Қала мен Сала

Су мен жылу тапшылығы болмайды

Астананың қарқынды құрылысына және шаһар халқының артуына байланысты қала тіршілігін қамтамасыз ететін қуат көздерінің тапшылығын болдырмау үшін инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асып жатыр. Қалалық мәслихат депутаттары бірнешеуін аралап, құрылыс жұмыстары барысымен танысты. Соның ішінде «Интернациональный» тұрғын алабындағы 3-сорғы-сүзгі стансасы мен Қорғалжын тасжолы бойындағы «Тұран» газ қазандығына барды.

3-сорғы-сүзгі стансасының құрылысы басталғанына бір жыл болды. Өткен жылдың қазан айынан бері біршама жұмыс тиянақталған. Қазір астаналықтар жай күндері тәулігіне 305 текше метр су тұтынса, демалыс күндері бұл көрсеткіш 326 текше метрге жетеді. Ал аталмыш нысан қалаға тәулігіне қосымша 105 текше метр береді.

– Осы жылдың аяғына дейін нысанның бір бөлігі іске қосылады. Келесі жылдың желтоқсанында толығымен пайдалануға беріледі. Биыл шаһарға осы стансадан тәулігіне 35 текше метр су келетін болады. Қалған 70 текше метр 2023 жылы келеді. Су осында «Вячеслав» су қоймасынан келіп, тазартылады. Сосын қалаға кетеді, – дейді қалалық Отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Марсель Ұзақбаев.

3-сорғы-сүзгі стансасына дейін магистралды су құбырының қашықтығы – 1,33 шақырым. Ал стансадан Тұран даңғылына дейін – 17,55 шақырым. Басқарма басшысының айтуынша, жобаның жалпы құны – 42,66 млрд теңге. Бірақ нарықтағы жағдайға, құрылыс материалдары мен қондырғылардың қымбаттауына байланысты жоба түзетуге жіберілді. Осы жылға 25 млрд теңге бөлінді. Соның 1,2 млрд теңгесі игерілді.

Қалалық мәслихат депутаты Азамат Айтхожин осы нысан «Учхоз», «Күйгенжар» елді мекендерін сумен қамти ма деп сұрады. Марсель Ұзақбаевтың сөзінше, бұл станса Тұран даңғылына дейінгі аумақты қамтиды, аталған елді мекендер үшін 4-сорғы-сүзгі стансасын салу керек.

Мәслихат депутаттары биылғы желтоқсан айына дейін нысанның бір бөлігі пайдалануға берілетініне күмән білдірді. Мердігер «үлгереміз, қондырғылар да, қаржыландыру да жеткілікті» деп сендірді. Осы айдың 15-іне дейін негізгі ғимараттың төбесі жабылады. Ал нысанға жылу тарту үшін автономды қазандық салынады. Депутаттар стансаға желтоқсан айында қайта келіп, тексеретін болды.

«Тұран» газ қазандығы Қор­ғалжын тасжолы және Тұран даңғылы бойындағы үйлерді, жалпы 40 мыңға жуық пәтер мен әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз етеді. Келесі жылыту маусымында нысан жұмыс істей бастайды. Оның қуаты 350 Гкал/сағ немесе 422 МВт құрайды. 2023 жылдың соңына дейін 6 қазандықтың бірінші кезегі іске қосылады. Жалпы жоба келесі жылы кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

Қалада тағы осындай «Тельман» және «Оңтүстік-шығыс» газ қазандығы салынады. Осы үш стансаны қосқанда, елордаға қосымша 1500 Гкал/сағ жылу келеді. «Тельман» газ қазандығы «Тельман» тұрғын алабы мен Тәуелсіздік даңғылының бір бөлігін жылумен қамтиды. Ал «Оңтүстік-шығыс» стансасы «Мыңжылдық» аллеясы, «Нұрлы жол» вокзалы аумағы, «Бағыстан» тұрғын үй кешеніне жылу береді. Осы стансалар салынып жатқан 3-ЖЭО-дан қуатты үш еседен артық беруге қауқарлы.

– Газ қазандықтары құрылысы Мәскеу тәжірибесіне сүйеніп басталды. Бұл жобалар қаржыны да үнемдейді, ЖЭО-дан ұзыннан-ұзақ құбырларды тарту қажет емес. Осындай қазандықтар белгілі бір аудандарға арналған, – дейді қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button