#Жаңа Қазақстан

Сайлауға салғырт қарамайық!

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағымдағы жылдың 1-қыркүйегіндегі халыққа Жолдауында баса назар аударған маңызды мәселелерінің бірі – кезектен тыс президент сайлауы туралы айтқаны болды. Енді 20 қараша күні сол сайлау өтетіні де анықталды.

Бүгінгідей алмағайып заманда, көрші мемлекеттерде болып жатқан текетірес пен экономикалық және саяси дағдарыс кезеңінде ел болашағына тікелей қатысты, маңызды сайлауды өз деңгейінде өткізудің оңай емес екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан да халықтың саяси бетбұрысқа, жаңа заманға бет бұрған «Жаңа Қазақстанның» бағыт-бағдарын айқындауына, ел экономикасының өркендеуіне, тұрмысының жақсаруына айрықша мән беруінің аса керек екенін түсінетін кез келді.

Халқымыздың сан ғасырлық тарихында ұлы жеңістер мен сәтсіз жеңілістердің көп болғанын білеміз. Жеңіс туы желбіреген сол ғасырларда ел бірлігінің ерекше бекем боп, бір тудың астына, бір мақсат, бір мүдде жолында, атап айтқанда, елдік мүдде жолында біріккенін де көріп отырмыз.  Міне, біздің қазіргі жағдайымызда ағайын ара алауыз болмай, бір-бірімізді қолдап, қуаттап бір тудың астына жиналуымыздың аса қажет екенін түсіндіргендей.

«Алтау ала болса ауыз­дағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деп дана халқымыз бекер айт­паған, төрт төңіректен төнген сұғанақ көздердің алдында біздің бірлігіміздің бекем болуы ауадай қажет. Ел еңсесін басып отырған қымбатшылық та, ауру-сыр­қау, дерт-дербез де кетеді. Екі-үш жылдан бері қарай ауыр жағдайларды да ақырын-ақырын еңсеріп келеміз. Бізге жолығып жатқан қиындықтардың барлығы да өткінші. Бізде мәңгілік тек ел іргесінің тыныштығы, халықтың баяшат өмірі, мемлекеттің тұрақтылығы, ұрпақ сабақтастығы. Сондықтан да ел болып, өз болашағымызға бейжай қарай алмайтын уақыттың жеткенін білгеніміз абзал.

Тәуелсіздік – біздің бойтұмарымыз екенін әрқашан естен шығармауымыз керек. «Жаңа Қазақстанның» дамуының жаңа дәуірге бетбұрғанын да түсіне білуіміз, оның бір күннің шаруасы емес, жылдарға созылатын талпыныс негізінде қанаты қатайып, буыны бекіп нық тұратынын түсінуіміз керек. Қ.Тоқаев айтқандай, «Әділетті Қазақстан» құрудың ұлы міндеті тұр.

Отан – отбасынан басталатынын, отанды сүю мен елге қызмет ету бала жастан бойға сіңіріп өсетін қасиеттердің бірі екенін ескерсек, отбасы тәрбиесіне де аса назар аударуымыз тиіс. Баланы жастан отансүйгіштікке, ұлтының ұлағатты азаматы болуға, намысты, жігерлі азаматтардан болып шығуына күш салу керек. Бүгінгі Қазақстанның ең басты байлығы адам капиталы екенін есте ұстасақ, халқымыздың демографиялық жағдайына баса назар аударып, ұрпағымыздың алаңсыз өсіп-өнуі мен дені сау, білімді ұрпақ боп жетілуіне барынша шарт-жағдай жасауға ұмтылуымыз тиіс.

«Жаңа Қазақстанның» іргетасы бір күнде қалана салмайтынын түсініп отыр­мыз. Өткен отыз жылдағы жалпы өмірімізді сараптап, ұтқан мен ұтылған кездерімізді, табыстарымыз бен сәтсіздіктерімізді безбендеп, оған саяси, ғылыми тұрғыдан сараптаулар жасап, артықшылығы мен кемшілігі туралы саяси баға беріліп, ондағы кеткен қате-кемшіліктердің алдан шығып тағы да қайталанбауына кепілдік беруіміз міндет болып саналады. Сонда ғана біз қазақ дейтін ұлттың мәңгілік болашағының бар екеніне көзімізді жеткізетін боламыз.

