Қазақстан құрамасы элитада қалды

Шайбалы хоккейден Латвия мен Швейцарияда өтіп жатқан әлем чемпионатының топтық іріктеу турнирі аяқталды. Қазақстан құрамасы әлемдік элитадағы орнын сақтап қалды.
В тобында өнер көрсеткен Қазақстан құрамасы Латвия алаңдарында 6 ойын өткізді. Турнир барысында Словакия құрамасын 4:3 (буллит бойынша), Норвегияны 4:3 (буллит бойынша) және Словенияны 4:3 есебімен жеңді. Ал Канада құрамасынан 1:5, Швейцариядан 0:5, Латвиядан 0:7 есебімен ұтылды. Осы ойындардың нәтижесінде Ғалым Мамбеталиев баптайтын Қазақстан құрамасы турнир кестесінде 6-орыннан көрініп, келесі жылы әлем чемпионатының элитасында ойнайтын болды. Бір айтарлығы, бұл чемпионатқа Қазақстан құрамасы сапына легионерлер алынбады, тек қазақстандық хоккейшілер ойнады.
Ал әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне В тобынан АҚШ, Швеция, Финляндия, Германия құрамалары шықса, В тобынан Канада, Швейцария, Чехия және Латвия құрамалары өтті.
Енді ширек финал ойындарында АҚШ-Чехия, Канада-Финляндия, Швеция-Латвия, Швейцария-Германия құрамалары өзара кездесетін болды.
Бұл чемпионатқа Халықаралық хоккей федерациясының шешімімен Ресей және Беларусь құрамалары жіберілмеді.