Әлеумет

Сандық ғылымның зердесі

немесе сюцай ілімі туралы не білеміз?

Қазіргі таңда уақыт өткен сайын адам дүниетанымын айқындайтын тың ғылыми болжамдар дүниеге келуде. Әсіресе, оған себеп, жаһанда болып жатқан ғылыми, психологиялық, әлеуметтік процестер негізінде сандық технологияның өмірге жаңа қырынан келуі дер едік.

Осы орайда біздің қо­ғамда көпшіліктің назарын өзіне аударып отыр­ған – сюцай ілімі. Ол – ХХI ғасырдағы психологияны зерттейтін сандық ғылым. Әр санның артында адам тағдыры тұрады екен. Сондықтан сандарды сөйлету арқылы өміріңіздің бұралаң жолдарын түзетіп, жаңа да жақсы бағытқа бет бұруға әбден болады. Ол үшін әрбір санның құпиясын жетік меңгеру қажет. Сюцай ғылымында адам өмірінің философия­лық деңгейіне басымдық беріледі.

Ең бастысы, адамдардың күнделікті тіршілігі, қарым-қатынасы, алға қойған мақсаты, дүниелер қозғалыс айналымындағы сандардың мәніне, энергия­сына терең үңілу арқылы болжам жасалады.

Елімізге белгілі ғалым, философия ғылымдарының кандидаты, сюцай мектебінен бірнеше рет дәріс алған Омар Жәлел – сюцай сандық ғылымын терең зерттеп, сандардың сырына терең үңіліп, адамдардың өмірде адаспауына, жақсылықтың даңғыл жолымен жүруіне мүмкіндік беретін бұл ілімді жетік меңгеруге кіріскен ғалым.

– Сюцай – сандық ғылым, осыған орай адамның туған күні оның коды болып есептеледі. Ол ақыл-ойдың тәртібін және жанның дамуын зерттеуді мақсат етеді. Көпшілік сюцайды нумерологиямен салыстырады. Бұл мүлде қате. Өйткені екі жағдайда да біз сандардың адам тағдырына әсері туралы айтып отырмыз. Бірақ сюцайдың қағидалары әлдеқайда тереңірек және оны сандық психология деп атауы тегін емес, – дейді Омар Жәлел.

– Менің сюцай ғылымына қызыққаным, ол сенің ең жақын досың өзің екенін, өмір сүру өз-өзіңмен күресу деген қағиданы алға тартады. Өкінішке қарай, сенімен жақындарың әрқашан бірге бола бермейді. Ренжісу, көреалмаушылық, сатқындық, ұрыс-керіс туыстық байланысты үзеді. Сондықтан адам өзінің жан дүниесіне жанашырлықпен қарауы қажет.

Шындығында, Омар Жәлелдің бұл пікірімен келіспеске болмайды. Олай дейтініміз, қазақ халқында қасиетті саналатын көптеген сан бар. Олардың қатарына 3, 5, 7, 9, 40 сияқты сандар жатады. «Тал бесіктен жер бесікке» дейінгі қолданыста жүрген ырым-тыйымдар мен салт-дәстүрлеріміз осы сандармен тығыз байланысты. Қазақта 7 саны –  қастерлі сан. Қазақ жеті атаға толмай қыз алыспайды. Бала өзінен бастап әкесі, атасы, бабасы, яғни жеті атасының есімін кішкентайынан жаттап өседі. «Жеті атасын білген ұл жеті жұртқа жөн айтар», «Жеті атасын білмеген жетесіз» деген аталы сөз осыдан қалған. Ал 3 саны да халқымыздың ұлттық болмысына әбден сіңіп кеткен. Мысалы, қазақ халқы ер-жігіттің үш жұрты бар дейді. Олар: өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты. Халық осы үш жұртына былай баға берген: өз жұртың күншіл, бар болса көре алмайды; қайын жұртың міншіл, қолыңның ұзындығына қарайды; нағашы жұртың сыншыл, жақсылығыңа сүйінеді. Міне, қарап отырсақ, адам психологиясын зерттейтін сюцай сандық ғылымы қазақтың сандық дүниетанымымен жалғасып жатқан жоқ па? Сюцайдың түп қазығы философия болғандықтан, мазмұны қазақ тарихымен тығыз байланысады. Өйт­кені әрбір санның өз кие­сі, энергиясы, мақсаты болады.

Адам психологиясын зерттейтін сандық сюцай ғылымын ойлап тапқан адам – Жанат Мұхаметқалиұлы Қожамжаров. Ол – өзінің ұстазы, қазіргі заманғы қытай медицинасының маманы Бақыт Нахыспекұлы Байдарлыға өмірінде қатты дағдарыс болған кезде жолыққан. Ұстазы оны ежелгі Тибеттің «отты цигуны» арқылы емдегеннен кейін, оның өмірінде түбегейлі өзгеріс болады. Қазіргі таңда ол «отты цигун» эмоционалды тазарту емін қолдану арқылы адам санасын тыныштата алады. Бұл сеанс қауіпсіз, денсаулықты жақсартады, жүйке жүйесін қалыпқа келтіреді, кундалини энергиясын арттырады. Жанат Қожамжаров дүние жүзі бойынша сюцай ғылымының негізін қалаушы ретінде әлемге танымал. Осы саладағы ұлағатты ұстаз халық­аралық деңгейдегі білікті маман, комплементарлық медицина профессоры ретінде адамдарды психологиялық сандық ғылымға үйретуде. Сюцай халықаралық мектебі Ресейдің Мәскеу қаласында тіркелген.