Әрине, сайлау бір-екі адамның, болмаса бір-екі партияның ғана төңірегінде алып барылатын шағын іс-шара емес, ол еліміздің әрбір азаматының жұдырықтай жұмылып, елінің келешегі үшін ерінбей қызмет етуге, әрбір саяси үгіт-насихатқа баса назар аударып, саяси додаға түсіп жатқан партиялардың бағдарламалары мен тұжырымдарын мұқият зерделеуі керек.  Бүгінде елімізде бұрыннан бар, қалыптасқан партиялармен қатар, жаңа партиялар да құрылып, өз кандидаттарын ұсынуға белсене кірісіп кеткенін көріп-біліп отырмыз. Міне, бұның барлығы да халықтың президенттік сайлауға бейжай қарай алмайтынын аңғартса керек-ті.

Бұл сайлаудың басқа сайлаудан бір өзгешелігі – мұнда президент бір рет қана, жеті жылға сайлана алуы, сонымен бірге екінші қайтара сайлауға түсу мүмкіндігінің жоқтығында. Бұрынғы «Сайлау туралы» заңда бес жылдан қатарынан екі рет сайлауға түсуге болатын болса, бұл реткі заңда тек ел президенті атануға бір-ақ рет орай бар. Бұл «Сайлау туралы» заңға, Ата Заңға енген өзгертулер мен түзетулердің арқасында бекіп, енді екінші қайтара өзгеріске түспейтіні заңмен шегеленді. Президент болып ел басқаруға, халқына қалт­қысыз қызмет етуге жеті жылдың жеткілікті екенін отыз жылдық іс-тәжірибе мен уақыт көрсетіп берді. Сол себепті ел азаматтары мұндай маңызды мәселелерге барынша күш-жігерін салып, өзінің ел президентін сайлаудағы азаматтық міндеттерін сәулелендіре білуі керек деп есептеймін.

Көп ұлтты Қазақстанның азаматтарының діні, тілі, салт-дәстүрі әртүрлі болғанына қарамастан ортақ ұстанымға келіп, елдің ертеңі үшін жүргізіліп отырған ел президентін сайлау науқанына бейжай қарамайды деп санаймын. Қазақстанның топырағын басып, суын ішіп, ауасымен тыныстап отырған әрбір Қазақстан азаматтарының бұл сайлауды алдағы жеті жылдағы ел болашағын айқындаудағы маңызды шешім болатын сайлау деп қабылдауы тиіс. Сондықтан да 20 қараша күні азаматтар елдің ертеңі үшін өз кандидатына, өзі үміт артқан азаматқа өз дауысын береді деп сенемін.

Бүгінде ел назарын ерекше аударып, халықаралық аренада өз орнын ойып тұрып алған кешегі дипломат, қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та өз Жолдауында келесі сайлауға түсетінін атап айтты. Сондықтан да сындарлы саясатшы, салиқалы тұлға, білікті Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың кандидатурасын қолдауға болады деп есептеймін. Өткен үш жылғы ел басқаруында көптеген кедергілердің болғаны белгілі. Енді алдағы жеті жылға қайта сайланатын болса, өз Жолдауында айтылған, халықтың қызу қарсы алуына ие болған ұсыныстары мемлекеттік бағдарламаларға еніп, халықтың игілігі үшін қызмет ететініне үміт артуға болады. Бүгінгі алыс-жақын шетелге, әлемге беделі бар басшының қазіргі қиын жағдайдан халықты алып шығатынына сенім артуға болады деп ойлаймын.

Жасан ЗЕКЕЙҰЛЫ,

Астана қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Аманат» партия­сы қалалық филиалы саяси кеңесінің мүшесі, профессор

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button