Басты ақпаратЕл тынысы

Қазақстан Еуразиядағы ең ірі хабқа айналады

«Digital Bridge 2022» халық­аралық технологиялық форумында цифрлық технологияларды қолдану арқылы жаңа индустрияны дамытудың перспективалары жан-жақты талқыланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайын өтетін «Digital Bridge 2022» халықаралық технологиялық форумына қатысып, пленарлық отырысында сөз сөйледі. Президенттің айтуынша бүгінде Қазақстан көптеген дамыған елді озып, БҰҰ-ның цифрланған мемлекеттер рейтингінде үздік отыз елдің қатарына кіреді.

Президентке Astana Hub IT экожүйесінің қазіргі қызметі және Google for Startups компаниясымен бірлескен бағдарламасының жүзеге асырылуы жөнінде баяндалды, сондай-ақ Alem бағдарламалау мектебі мен «Қазақстан халқына» қорының жобасы таныстырылды. Бұдан кейін Мемлекет басшысы стартап аллеясындағы әрбір жобаға арнайы тоқталып, компания өкілдерінің жетістіктерін тыңдады. Олардың бірқатары тек Қазақстан нарығымен шектелмей, шетел нарығына да шыға бастаған.

Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларға ілтипат білдіре отырып, жыл сайын өтетін Digital Bridge форумы төрт жылда ірі және маңызды өңірлік алаңға айналғанын атап өтті. Мемлекет басшысы, сарапшылардың болжамы бойынша, он жылдан кейін әлемде өнімдер мен қызметтердің 70 пайызы цифрлық платформалық модельдер негізінде құрылатынын мәлімдеді. Мұндай жағдайда Қазақстан өзіне еуразиялық кеңістіктегі ең ірі цифрлық хабтардың біріне айналу стратегиялық міндетін қойды. Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде Қазақстан көптеген дамыған елді озып, БҰҰ-ның цифрланған мемлекеттер рейтингінде үздік отыз елдің қатарына кіреді.

– Бүгінде Қазақстан – цифр­лық құжаттарды толыққанды енгізген санаулы елдердің бірі. Нәтижесінде, азаматтарымыздың өзімен бірге жеке куәлігін, жүргізуші куәлігін, оқу орнын бітіргені туралы дипломын, неке туралы куәлігін және басқа да құжаттардың 15 түрін алып жүруі және көрсетуі талап етілмейді. Бұл жұмыс сөзсіз жалғасады. Мемлекет осы бағытта азаматтармен және бизнеспен өзара проактивті түрде қарым-қатынас жасайды. «Отбасының цифрлық картасы» енгізіліп жатыр. Ол нақты уақыт режимінде әртүрлі 80-нен астам параметрге талдау жасайды. Бұл өмірде қиын жағдайға тап болған отбасыларға ешқандай бюрократиясыз жедел көмектесуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, аталған әдіс нақты атаулы әлеуметтік көмекке көшуге ықпал етеді. Үкімет жыл соңына дейін бұл цифрлық сервисті пайдалануға беруі керек, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев адами капиталды күшейту мәселелеріне арнайы тоқталды.

– Жуырда Нью-Йоркке жасаған сапарым аясында «Digital Nomads» IT-қауымдастығындағы жас отандастармен кездестім. Олар АҚШ, Еуропаның ірі компанияларында жұмыс істейді және жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті.

Қазіргі таңда Қазақстанда да халықаралық деңгейдегі өнімдерді жасауға қабілетті талантты адамдар аз емес. Сондықтан Үкіметке келесі міндеттер қойылады: бір жағынан, жастар қай жерде жұмыс істесе де, оларға қолдау көрсету керек, ал екінші жағынан, оларды еліміздегі цифрландыру ісіне барынша араластыру қажет, – дейді Мемлекет басшысы.

 

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button