Сюцай ғылымында тек қана сөздің энергиясы емес, әрбір әріптің сандық кодтары бар. Мысалы, дәлел ретінде әрбір адам есімінің әріптері сандармен есептеледі. Және сол цифлық код бойынша адамның сапалық, сандық қасиеті айқындалады.

Енді біз сюцай мектебінен дәріс алған рес­публикамыздың әр саласында еңбек етіп жүрген адамдардың пікірлерін тыңдасақ.

Зәуреш ЕРМЕКҚЫЗЫ, тарих ғылымдарының кандидаты:

– Ұлы Абай «Мықты болсаң өзіңді жеңіп көр», ал Шәкәрім атамыз: «Адам өзін таныса Құдайын таниды, Құдайын таныса дүниені таниды» деген екен. Сондықтан сюцай арқылы сандардың сырына үңілу кісі тағдырына араша түсудің, күнделікті тіршілікте адамдарды жақсылыққа жетелеудің жолдарын жетік білуге болады. Менің түсінгенім, нумерологияда адамның мінез-құлқы ғана айтылады. Ал сюцай өзіңіздің оң және теріс қасиеттеріңізді қалай дұрыс пайдалану керек, тіпті сіздің шынайы тағдырыңыздың қандай екенін түсіну туралы мағлұмат береді.

Самат ҰРМАҒАНБЕТОВ, «Center Group» құрылыс компаниясының директоры:

– Мен екі рет ­Жанат ­Қожамжаровтан дәріс алғаннан соң, өмірдегі, жұмыстағы және туыс­тармен болған қарым-­қатынаста жіберген қателіктерімді сандық психология негізінде терең түсіндім. Мен сюцай мектебіне дағдарысқа ұшырағанда келдім. Рас, сандық психология қазақтың қа­сиетті сандарымен ұштасып жатқанына көзім жетті. Мысалы, «3» санын алайық. Қазақта үш арсыз: ұйқы, тамақ, күлкі арсыз деген бар. Тілімізде «үш қайнаса сорпасы қосылмайды» деген баламалар да бар. Осының бәрі сюцай сандық психология ғылымында бар нәрселер екен. Біздің компания соңғы жылдары Батыс Қазақстанда 1 миллион шаршы метр тұрғын үй мен коммерциялық ғимарат салды. Сюцай сабағын алғаннан кейін жұмысым жанданды.

Сөз түйіні немесе ақыл-парасат жолымен

Міне, сюцай сандық психологиялық ғылымнан нәр алған адамдардың ой-пікірі осындай. Мен өткен жылы, өзім философ болғандықтан, Жанат Қожамжаровтың Қырғызстанда іссапарда болған кезімде бір танысым арқылы оның лекциясын бір сағат тыңдауға мүмкіндік туды. Сол лекцияда Жанат Қожамжаров отбасы тақырыбында әңгіме қозғады. Сол оқу сабағында 10 жанұя ажырасу алдында екен. Біздің бүгінгі тақырыбымызда қаралатын мәселе отбасын қалай сақтап қалу мәселесі болғандықтан, адамдар сюцай ілімінің сандық ғылым негізіне сүйену маңызды деді ол. Мысалы, Қазақстан бо­йынша айтсам, 2021 жылы елімізде 48232 жанұя ажырасқан. Мұның 72 пайызы – қала халқы, ал 27 пайызы – ауыл халқы. Қазіргі кезде мейірімсіз, жүйкесі әлсіз, ұяты аз жастардың болуы өкінішті. Ажырасудың бірінші орнында Астана тұр, ал ең соңғы орында – Түркістан облысы.

Қарап отырсақ, қазақтың рухын көтеретін тағы бір жол сюцай ілімі болатын түрі бар. Бүгінгі таңда кейбір адамдар мемлекет пен халық алдындағы, үй іші жақындарына байланысты және адамгершілік әлеміне қатысты өзінің азаматтық борышын біле бермейді. «Жаман әдетке жолама», «сараңдықтан аулақ жүр», «ақымаққа сенбе», «арсыз­дан бата алма» деген өткен ғасыр ғұламаларының ­өсиетін сюцай мектебі заңды түрде жалғастырып отыр. Ұлтымыздың жеті қорғаны бар: ол – ел тәуелсіздігі, экономикалық қуаты, тілі, діні,тегі, ділі (ар-ожданы мен салт-санасы, ғұрып-­әдеті) және жан саны. Сюцай халықаралық академиясы осы бағытта адамдардың санасын оятып, ұлттық рухтың жоғалмауына және мейірімі аз, ұяты жоқ ұрпақтың қоғамға пайдасы болмайтынын сандық код бойынша дәлелдеуде.

Олай болса сюцай ілімі – адамның жан дүниесін, өресін, ақыл-парасатын, тәнін, ойлауы мен эмоция­сын қалыпқа келтіретін психологиялық және педагогикалық жүйе. Сондықтан әлемді сандар мен сөздер арқылы адамзат баласы билейді емес пе. Демек, ұлы ойшылдарымыз­дың даналық, тәрбиелік, данышпандық қасиеттері негізінде цифрлық код бойынша сюцай ғылымы иманын ырыс, ата жолын қазына санаған нағыз озық ойлы қазақ ұлтының тәрбиесіне үлес қосып жатса, оған неге бет бұрмасқа?!

Мағжан

САДЫХАНҰЛЫ,

журналист,

философия

ғылымдарының

кандидаты

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button