Басты ақпаратСараптама

Цифрландыру: сервері қандай, сапасы қалай?

Газетіміздің №112 (4390) нөмірінде «Елорда цифр дүрмегіне ілесті ме?» атты мақала жазып, онда Астана қаласындағы интернеттің сапасын жауапты мамандардан біліп, әлем елдері 5G-ді өндіріске қосқанын, оның адамзаттың өмір сүру сапасына қалай әсер ететініне тоқталдық. Бұл жолғы ізденісіміздің жөні басқа. Тақырып – цифрландыру төңірегінде болғанымен, ауқымы бөлек, талабы ерек! Ол – біздің мемлекеттік мекемелердің сайт-порталдарындағы сервистік қызметтің сапасы.

ЦИФРЛАНДЫРУДЫҢ ПЕРСПЕКТИВАЛАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Астанада өткен «Digital Bridge 2022» халықаралық технология­лық форумында цифрлық технологияларды қолдану арқылы жаңа индустрияны дамытудың перспективалары жан-жақты талқыланды.

Оған inDriver негізін қалаушы және бас директоры Арсен Томский, Huawei Еуразия аймағының Президенті Дэниел Чжоу, Samsung Electronics корпоративтік Президенті Ин Йонг Ри, G42 тобының бас операциялық директоры Мансур Ибрагим Аль Мансури секілді цифрлық трансформация нарығында жетістікке жеткен спикерлер қатысты.

Олар форум аясында техно­парктер және ІТ-мектептер көрмесі, ІТ-стартаптар аллеясы, ІТ-вакансиялар жәрмеңкесі, Astana Hub Battle жарысы, VR, GameDev және түрлі тақырыптық сессиясында саладағы өзекті мәселелерді талқылады. Сондай-ақ «Қазақстанның IT-экспорты мен адами капиталын дамыту стратегиясы», «IT нарығының негізгі трендтері мен перспективалары», «Цифрлық технологиялар – мегаполистерді дамыту және әлеуметтік ортаның жайлылығын жақсарту драйвері», «Цифрлық теңсіздікті жою үшін кең жолақты желіні дамыту», «Жасанды интеллект және роботтандыру: оны қолдану салалары мен әдістері», «Цифрлық трансформация: адам мен кейстер» және т.б. тақырыптар назардан тыс қалмады.

Диалог алаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыруда негіз болатын бес басымдықты айқындап берді.

Бірінші, адамға бағдарланған қызметті дамыту. Цифрлық технология экономиканың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етіп, Индустрия 4.0-ді енгізуде негізгі құрал болады. Бастысы, цифрлық технологияның көмегімен ел азаматтарының өмір сүру салтын арттыруға жол ашады. Бұл үшін мемлекеттік басқаруды цифрландырудың «Invisible Government» мүлде жаңа форматына көшу қажет. Бұл бағытта біздің елдің бағындырған белесі биік. Оның дәлелі, елдегі мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы электронды форматта көрсетіледі. Бұл – әлемдегі ең жоғары көрсеткіштің бірі.

Екінші, IT-саласы үшін қолайлы жағдай жасау. Бүгінде Қазақстан – IT саласын дамыту үшін өте жақсы жағдай жасауда. Бұл нормативтік базаға да, IT бизнесті дамытудың бірегей режимдері мен құралдары бар арнайы платформаларға да қатысты. «Astana Hub» IT стартаптарының халықаралық технопаркі арнайы салық және виза режимінде жұмыс істейді. Қазірдің өзінде 900-ден астам компания оның резиденті атанып, қазақстандық және халықаралық нарықтарда табысты қызмет етеді.

Үшінші, IT инфрақұрылымды кең көлемде модернизациялау.

Төртінші, цифрлық экономиканы және индустрия 4.0-ді дамыту.

Бесінші, адам капиталын нығайту.

Бұған дейін жазған «Елорда цифр дүрмегіне ілесті ме?» атты мақалада цифрландыруды сәтті жүзеге асырмай, әлемдік өркениет көшіне ілесу мүмкін еместігін дәлелдеп, озық елдер жоғары жылдамдықты интернет – 5G іске қосуға асығып жатқанын жазып, бұл бағытта Қытай, Оңтүстік Кореяның жетістігіне тоқталдық.

Елдегі мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы электронды форматта көрсетіледі. Бұл – әлемдегі ең жоғары көрсеткіштің бірі

Жаһандық форумда адамзаттың өмір сүру салтын жаңа деңгейге көтеретін төртінші өнеркәсіптік революцияны іске асыратын құрал – 5G-де екені айтылды. Он жылдан кейін әлемдегі өнімдер мен қызметтердің 70 пайызы цифрлық платформалық модельге негізделіп, ақылды қалалар толық іске қосылады. Осы ретте, Қазақстанның алдына Еуразиялық кеңістіктегі ең ірі цифрлық хабтардың біріне айналу стратегиялық міндеті тұр. Демек ІТ саласының мамандарына сұраныс артады деген сөз.

