Мәдениет

Оқушылар архивпен танысты

Кеше елімізде «Архив және болашақ ұрпақ» атты республикалық жоба аясындағы шаралар өтті.

Бұл жоба аясында мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындары студенттері саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы архивтегі аса құнды құжаттарды, ХХ ғасырдың 20, 30-жылдарындағы ашаршылыққа қатысты материалдарды, жастар қозғалысының тарихын, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің қалыптасуын және басқа да тарихи фактілерді куәландыратын құжаттармен танысып, білімін жетілдіре алады.

Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен жүзеге асқан республикалық жоба аясында еліміздің барлық мемлекеттік архивтерінде «Ашық есік» күні өтті.

«Жас азаматтар үшін музейлер мен кітапханалар ғана емес, архивтер де маңызды тарихи оқиғаларды, ұлттық дәстүрді, Қазақстанның көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлерінің қызметін зерделеуге арналған орталыққа айналуға тиіс. Өз еліміздің тарихына үңіліп, сирек кітаптарды реставрациялау, қолжазбаларды сканерлеу, саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы архив құжаттарын өз көздерімен көру маңызды деп ойлаймын. Біз әртүрлі жастағы балаларды қамтып, оқушылар мен студенттерге аса құнды құжаттарға қол жеткізуге мүмкіндік беруіміз керек», – деп атап өтті Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.

Астана қаласының мемлекеттік архиві бұл жобаны қолдап, «Менің қаламның тарихы» атты экскурсиялық көрме өткізді. Іс-шараның мақсаты – балалардың Отанға деген сүйіспеншілігін ояту, елордамыздың қалыптасу тарихымен жақын таныстыру, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелеу.

«Оқушылар өздерінің өмір сүретін қаласының тарихын тереңінен түсініп, түйсінетін болса, болашақта құрметпен қарайды деп сенеміз» дейді ұйымдастырушылар.

Іс-шара барысында оқу­шылар көрмені қызыға тамашалады. Сұрақтар қойып, өздеріне қызық әрі керек ақпараттар алды. Викториналық сұрақтарға дұрыс жауап берген оқушыларға «Елорда – Тәуелсіздік символы» кітабы сыйға тартылды.

Баян Асылбекова

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button