Басты ақпаратМәселе

Миграциялық үрдіс: күнгей мен көлеңке

Соңғы күндері елде көп талқыланған тақырыптың бірі – Ресейден келген көш. Астана қаласы әкімдігінің онлайн баспасөз мәслихатында осы турасындағы сұрақтарға жа­уап алдық. Спикер ретінде Астана қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб, полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Арман Баймұхамбет және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ қалалық филиалы директорының орынбасары Динара ­Қуанышева қатысты.

– Жыл басынан бері Астана қаласына 29 мың шетелдің азаматы тіркелді. Оның 4 мыңы – ресейлік азамат. Көші-қон заңнамасын бұзған 5 мыңнан аса азамат жауапкершілікке тартылып, 867-сі елден шығарылды. Шетелдіктерді шақырып, олардың елде болу ережесін қамтамасыз етпеген 1083 адам әкімшілік жауапқа тартылды. Шетелдік жұмыс күшін тарту және пайдалану ережесін сақтамаған 93 жұмыс беруші, тіркеу және құжаттандыру ережесін бұзған 2866 азаматқа шара қолданылды, – деді Арман Баймұхамбет.

«Көшіп келушінің Қазақстан Республикасына келуі мен онда болуы қағидасының» 9-тармағына сәйкес, шетелдік азамат үш жұмыс күн ішінде ішкі істер органына хабарлауы міндетті. Егер шетелдік осы мерзімде тіркелмесе Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 518-бабы бойынша жауапқа тартылады. Заңды тұлғалар үшін 10-нан 25 айлық есептік көрсеткішке дейін, ал қайталанған жағдайда 100 айлық есептік көрсеткішке дейін айып­пұл салынады. Бұл 306 мың теңгеге тең. Жеке тұлғалар үшін ескерту түріндегі жаза беріледі, ал қайталап бұзған жағдайда 30 айлық есептік көрсеткіш немесе 91 мың теңге мөлшерінде айыппұл төлейді.

Елге келген шетелдіктер хабарламаны үш тәсілмен бере алады.

Бірінші, жеке және заңды тұлғалар көшіп келушінің келгені туралы электрондық визалық және көші-қон порталы, яғни vmp.gov.kz немесе egov.kz. арқылы тікелей хабарлай алады. Ол үшін қазақстандық тарапқа көшіп келушінің электрондық цифрлық қолтаңбасы және паспорттық деректері жеткілікті.

Екінші, Қазақстан тарапынан қабылдаушы жеке және заңды тұлғалар шетелдіктің келгені туралы хабарламаны тікелей өз ауданы бойынша ішкі істер органының көші-қон қызметінің бөлімдері мен бөлімшелеріне бере алады.

Халыққа қызмет ететін орталықтарға шетелдіктер көптеп жүгінуіне байланысты Сауран №7 мекенжайындағы орталықта қосымша 20 жұмыс орны, Нұрлы Жол А-82 мекенжайында 15 жұмыс орнымен қамтылып, ағымды реттеуге мән берілді. Шетелдіктер жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) алу үшін жеке куәлігі немесе паспортымен жүгінуі тиіс

Үшінші оңай әдіс – Apр Store немесе Play Market-тен e-Qonaq қосымшасын жүктеу арқылы жүзеге асады. Смартфон камерасының көмегімен шетелдіктің төлқұжатын сканерлеп, деректерді жүктеуге болады. Хабарламаны авторизациялау және толтыру интуитивті, бір минут уақыт алады.

– Халыққа қызмет ететін орталықтарға шетелдіктер көптеп жүгінуіне байланысты Сауран №7 мекенжайындағы орталықта қосымша 20 жұмыс орны, Нұрлы Жол А-82 мекенжайында 15 жұмыс орнымен қамтылып, ағымды реттеуге мән берілді. Шетелдіктер жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) алу үшін жеке куәлігі немесе паспортымен жүгінуі тиіс, – деді мемлекеттік корпорациясының өкілі.