2020 жылы әлемдік ІТ нарыққа 30 миллион маман керек болса, екі жылда бұл көрсеткіш 100 миллионға жетті. Ал 2025 жылға қарай 200 миллионға дейін артады деген болжам бар. Уақыт өткен сайын цифрланған әлемде ІТ мамандарға деген сұраныс арта беретіні сөзсіз.

– Жуырда Нью-Йоркке жасаған сапарым аясында «Digital Nomads» IT-қауымдастығындағы жас отандастармен кездестім. Олар АҚШ, Еуропаның ірі компанияларында жұмыс істейді және жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті.

Қазіргі таңда Қазақстанда да халықаралық деңгейдегі өнімдерді жасауға қабілетті талантты адамдар аз емес. Сондықтан Үкіметке келесі міндеттер қойылады: бір жағынан, жастар қай жерде жұмыс істесе де, оларға қолдау көрсету керек, ал екінші жағынан, оларды еліміздегі цифрландыру ісіне барынша араластыру қажет, – дейді Мемлекет басшысы.

ЦИФРЛАНДЫРУ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?

2017 жылдың 12 желтоқсанында Үкімет цифрландыруды жүйелі жүзеге асыруды жоспарлап, 2018-2022 жылы аралығында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыруда: инфрақұрылымды дамыту, экономика саласын цифрландыру, адам капиталын жақсарту және мемлекеттік қызмет көрсету саласын жетілдіруді мақсат еткен-ді.

Мемлекеттік бағдарламаны төрт бағытта іске асыру көзделді. Бірінші – ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіп, елдің транзиттік мүмкіндігін арттыру. Екінші бағыт – экономиканың салаларына (көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы және электронды сауда) цифрлы технологияны енгізу. Үшіншісі – IT мамандарды даярлау. Төртінші – мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыру.

Біз соңғысын талдайтын болсақ, әкімдік, мәслихат, басқармалар және қоғамдық ұйымдардың интернеттегі ресурсы халыққа қаншалықты тиімді екеніне тоқталуымыз керек.

Алдымен шетелдік тәжірибені саралап, содан кейін өзіміздің интернет өнімдерге баға берсек.

Әлемдегі 15-тен астам мемлекет цифрландыру бағдарламасын іске асыруда. Олардың ішінде: Қытай, Сингапур, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Корея, Дания сынды мемлекеттің тәжірибесі озық, ісі сапалы. Мәселен, Қытай өзінің «интернет плюс» бағдарламасы аясында ел аумағын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуді көздейді. Канада Торонтода АКТ-хабын жасап, мобильді интернет сапасын арттыра түссе, Сингапур «ақылды экономика» технологиясын іске қосты. Корея «Креативті экономика» бағдарламасы арқылы адами капиталды және кәсіпкерлікті дамытуға мүдделі. Ал Дания мемлекеттік секторды цифрландыруға баса назар аударуда.

Расында, Дания мемлекеттік органдарды цифрландыруды белсенді ивестициялады. Соның салдарынан даниялық әрбір азаматтың жеке кабинеті бар. 2015 жылдан бастап бұл елде барлық азамат мемлекеттік органдармен тек интернет арқылы тілдесуге міндетті. Әрбір даниялықтың цифрлық паспортқа (digital ID) ие және барлық мемлекеттік органдармен бірыңғай кабинет арқылы байланыса алады. Интернет ресурс арқылы сапалы өмір сүру салтына қажетті барлық операцияны орындауға, оның ішінде, салықты төлеуге және есепті жіберуге мүмкіндігі мол. Мұндай жүйе жыл сайын бюджеттің 10-20 пайызын үнемдеуге мүмкіндік береді. Қысқасы, Дания цифрландыруды озық елдің қатарына қосылудың құралы ретінде қолданып отыр.

2005 жылдан біздің елде «электрондық үкімет» қалыптасып, 2013 жылы «Ақпаратты Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында цифрлық мемлекетке айналудың кешенді бағдары айқындалды.

2015 жылы e.gov.kz веб-порталда көрсетілген мемлекеттік қызметтің саны 36 миллионға жетсе, 2017 жылы 740-тан астам қызмет пен сервис электрондық нысанға көшіріліп, 83 мобильдік қызмет іске қосылып, тіркелген бірегей пайдаланушының саны 6,6 миллион адамнан асты. 2019 жылы корпорация азаматтарға 648 мемлекеттік қызмет түрі бойынша 24 миллионға тарта қызмет көрсетті. Бұл дегеніңіз, «электронды үкіметті» дамыту индексі және «онлайн қызмет көрсету» индикаторы бойынша Азияда алдыңғы қатардағы ел дегенді білдіреді.

Бүгінде цифрландырудың құрамдас бөлігі ретінде электронды сауда мен жол-көлік саласын басқарудан бөлек, қаржы, банк, өндіріс, білім, денсаулық, ауылшаруашылығы және т.б. саласы дамуда.

