Тұтастық пен бірлік белгісі

Мемлекеттік рәміздердің маңыздылығын ұлттық бірегейлік тұрғысынан түсінуіміз керек. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының вице-ректоры, философия ғылымдарының докторы Әлия Масалимова Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай академияда өткен дөңгелек үстел мәжілісінде айтты.
«Мемлекеттік рәміздер елді әлемге таныстыратын нышан ғана емес, сонымен бірге ұлттың тұтастығы мен бірлігін білдіретін азаматтар мен мемлекет арасындағы байланысты нығайтады» деді ол.
Әлия Масалимова Мемлекеттік рәміздер Қазақстан халқының ұлылығы мен рухани құндылықтарын бейнелейтінін атап өтті.
«Мемлекеттік рәміздердің маңыздылығын ұлттық бірегейлік тұрғысынан түсінуіміз керек. Ту, Елтаңба, Әнұран – тәуелсіз мемлекетіміздің рәміздері. Онда бізді өзгелерден ерекшелеп тұратын, мазмұны құнды, еліміздің бірегейлігін айқындайтын мәдени код бар. Рәміздер негізінде жалпыұлттық идея, идеологиялық тұжырымдамалар құрылады, патриоттық сезім мен құндылықтар қалыптасады» деді философия ғылымдарының докторы.