Миграцияға саяси көзқарасқа қатысты себептер, кикілжіңдер, соғыс сияқты түрлі сипаттағы қиындықтар, жаңа жұмыс орнын іздеу, өмір сүру салтын өзгерту, экология, білім алу мақсатымен жер ауыстыру т.б. жағдай әсер етеді. Қазір Ресейден миграция­лық ағын байқалады. Негізгі себеп – ресейліктер жартылай мобилизациядан қашуда.

Басқарма басшысы Илья Скубтың сөзінше, Қазақстан мен Ресей арасындағы еңбек миграциясы жергілікті жердің заңдары және Еуразиялық экономикалық одақтың келісім негізінде іске асады.

– Елге келетін шетелдіктер Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» Заңына бағынады. Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру және көшіп-қонуы туралы келісімге сәйкес жүзеге асады.

Жыл басынан бері біздің басқармаға 92 адам «босқын» мәртебесін алуға жүгінді. Оның екеуі – ресейлік азамат. Қазір бұл ұсыныс заңға сай қаралуда. Елордада босқын мәртебесі төрт адамға берілді. Оның екеуі – Қытай және екеуі Ауғанстан елінің азаматы.

Биыл 866 адам «қандас» статусын алды. Атап айтқанда, 520 қандас Өзбекстаннан көшіп келсе, Ресейдан – 149, Қытайдан – 122, Моңғолиядан – 48, Қырғызстаннан – 15, Түркменстаннан – 6, Иран мен Тәжікстаннан – 2, АҚШ пен Швейцариядан 1 адам тарихи отанына оралды, – деді Илья ­Скуб.

Көші-қон процесі бақылауда, елдің ішкі жағдайына теріс әсері болмайды. Онлайн брифингтен осындай ой түйдік.

Биыл 866 адам «қандас» статусын алды. Атап айтқанда, 520 қандас Өзбекстаннан көшіп келсе, Ресейдан – 149, Қытайдан – 122, Моңғолиядан – 48, Қырғызстаннан – 15, Түркменстаннан – 6, Иран мен Тәжікстаннан – 2, АҚШ пен Швейцариядан 1 адам тарихи отанына келді

ЕЛДІГІМІЗ БҮТІН, БІРЛІГІМІЗ БЕКЕМ БОЛСЫН

Шын мәнінде, бізде бәрі дұрыс па? Ресейден келетін ұлы көштің ішкі нарыққа әсері қандай? Бұл сұрақтарды да назардан тыс қалдырмай, саралап көрдік.

Сарапшылар Google іздеу жүйесінде «Ресейден қайда көшуге болады?» деген сауал өте көп ізделетінін айтуда. Ресейліктер өмір сүруге ыңғайлы елдерді іздестіріп жатқаны, оның ішінде, Қазақстанды таңдайтыны анық.

Солтүстіктегі көршімен шектесетін 7,5 мың шақырымдық шекарада 30-дан астам өткізу пункт бар. Қазір облыстардағы шекаралық пунктерде ұзын-сонар кезек қалыптасты. Мұны әлеуметтік желіден көріп, біліп отырмыз. ҰҚК Шекара қызметі мұны ресми мәлімдеп, төрт автомобильдік өткізу пунктінде кептеліс байқалатынын растады.

Ресей президенті мобилизациядан қашқандарды 10 жылға дейін соттауды тапсырғанымен, көштің қысқарар түрі жоқ. Тіпті 21-25 қыркүйек аралығында Ресей шекарасынан 250 мыңнан астам ер-азамат шекарадан өтті деген ақпарат бар. Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, елдің шекарасына кіріп-шыққан көліктер саны 20 пайызға көбейді. Әсіресе, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Батыс Қазақстан облысындағы пункттерде 500-600 көліктің кезекте тұрғаны белгілі болды.

30 жылда 1,5 миллион қандас­ты қабылдадық деп мақтанып жүргенде, айналдырған 8 айда бұл көрсеткіштен асырып жібердік. Ішкі істер министрлігі Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Аслан Аталықовтың сөзінше, жыл басынан бері елге 4 миллион 399 мың шетелдік келсе, соның 1,7 миллионы – Ресейден, 1,5 миллионы – Өзбекстаннан, 547 мыңы – Қырғызстаннан, 200 мыңы Тәжікстаннан келді.

