Басты ақпаратМәдениет

Тілдер фестивалі түйінделді

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен бір айға жуық уақыт өткен «Тілім – тірегім» атты Қазақстан халқы тілдерінің ХХІV қалалық фестивалі түйінделді. Фестивальдің қорытынды кеші Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрында өтті.

Биылғы тіл мерекесі ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы аясында ұйымдастырылды. Тіл білімінің атасы туған 5 қыркүйек күні «Қаламгерлер» аллеясындағы «Алаш қайраткерлері» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Алаш ардақтыларының рухына тағзым етуден басталған фестиваль шеңберінде 16, жалпы қала бойынша үлкенді-кішілі 300-ден астам іс-шара өтті. Соның ішінде түрлі жарыстар, ресми кездесулер, көңілді кештер, тартысты бәсекелер мен ұлттық ойындар, интеллектуалды сайыстар болды. Қорытынды кеште солардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталып, әсем әндер әуеледі.

– Негізі, тілдер мерекесі, тілдің мәселесі белгілі бір аймен, белгілі бір датамен шектеліп қалмайды. Тілдің мәселесі – ұлттың мәселесі, мемлекеттің мәселесі. Тіл бар жерде, ұлт болады, ал тіл жоқ жерде, ұлтты ұлт деуге келе ме, бұл – күмәнді мәселе, – деген қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп жастарға үндеу жолдады.

– Бұған дейін, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, қазақ тіліне деген, ана тілімізге деген үлкен қызығушылық болды. Сенім ұялап, тілдің әлеуеті жақсы артып келе жатыр еді. Соңғы кездерде интернетке, басқа да себептерге байланысты жастар арасында өзіміздің ана тілімізді менсінбей, өзге тілде көбірек сөйлеу тренді байқалып келе жатыр. Сондықтан өзіміздің ана тілімізді қадірлеуге шақырамын. Өйткені ана тіліміз сіздермен бізден басқа ешкімге керек емес, – деді басқарма басшысы.

Фестиваль аясында өткен қазақша куиз ойындарына белсене қатысқаны үшін «Алаш» тобы мен «Жалын» тобы, үшінші орын алған Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының «Допинг» құрамасы мен қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің «Құтқарушылар» құрамасы, екінші орынды иеленген Астана қаласы әкімдігі қызметкерлерінен құралған «Құрама» тобы және бірінші орынды жеңіп алған Білім басқармасының «Тіл жанашырлары» құрамасы марапатталды.

«Ханталапай» ұлттық ойындар сайысында үшінші орынды №42 орта мектеп оқушысы Нұрдәулет Ақышов, екінші орынды №52 мектеп- гимназиясының оқушысы Ырыскелді Аттокуров, бірінші орынды №7 мектеп-гимназиясының оқушысы Дастан Амангелді иеленді.

Тоғызқұмалақ сайысында ептілік көрсетіп, топты жарған жеңімпаздар: үшінші орын – №32 мектеп-гимназиясының оқушысы Жеңісхан Қабылбек, екінші орын – №32 мектеп-гимназиясының оқушысы Әлихан Жахан, бірінші орын – №90 мектеп-гимназиясының оқушысы Диас Боранбай.

Арқан тарту сайысында үшінші орын №24 орта мектептің құрамасына, екінші орын №52 мектеп-лицей құрамасына, бірінші орын №85 мектеп- лицей құрамасына берілді.

16 келілік гір көтеруден үшінші орынды №85 мектептің оқушысы Еркебұлан Әлемхан, екінші орынды №52 мектептің оқушысы Бағдәулет Темірбеков, бірінші орынды №85 мектептің оқушысы Даниал Медетұлы иеленді.

Мобилографтар сайысында Асылжан Құдайберген мен Әлия Түгелбаева үшінші орынды бөлісті. Меруерт Жақсыбай екінші орынды алды, ал Дастан Мүрсәлім үздік мобилограф атанды.

Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер кеш барысында марапатталды. Жаңабай Өтегенов, Медет Салықов пен Клара Төленбаева, Шахризат Сейдахмет, Құрмаш Маханов секілді белгілі әншілер, караоке жарысында жақсы өнер көрсеткен Мағжан Ғалымбек, «Іңкәр-ай» би тобы кешке жиналғандардың көңілін көтерді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button