Әлеумет

Тарихи дастан – тағдырлы шығарма

Менің алдымда белгілі журналист, көрнекті ғалым-ұстаз, қазақ мәдениетін зерттеуші, ақын Сағатбек Медеубекұлының жақында «Ан-Арыс» баспасынан шыққан «Оразай» атты тарихи дастаны. Есімі маған жиырма жылдан бұрын таныс қаламгердің жаңа кітабын қызыға оқи бастадым.

Сағатбек Медеубекұлы – аты аңызға айналған тарихи тұлғалар көп шыққан Аспантау өлкесінің тумасы.

Ол ұзақ жыл тау асып, тас басып жүріп жоғалуға айналған халық мұраларын жинады. Қожеке, Мергенбай, Сыбанқұл, т. б. секілді күйші-домбырашылардың; Шалтабай, Сәдіғожа, Қапез, Ырыскелді, т. б. секілді әнші-сазгерлердің; Құлмамбет, Мейірман, Бөлтірік, Көдек, Жүсіпбекқожа, т. б. сияқты ақын-жыршылардың; Қожбанбет, Арықбай, Қашаған, Оразай,  т. б. сынды би-шешендердің өмірі мен шығармаларын түгендей жүріп, қазақтың ұлттық құндылықтарының жоқтаушысы, зерттеушісі ретінде республикамызға және жақын шетелдерге танылды.

Ал енді сөзімізді қысқа қайырып, қаламгердің «Оразай» атты тарихи дастанына қарай ат басын бұралық.

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін төл тарихымызды жинауға, зерттеуге, жазуға мүмкіндік туды. Дана халқымыз «Халықсыз тарих, тарихсыз халық жоқ» деген сөзді тектен-тек айтпаған. Ел тарихын қайта түгендеп еңбек еткен автордың «Оразай» атты тарихи дастанында әйгілі Қарқара жайлауында өршіген 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс басшыларының бірі болған Оразай Қожагелдіұлының (1866-1927) бастан кешкен ауыр тағдыры арқау болады. Аталған шығарма «Сөзбасы», «Қара қылды қақ жарған», «Аттан, қазақ!», «Сөз соңы» секілді төрт бөлімге бөлініп жазылған.

Автор бұл дастанында ел қормалы Оразай би әрі болыстың ат ауыздықпен су ішкен, ер басы мен ат басы сайда қалған ауыр заманда Ұзақ, Жәмеңке, Диқанбай, Жаңабай, Әубәкір, Бекда­йыр, Біләл, Нүке, Жайшыбек, т. б. ел көсемдерімен тізе қоса отырып, Ресей патшалығының қазақ даласына жүргізген зұлым саясатына ашық қарсы тұрған ұлт-азаттық көтеріліс кезіндегі ерлікке пара-пар әрекеттері, қолбасшылық, елбасшылық қайраткерлігі, қанды қыр­ғынның ортасынан елін аман-есен арғы бетке өткізгені, ондағы қиын-қыстауда жұртының бас амандығы үшін басын бәйгеге тіккені, азып-тозған бүкіл босқынның өз Отанына оралуына көрсеткен қажыр-қайраты, сонымен бірге, ел адамдарының қысталаң кезеңдегі қайғы-қасіреті мен мұң-шері, қайсарлығы жан-жақты суреттеліп жазылған.

1917 жылғы қазан төңкерісі патша өкіметін аударып тастап, кеңес өкіметін құрды, бұл қазақ халқы үшін бақ емес, бұрынғыдан да зор сор әкелді. 1916 жылы атамекенін тастап шетел асып қашқан ел қайтадан туған жеріне оралып, жаңа құрылған өкіметтен үлкен үмітпен жақсылық күткен еді. Бірақ кеңес өкіметінің зұлым саясаты барған са­йын күшейіп, елге оралған би-болыс, зиялыларды, атқа мінер белсенділердің астыртын көзін жоғалтып отырды.

Сағатбек Медеубек­ұлының бұл тарихи дас­таны – Оразай би секілді аумалы-төкпелі заманда жасаған ел қормалының өмір жолындағы күрестері ұлт тарихымен ұштастыра сөз етілген тағдырлы шығарма. Қаламгердің Оразай туралы жазған мына деректеріне назар салайық: «1927 жылы ел жайлауға көшіп бара жатқанда Оразайды НКВД аяқасты шақырып сұраққа алады. Ортадағы әңгіме екі жаққа да ұнамайды. Сұрақтан шығып көшке ілесіп келе жатқанда, Екіашаның кіреберісіндегі сайдың аузына келгенде кенет қатты ауырып, көшті тоқтатып, арнайы үй тіктіріп, сол жерде елімен арыздасты».

