақыт керек, қаржы керек. Қарашығанақ газы Орынборда өңделеді. Рыжков­тың, тіпті Қарашығанақтың өзін Ресейге қоспақ болғанын білеміз. Қарап тұрсаң, қолдан жасалған қиянаттар. Сарқыншағы көп. Сарқыншақтан да молдау. Ал кіндігі өмір бойы жабысып тұруы мүмкін емес. «Жетім өз кіндігін өзі кеседі» дейді. Өз кіндігімізді өзіміз кесуіміз керек. Ұлт екеніміз рас болса, ұлттық намыс болса…

***

Өз басым «Лениншіл жаста», «Жалында», «Жұлдызда», «Қазақ әдебиетінде», «Егемен Қазақстанда» адамның анкетасына, жеке іс-қағазына қараған емеспін. Бет-жүзіне қарадым. Имандысына сендім. Жазған-сызғанына қарадым. Талабы барына тоқтадым.

***

Тәуелсіздік таңы атты. Қазақ тілінің күні туды дедік. Қазақ тілі жеке-дара мемлекеттік тіл дәрежесіне көтерілді дедік. Тақиямызды аспанға лақтырдық. Асығыстық болды. Өйткені сол тақия қайтып жерге түспей, бой жетпес бір ағаштың бұтағына ілініп қалған сыңайлы.

***

«Ұлтшыл» деген сойқан сөз. Әлі де «халық жауы» деген мағынада қабылданады. Халқыңа жаның ашыса – «халық жауысың». Осы бір сұмдық сылтаумен отансүйер, ұлтсүйер қаншама есіл ерлердің басын жұтты.

***

Жазушы – халықтың ар-ожданы дегенде, міне, осындай жазушыны айтады. Жата қалып, жанталасып көсемдерді мақтай беретін жазушы – жазушы емес, күнбағар. Ертең көсемдер тағынан тайған кезде сол күнбағар олардың артынан тас лақтырып, жамандап шыға келеді. Ақылды басшы осыны ойлайды. Құр мақтауға күмпие бермейді. Ақылды басшы көпшілікті соңымнан ертем десе, көпшіліктің арасында күнбағардан аулақ жүреді.

***

Сөздегі, яғни саясаттағы тәуелсіздіктің бары бар. Ал экономикада, күнделікті қайнаған өмірде біздің қол-аяғымызды байлап-матап тастаған. Қол-аяғы байлаулы жанды басынан сипап: «сен тәуелсізсің» дегеннен не пайда. Бұрын шідер еді, енді арқан. Арқанмен де алысқа ұзай алмайсың.

***

Осы жерде үлкен мәселе бар. Кадр таңдай білу мәселесі. Осы уақытқа дейін, жасыратын түгі жоқ, жұрттың бәрі біледі, бірнеше үкімет, әртүрлі деңгейдегі талай-талай әкімдер сан-сапалық ауысты. Әртүрлі себеппен. Ал әкімдердің ауыса бергені жақсылық емес. Ол психологияға да көп әсер етеді. Бір жылға, әрі кетсе екі жылға ғана жететін әкімдік ғұмыры барынан сезіктенетін, болашағына сенімсіз әкімдер әуелі елді, жерді көркейтудің орнына, «мұрның барда бір сіңбірдің» әуеніне салады. Жаман психология.

Әкім бол. Бірақ жаңағыдай пиғылдан аулақ бол.

***

Болашағын ойлаған Мемлекет – Мемлекет болып өркендеймін десе, алдымен анаға жағдай жасасын. Алтын мен күміске қолын малдырып қоймаса да, бала туып, тәрбиелеп өсіруге жағдай жасасын.

Әйтпесе, торғайбас бұршақ ұрған егіндей селдіреп, сойдиған сояудай болып қаламыз.

Сонда әңкиген байтақ дала кімге керек? Жатжұрттықтарға ма?

Елбасынан бастап, ауылдағы әкімтайға дейін толғанар мәселе. Толғансаң, шын толған.

***

Енді сол орасан шабуылға қандай тосқауыл қойып жатырмыз? Қара дүлей күшке қарсы қояр қандай қару бар? Дәрменсіз болып отырмыз. Идеология бізге керегі жоқ дедік. Ал жат елдердің бізге жаппай жұмсап отырғаны – идеология. Бір оқ шығармай санаңды, рухыңды, жан-тәніңді, ақыл-ойыңды жаулап алу; сөйтіп сені құлақкесті құлға айналдырып, мәңгүрттендіру, ұлтыңды, тегіңді ұмыттырып, дию пішіндес ету идеологиясы.

***

Астана енді тек бұрынғы Қараөткелдің, Ақмола өңірінің ғана көрінісі емес, елдік реңк алуы керек. Даңғылдарынан, көшелерінен бүкіл Қазақстанның иісі сезіліп тұрар болса игі.

Сонау жылдары Алматыда ең биік мейманхана салынғанда қала басшылары: «Атын не деп қоямыз?» деп пікір сұрағанда, мен: – «Оқжетпес» деп қояйық» дедім. Ұсынысым өтпей қалды, «Қазақстан» деп атады. Қазақстан – мемлекет. Мемлекет ішіндегі мемлекет атауы келісе бермейді.

Енді Астанада түріктер тұрғызған тәп-тәуір, биік қонақүйінің атын адам түсініп болмайды. Тілің де келмейді. Айталық, оны «Хан тәңірі» деп атаса, қандай жарасар еді. Тағы бір ғимарат, яки шағын аудан «Ақ-Жайық», енді біреуі – «Алтай», келесісі – «Алатау» сияқты атаулар алса, «Сарыарқа» болса да бар, сонда Қазақстан түгел болмай ма?

Астана – қазақтың бір-бірімен ажырамас, мәңгілік тұтастығының символы болуы шарт.

Символ – ұрпақтарға үлгі.

Шерхан МҰРТАЗА,

«Намыс найзағайы», Астана, 2017

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button