Басты ақпаратБілім

Түлектер неге мамандық таңдай алмайды?

Адам өмірінде екі маңызды таңдаудан шатаспауы керек. Біріншісі – өмірлік жарын таңдау, ал екіншісі – мамандық таңдау. Мамандық таңдау – 16-17 жасқа келгенде алдыңнан шығатын ең өзекті мәселе. Сенің бұл таңдауың алдағы өміріңе, біліміңе және тұлға ретінде дамуыңа үлкен әсерін тигізеді.

Кейбір балалар кішкентай кезінен бастап белгілі бір салаға бейім болады немесе қызығады. Біреу ата-анасының не аға-әпкесінің жолын қуса, үшінші біреу өз жолын таңдайды. Бірақ өкінішке қарай, өзінің болашақта кім болатынын елестете алмайтын да балалар бар. 11-сыныпқа келгенде «Әрі қарай не істеймін? Қайда барамын?» деп тығырыққа тіреліп, мамандық таңдау қиындық туғызатын түлектер де аз емес. Сонымен, неге жасөспірімдер мамандық таңдай алмайды?

Ең бірінші себеп – баланың ештеңеге қызық­пауы. Қазіргі балалар «менің қызығушылықтарым жоқ» деп ойламайды. Өйткені компьютер мен смартфоны қолында, достары жанында. Шын мәнінде, басқа не керек? Ал өсе келе, мектеп бітіргеннен кейін алдында үлкен таңдау тұрғанын білген кезде не істерін білмейді. Себебі ешқандай ғылымға икемі жоқ. Көп уақытын телефонда өткізетін бала не ойлайды десеңіз, ол «мен программист бола аламын» деген ойға келеді. Дегенмен смартфондағы жүйе мен үлкен цифрлық жүйелерді құрастыру салыстыруға келмейді. Соңғы жылдары IT саласын таңдап жатқан жастар өте көп. Бұл жаһандану үдерісі әкелген гаджеттердің әсері деп ойлаймын.

Екінші себеп – өзінің бойындағы жақсы дағдыларын білмеу. Негізі, зерттеулерге сенсек, адамдардың көбі саналы түрде өзінің қай салаға икемі бар екенін есейе келе түсінеді. Ал кейбі­реулері бойындағы дарынын жастайынан байқауы мүмкін. Көп жағдайда адамға өзін танып-білу үшін біраз уақыт кетеді. Жиі кездесетін тағы бір жағдай бар, бозбала немесе бойжеткен бойынан бір өнер байқаса да, оған мән бермейді. Айналадағы адамдардың барлығы олай істей алады, онымен ешкімді таңғалдыра алмаймын деп ойлайды. Бұл – қате түсінік. Өмірде әр адамның таланты мен қабілетіне байланысты «1 пайыз талант, 99 пайыз еңбек» деген сөз жиі айтылады. Яғни адамның бойында қандай деңгейдегі өнер, талант болсын, оны шыңдау керек.

Үшінші себеп – шешім қабылдаудан қорқу. Барлығымыз бала кезімізден ата-анамыздың қамқорлығына үйреніп қаламыз. Бала үшін маңызды шешімнің барлығын ата-анасы қабылдайтын кездер көп. Өміріміздегі үлкен таңдау болғаннан кейін, бұл таңдаудың салмағы жанымызға батуы да мүмкін. «Мамандықтан шатасуға болмайды» деген сөздер де қорқыныш ұялататын шығар, бәлкім. Көбі «қателессем, екінші мүмкіндік болмайды» деп ойлайды. Өзіңнің өмірлік жолыңды, сүйікті мамандығыңды таңдау, мақсат-мұратыңды тану ешқашан кеш емес. Тіпті ересектердің өзі жұмыс таңдаған кезде, шешім қабылдай алмай қорқуы мүмкін.

Жоғарыда айтылған үш маңызды себеппен танысып шықтық. Осыған қатысты өз ойыммен бөліскім келіп отыр. Ең алдымен қателесуден қорықпау қажет. Өмір мектебінде көптеген қиындық кездеседі, шешімі қиын мәселелерге тап болып немесе қиын таңдаудың үстінде тұруың мүмкін. Ал бұлардың бәрі – тәжірибе. Бойыңдағы талантыңды ұштап, қабілетіңді анықтап, сол бағытта жұмыс жаса. Қолыңды бірден сілтей салма. Екіншіден, өзің таңдаған мамандығыңа қатысты қызықты кітаптар оқы және подкасттар тыңда. Мектеп бағдарламасы қызықтырмаса да, негізгі білімді алып шыққан соң, өз бетіңмен ізден және сауатты болуға ұмтыл. Мысалы, өзім әр салада жетістіктерге жеткен мықты мамандардың озық тәжірибесін смартфоннан көргенді ұнатамын. Өзіме қызықты мамандыққа қатысты ақпараттарды іздеймін. Яғни адам бір деңгейде қалып қоймай, үнемі ізденіс, даму үстінде болуы керек. Көзің ашық, көкірегің ояу болсын. Тұлға ретінде дамуды тоқтатпа және ұлы Абай айтқандай:

Сен де бір кірпіш дүниеге,

Кетігін тап та, бар қалан!

Ақерке ЗӘРУБАЙ,

Астана қаласындағы №60 мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button