Тарихта зұлымдығымен аты қалған Ресей патшалығы да, қылышынан қан тамған кеңес өкіметінің де ел үшін еңіреген ерлерге құрығы өте ұзын болған. Босқын болып Қытайға қашып өткен Жүсіпбекқожа Шайхы­сламұлы, Көдек Маралбай, Әсет Найманбайұлы секілді ұлы тұлғалардың да өлімі бейне Оразай болыс сияқты жұмбақ болып қалған.

Екі ел қазағына аты танымал би әрі болыс Оразай қайтыс болып, бір жылдан кейін үлкен ас беріліп, жыр дүлдүлі Көдек Маралбай «Оразай болысты жоқтау» атты көлемді дауыс жазған. Бұл жоқтауды Айтуған ­Көдекұлы 1944 жылы Оразай бидің баласы Дәуітбектен жазып алған.

Қазақ халқы басынан қилы-қилы, алмағайып тар заманды өткізді. Сонау 1916 жылы Аспантау елі жайлаған өлкеде күллі қазақ даласын дүр сілкіндірген әйгілі тарихи оқиға «Қарқара көтерілісі» болды.

Халқымен тағдырлас, жұрт тізгінін ұстаған би-болыс, жақсы-жайсаңдар ел тұтастығы мен жер тұтастығы үшін аянбай күресіп, орыс отаршыларына барынша қарсы тұрды. Сол кезде халық арасында көтеріліс көсемдері айтқан: «Берсең бала өледі, бермесең шал өледі, бала өлгенше, шал өлсін» деген қанатты сөз қалған. Сол ел басына ауыр күн туғанда халқының тағдырына қабырғасы қайысып еңіреген тұлғалардың бірі Оразай еді. Өз дәуірінің жыр жүйрігі Бөлтірік ­Атыханұлы:

Елімде жақсы кісі ­Оразайым,

Жаннан артық жаратқан бір Құдайым, – деп ел ішіндегі Оразай бидің беделін жоғары бағалаған еді.

«Жемісті ағаш иіліп тұрады» дейді дана халқымыз. Ұлттық журналистика саласында, тарих, салт-дәстүр, қазақ мәдениетін тануда өзіндік биікке көтерілген білікті ғалым Сағатбек Медеубекұлының «Оразай» атты тарихи дастанынан мынандай ерекшеліктерді байқауға болады:

Бірінші, «Оразай» атты тарихи дастанның мазмұны, көтерген идеясы, шығарма құрылысы, тіл саптау шеберлігі, тереңдігі мен кемелдігі жан-жақты зерттеп жазылған сәтті туынды деп айтуға әбден болады.

Екінші, тарихи дастан ел ішінде таралған ауызша айтылған әңгімелер негізінде жазылған секілді болғанмен, Оразай бидің образын шеберлікпен сомдаумен бірге әр бөлекте «Әлқиссадан» басталған мұрағаттық деректерді бірлестіре отырып, 1916-1932 жыл аралығындағы үркінге, ашаршылыққа ұшыраған Аспантау елінің арғы жағы мен бергі жағында жасап жатқан бір тайпа елдің қанды тарихының шежіресін толыққанды етіп жазған шоқтығы биік шығарма.

Үшінші, тарихи дастанның соңғы бөлімінде Оразайға дейінгі және кейінгі қазақ елінің басынан кешкен ұлтсыздандыру кезеңі құжаттық нақты деректермен сабақ­тастыра өріліп, алғашқы бөлімдердің заңды түйіні ретінде бүгінмен сәтті ұштастырылған да, асқақ рухпен қорытындыланған.

Төртінші, кез келген қаламгер тарихи шығарма жаза бермейді, оған қажыр­лы ізденіс, үлкен талант керек. Автор «Оразай» атты тарихи дастанында Оразай бимен замандас көптеген тарихи тұлғаның өмірінен сенімді мәлімет беріп, ғасырлар қатпарында қалған көмес­кі тарихтан сыр шертіп, оқырманын өзіне баурап отырады.  Ғалым-ұстаз Сағатбек Медеубекұлының ғылымға адалдығы тарихи дастанында пайдаланған әдебиеттердің, өлеңдердің, қанатты сөздердің автор­лары анық жазылған, ­қиянат ету болмаған.

Беделді ғалымның ­оқырман қауымға ұсынып отырған бұл шығармасы кемелділік пен кемеңгерлік ұштасқан құнды кітап деп ауыз толтыра айтуға болады. Кітаптың ендігі төрешісі – қалың оқырман қауым…

Нұрлан

СӘРСЕНБАЕВ,

Қазақстан Жазушылар

одағының мүшесі, әдебиет зерттеуші

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button