Әрине, ресейліктерді біз шақырып жатқан жоқпыз, олар соғыс­тан қашуда. Осындай қарқынмен жалғаса берсе, жыл аяғына дейін 3-3,5 миллионнан асайын деп тұр-ау шамасы! Бұлай деуіміздің себебі – ресейліктер Қазақстанда визасыз 30 күн жүре алады. Одан артық қалғысы келсе, миграциялық қызметке тіркеліп, тағы 60 күнге создыруға мүмкіндігі бар. Яғни бір жылға жуық уақыт емін-еркін жүруге толық құқылы. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер осындай міндеттемені орындауы тиіс. Ресейліктер тағы амалын тауып, тіпті азаматтық алса не болады? 30 жылда қазақтың үлес салмағы 69,6 пайызға жетті деп қуанып жүргенде, өзге ұлт өкілдері көбейіп, ұлттық мәселелерді шешу тағы да шегеріле бермей ме? Өйткені ресейліктер орысы басым өңірлерді қоныс ететіні айтпаса да түсінікті ғой!

Журналист Камшат ­Тасболат: «Халыққа қызмет көрсету орталығында, «Хан шатырда» ресейліктер өріп жүр. ХҚК-де алдымда бір ресейлік тұрды, ЖСН алуға рұқсат берілмеген сияқты. Себебін анықтауға кетті. Жалпы, ресейліктерге ЖСН беруді мемлекет тыйды деп үміттенеміз. Георгиев лентасын көліктеріне іліп алып, жол ережелерін бұзып та жүргендері бар. «Сергек» отандық нөмірлерді байқай қалады ғой, ал ресейлік көліктерді ше? Байқауымызша, сауда орталықтарындағы қызмет көрсету саласында жергілікті орыстар, яғни, өз азаматтарымыз емес, ресейліктер төбе көрсете бастаған сияқты. Баяғы 90-жылдардағы демографиялық, экономикалық, әлеуметтік жағдайға ешкім оралғысы келмейді» деп секемденеді.

Расында кеше Сауран №7 мекенжайындағы халыққа қызмет көрсету орталығында ұзын-сонар кезек қалыптасты. Тіпті жүздеген адам ғимараттың сыртында бірнеше қатарда тұрып, кезегін күтті.

ЖАЛДАМАЛЫ ПӘТЕР АҚЫСЫ ҚЫМБАТТАДЫ МА?

Елге ел қосылса құт дейді ғой, бұл жолғысы жұт болмаса болғаны! Себебі нарық бағамы құбылып, пәтердің бағасы өскені жайлы ақпарат шыға бастады.

Белгілі айтыскер ақын Әсем Ережеқызы facebook-тегі аккаунтында: «Шетте оқып жатқандықтан «Астанадағы пәтерімді бос тұрмасын» деп жалға беріп қойғанмын ғой! Осы айдың аяғы алты айдан бері тұрған қыздар жатақханаға шығып, пәтерді krisha.kz бердім. Бүгіндікке екі ресейлік сұрапты. Біріншісіне үзілді-кесілді «бермеймін» дедім. Екіншісі мәскеулік жігіт «IT саласының маманымын, табысым өте жақсы, арақ ішпеймін, темекі шекпеймін. Алты айлық пәтерақыны бірден төлейін» депті. Сіңлім бұл хабарды қуана жеткізді. Пәтерің жақсы өтетін болды деп тұр ғой, қайтсін енді?! Қазақ жастары солардың кесірінен далада қалып жатқанын естіп-көріп отырмыз. «Бермеймін» дедім. Артынша екі қазақ қызы «тұрып жатқан пәтерімізді пәтер иелері 300 мың теңгеге көтеріп жіберді. Төлей алмай шығып кеттік» деп хабарласқан екен. Бағасын біраз түсіріп сол екі қызға бер, азын-аулақ ипотекасын жапса болды дедім. Орыстар ренжімес, неге ренжімеу керегін өзі де білетін шығар» деген жазба қалдырды.

Атырау қаласынан бала-шағасымен көшіп келген Руслан Үсенбаев елордадағы ғылыми орталықта қызмет етеді. Жарын да балабақшаға орналастырған екен. Есілдің оң жақ бетінен 160 мың теңгеге пәтер жалдап тұрады. Біле білген адамға аз қаржы емес. Енді үйдің иесі пәтер ақыны 260 мың теңгеге көтеретінін айтыпты.