Үйден шықпай-ақ қажетті қызмет түрлерін алуға мүмкіндік мол. Бұл – электронды үкіметтің игілігі. Үйден ұзамай онлайн-кредитке қол жеткізіп, қажетті тұрмыстық тауарды сатып алуға, тіпті тағам түрлеріне тапсырыс беріп, бір орыннан қозғалмай отыра беруге болады. Мұның бәрі сервистік қызмет көрсету саласында цифрландыру процесі қарқынды жүріп жатқанын көрсетеді.

Астана қаласының цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасы басшысының орынбасары Аманжол Естековтің сөзінше, бүгінде мемлекеттік мекемелерден бөлек, бизнес құрылымдары, спорт кешендері мен мәдениет ошақтарының интернеттегі сайттары белсенді жұмыс істейді.

ОНЛАЙН ҚЫЗМЕТ КӨҢІЛДЕН ШЫҒА МА?

Алайда мемлекеттік қызмет көрсету саласының интернет ресурсы қолданушыларға тиімді ме? Мәселен, мемлекеттік қыз­мет көрсететін органдардың сайтында байланысатын телефон нөмірін табу қиын. Тапқан күннің өзінде олардың көтеруі қиын. Себебі жұрт үдере мобильді байланысқа көшті.

Осыған байланысты Индира Дүйсенова:

– Кез келген мемлекеттік мекеменің корпоративті нөмірлері көпшілікке қолжетімді болуы тиіс. Барлық үйде стационарлық телефон табыла қоймайды, есесіне қазақстандықтардың барлығы дерлік смартфон қолданады. Сондықтан ұялы байланыстары жариялануы керек. Олай болмаса, Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру тұжырымдамасын қалай жүзеге асырмақ, – дейді.

Қазақстандағы барлық мемлекеттік қызмет көрсететін мекеменің сайты – gov.kz-ке біріктірілді. Сервиздің жоғарыдағы сол жақ бетінде «Мемлекеттік орган» деген батырманы басқаннан кейін, «Министрлік», «Әкімдік», «Басқалар», «Мәслихат» деген шығады. Осының ішінен қажеттісін таңдайсыз. Мәселен, «Әкімдіктер» арқылы «Астана қаласының әкімдігіне» еніп, «онлайн қабылдауды» бассаңыз, «Электрондық өтініш», «Қабылдауға жазылу», «Ашық диалог», «Сұрақ-жауап» деген терезе шығады. Біз соңғысына кіргенімізде, 24 тамызда Жаңыл Әбілова есімді азамат сұрақ қойғанын көрдік. Бір айдан аса уақыттан бері бас шаһардың басшысына сауал жолданбапты.

Әрі қарай әкімдіктің интернет сервисін талдайтын болсақ, «Әкім аппараты», «Қызметі», «Құжаттар», «Баспасөз орталығы», «Байланыс ақпараты», «iKomek 109» ашу арқылы өзіңізге тиісті қызметті аласыз.

Алайда Индира Дүйсенова айтқандай, бірде-бір қалалық басқарманың немесе шаһарға қарасты аудан әкімдігінде корпоративті телефон нөмірлері көрсетілмепті. Ал смартфонмен «Қазақтелеком» АҚ құрған қалалық телефонға звондау қымбатқа түсетіні, бәрінен бұрын, телефонның бұл түрі сәннен қалып, қоңырауға жауап беріп отыратын қызметкерлер тым аз екені анық.

Екіншіден, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын интернетте де кемсіту басым екенін көріп отырмыз. Әсіресе, құқық қорғау саласына қатысты мекемелер – сот, прокуратура, полиция және әділет басқармасында қазақ тіліне қарағанда орыс тіліндегі ақпаратқа басымдық бар. Көп сайтқа кіргенде бірінші орыс тіліндегі нұсқасы ашылатынын байқадық. Осыдан-ақ қазақ тілі аударма тілінен әлі арыла алмай отырғанын оңай аңғаруға болады.

Үшіншіден, сайттардағы қазақ тіліндегі ақпараттардағы стилис­тикалық, тавтологиялық өрескел қателіктерді айтпағанның өзінде, грамматикалық қателерден көз аша алмайсыз. Яғни мемлекеттік органдар мемлекеттік тілге қалай қарайтынын сайт-порталдарына кіру арқылы танисыз.

Жә, интернет ресурстағы қате-­кемшіліктерді тізбелеп кете беруге болады. Дегенмен, Азия елдерінің арасында интернеттегі серверлік қызметтің сапасы ілгері екенін байқауға болады. Қазақстанда egov-тан басқа gov.kz, eOtinish, Ашық Үкімет және т.б. арқылы онлайн қызмет алудың тетігі қарастырылып отыр.

Ал интернеттің сапасы – бөлек тақырып. Бұл туралы арнайы жаздық, әрі алдағы уақытта тағы да жаза беретініміз анық.

P.S: Интернеттегі қызмет көрсету саласын дамытуда Қытай, Сингапур, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Корея, Данияның тәжірибесіне тоқталдық. Бізге де бұл саладағы жұмыстарды әлі де жетілдіре түсіп, цифрландырудың нәтижесін қарапайым халық көретін деңгейге жеткізу міндеті тұр.

 

 

 

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button