Руханият

Трилогия арқауы – күрескерлік рух тарихы

Ұлттық академиялық кітапханада Кенесары ханның туғанына 220 жыл толуына орай халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы және Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Әділбек Ыбырайымұлының «Семсер жүзіндегі серт» атты роман-трилогиясының таныстырылымы өтті. Шараны Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты Қайрат Сақ жүргізіп отырды.

– Әрине, трилогияны бүге-шігесіне дейін оқып, оған көркемдік-идеялық тұрғыдан баға беру қиын. Бірақ бізге жетпей тұрғаны – ұлттық сана мен ұлттық тарихтың қатпар-қатпар жолдары. Жасыратыны жоқ, бізді өз тарихымыздан, тілімізден, ділімізден ажырату үшін қаншама қысым мен қиянат жасалды. Соған қарамастан Ілияс Есенберлин, Әбіш Кекілбаев, Софы Сматаев сынды қаламгерлер қазақ тарихының ақтаңдақ кезеңінің ақиқатын ашып, оның көркем тарихын жасауға ерекше еңбек сіңірді, – деген ҰҒА академигі Уәлихан Қалижанұлы Кенесары хан туралы бұған дейін жазылған шығармаларға тоқталып, Мұхтар Әуезовтің «Хан Кене» пьесасын ерекше атап өтті. Әділбек Ыбырайымұлының трилогиясының желісі туралы, шығарма кейіпкерлері – тарихи тұлғалар жайлы әңгімеледі.

Белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқар қазіргі заманда трилогия жазу үлкен еңбек екенін айта келіп, автор осы еңбегімен қазақ руханиятына зор үлес қосқанын атап өтті.

Түркітанушы ғалым Қаржау­бай Сартқожаұлы, жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанова, жазушылар Мәди Айымбетов, Несіп Жүнісбайұлы, Парламент депутаттары Әлімжан Құртаев, Нұртөре Жүсіп, Дархан Мыңбай кітап жайлы пікірін айтты.

Тарихи деректерге қанық шығарма үш-төрт ғасырды қамти отырып, қазақтың басынан кешкен хикметтерді сипаттаған эпопеяға ұласқан. Трилогияның «Арланның азуы» атты бірінші кітабы панорамалық композицияда құрылған. Шығарма Кенесары қазасының кінәсін арқалаған қырғыз Орманбет манаптың шешесіне ас беруімен өрбиді. Кітапта қазақ халқының хандық мемлекетінің туы көтерілгенге дейінгі және одан кейінгі кезеңдер қамтылады.

Романның екінші кітабы «Серт» деп аталады. Оның арқауы – Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтеріліс тарихы мен жеке тағдыры. Туындыда Кенесары көтерілісінің ерлік даңқы мен трагедиялық тағдыры тарихи-әдеби желі тартып баян етіледі. Сол себептен роман-эпопеяның бас қаһарманы – Кенесары ғана емес, хан кейпіндегі қазақ халқы.

Бірінші кітапта Қазақ хандық мемлекетінің құрылу кезеңі көркем кестеленсе, екінші кітапта соңғы ханы – Кенесарының қаза табуымен бірге шаңырағының құлағанына дейінгі дәуірді қамтыған.

Трилогияның үшінші томы «Рух» деп аталады. Мұнда қазақ елінің патшалық империяның отаршылдығына қарсы күресі және Кенесарының ұлы, мұрагері Сыздық сұлтанның сол күресті жалғастыруы желі тартады. Роман идеясы Қазақ елінің ХХІ ғасыр қарсаңында тәуелсіздікке жетуі Абылай, Қасым, Кенесары, Сыздық, кешегі Алаш көсемдерінің жанкешті қайраткерлігінің арқасы екендігін аңдатады. Туындының өн бойынан рухты қозғайтын сол кездегі қоғамдық-әлеуметтік оқиғалар, мінез-құлықтық құбылыстар шынайы және кестелі түрде көрсетіледі.

«Кітапты жазудағы ниет, халыққа ұлттық тарихын көркем әдебиет түрінде ұсыну. Бұл – таза ғылымға негізделген тарих емес, көркем әдебиет, тарих сілемімен жазылған шығарма. Қолжазбаны белгілі адамдарға ұсынып, пікірін біліп отырдым. Олардың қатарында Төлен Әбдік, Жұмабай Шаштайұлы, Шәрбану Бейсенова, ақын Ғұсман Жандыбай, жазушы Мамытбек Қалдыбай, ғалым Дүкен Мәсімханұлы бар. Кітаптың шығуына мемлекет қолдау көрсетті. Тұтас­тай шығарманың оқырманға бір мезетте жол тартуы үлкен олжа болды. Кітаптың жарыққа шығуына мемлекеттен бөлек белгілі азаматтар да қамқорлық көрсетті. Сөйтіп, үш айда екі мәрте басылып шықты.

Романның «Семсер жүзіндегі серт» деп аталуының себебі, сол кездегі ата-бабаларымыз бүкіл сертін қылыштың жүзін сүйіп бекіткен. Ал Кенесары басы шабылар сәтінде «Қылша мойным семсердің жүзінде тұрғанда серт етем, орындалмаған арманым – ұрпағыма аманат! Солар рухымды қайта тірілтеді, басқыншылыққа қарсы күресімді қайта жалғастырады! Қазақты осал жұрт демеңдер, жауын алмай қоймайды! Хан Кене құласа да, қазақтың туы жығылмайды! Қазақ түбі тәуелсіздігін алады!» деп ұрпағына Тәуелсіздік жөнінде аманат қалдырды. Аманат, кие, серт, рух бізді асқақ биіктерге апарады» дейді трилогия авторы Әділбек Ыбырайымұлы.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button