– Пәтер иесі хабарласып: «Ұсыныс көптеп түсуде. Ресейліктер 300-350 мың теңгеге сұрауда. Қазақсың ғой, 260 мың теңгеге берейін. Тұра беріңдер» деді. Не айтарымды білмей, есеңгіреп қалдым. Өзімнің жалақым – 200 мың теңге. Әйелімдікі – 140 мың теңге. Сонда тапқан-таянғанымды пәтерге берсем, қалай күн көремін? – деп жыларман болып отыр.

Әрине, бұл жағдай әрең күнін көріп отырған халыққа жұдырық болып тигендей. Естеріңізде болар, қайбір жылы рубльдің құны түсіп, Ресейдің ескі-құсқы көлігін тасып, оларды біраз байытқан едік. Сол кездегіге қарағанда рубльдің құны екі есе өсті. Қазір рубль теңгеге қарағанда едәуір құнды болғандықтан, ресейліктер үшін пәтерді жалдауда, азық-түлікті алуда қиындық болмайды.

Біз Сауран көшесіндегі халыққа қыз­мет көрсетуге орталығына барып, сондағы ресейліктерді сөзге тарттық. Өзін Антон деп таныстырған азамат Новосібір қаласынан келгенін айтты. Ол қазіргі жағдайға байланысты Қазақстанға келгенін, IT саласының маманы екенін айтты.

Ресейдің Краснодар аумағынан келген Александр Самохиннің айтуынша, Астанаға келгелі туристік орындарды аралап, көріп шығыпты. «Маған қала және оның тұрғындарының жылышырайлығы қатты ұнады. Ыңғайлы жұмыс тауып жатсам, келешегімді Қазақстанмен байланыстырғым келеді» дейді ол.

Нарықта сұранысқа сай бағаның қымбаттауы – заңдылық. Қазір шекарада қаржы айналымы қалыптасты. Бұл сөзімді «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Смағұл қуаттап: «Көкшетаудың вокзалында тұрмыз. Астанаға туыстарымызды шығарып салуға келгенбіз. Таксилер бағаны удай қымбаттатып жіберіпті. inDriver-ден көлік іздедік. Таппадық. Желіде ешкім жоқ. Таксистерден бағаны неге шарықтатып жібердіңдер десек, Көкшетаудың бар таксиі Петропавлда Ресейден келіп жатқандарды күтіп алып, мол ақшаға айтқан жеріне апарады екен. Мұнда такси қат болғасын бағасын көтеруге тура келіпті».

Күні кеше Қостанайдан көршім келді. «Көкшетауға барған едім. Қостанайда такси қызметіне сұраныс артты дегеннен кейін, сонда тарттым. Шынымен Қостанайдың теміржол вокзалында адамның қарасы қалың. Көбісінің арманы – Астанаға жету. Содан үш адамнан 250 мың теңге алып, Астанаға жолға шығып кеттік!» деп мақтанып айтып отыр.

Ресейліктердің Қазақстанға көптеп қоныс аударуы нарықтан бөлек, банк саласына да әсер етуде екен. Өйткені шекарадан бері өткендердің басым бөлігі валютасын теңгеге осы жақта ауыстырады. «Бұл біздің банктерге тиімсіз болғалы тұр» дейді экономистер.

Біздің ресейліктерді жарылқауға экономикалық потенциалымыз жете ме екен? Әсіресе ең төменгі жалақы – 60 мың теңгемен күнелтетіндердің жағдайы қалай болмақ?

P.S: Не болса да, сыртқы миграцияны тоқтату үшін шекараны жауып тастай алмаймыз. Қазақстан халқы Ассамблеясы деген құрылым өзінің тиімділігін дәлелдейтін кез келді. Осы уақытқа дейін Парламент Мәжілісіне дейін квота арқылы өтуіне жағдай жасап, кең мүмкіндік берілді. Енді олар сырттан келген өзге ұлт өкілдері біздің елдің заңына бағынуды жан-жақты насихаттап, елдің береке-бірлігін арттыруға үлес қосуы тиіс.

 

 

 

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button