Қала мен Сала

Қала басқармаларына – қосымша қаржы

Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкеннің қатысуымен өткен елорда мәслихатының кезектен тыс сессиясында шаһардың 2022-2024 жылдарға арналған бюджетіне енгізілген өзгерістер талқыланды. Аталмыш өзгерістермен қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айжан Түгелбаева таныстырды.

Оның мәлімдеуінше, жеке кіріс бойынша жоспарды 3,1 млрд теңгеге өсіріп, 556,7 млрд теңгеге дейін жеткізу ұсынылды. Салық түсімдері, салықтық емес түсімдер, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер де өсірілді. Бірқатар басқармаларға да қосымша қаржы бөлінеді.

Атап айтқанда, Отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасына 2 млрд 481,8 млн теңге қосымша қаржы бөлінген. Соның жартысы Elorda Eco System ЖШС-не нөсер кәріздерін ұстауға және тазартуға, 797 млн теңге осы компанияға 10 арнаулы техниканы сатып алуға бағытталады. 484 млн теңге «Астана Тазалық» ЖШС-не қажетті құрал-жабдықтарды алуға жұмсалады.

Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасына қосымша бөлінетін 133,3 млн теңге Астананың «Жасыл белдеуі» аумағындағы жасыл желекке арналған. Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына қосымша 98,6 млн теңге қосымша бөлінеді. Бұл қаржы қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығы қызметкерлерінің жалақы қоры өсуіне байланысты бөлініп отыр.

Алматы және Есіл аудандарының әкімдіктеріне елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыруға сәйкесінше 218 млн және 235 млн теңге қосымша қаржы қарастырылған. Астана қаласы әкімдігі аппаратының қаржысы керісінше «Аумақтық қорғанысқа дайындық» бағдарламасы бойынша 98,6 млн теңгеге азайтылды.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына ішінара 363 млн теңге бөлінді. Осылайша осы өзгерістермен Астана қаласының 2022 жылғы бюджеті 789 млрд 41 млн теңгені құрайды.

Қалалық мәслихат депутаттары Азамат Айтхожин, Гүлжамал Жапарова, Динара Оразалина мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттіліктері мәселелерін көтерді. Депутат Батыр Котырев қала тұрғындарының тұтынуына қажет су мөлшері артып келе жатқанын айта келе, «Астана Су арнасы» мекемесіне де қосымша қаржы бөлу керектігін жеткізді.

Қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов оған Ы.Алтынсарин атындағы №83 мектеп-гимназия басшылығы мен ата-аналардан өтініш келіп түскенін айтып өтті.

– Осы мектеп 2016 жылы инклюзивті бағытта болады деп ашылған. Қазір осында инклюзивті біліммен 140 оқушы қамтылған. Бірақ олардың сабақтары төртінші қабатта өтеді. Мектепке қосымша ретінде лифт салу керек. Оған 29 миллион теңге бөлу керек. Бұл мәселені дереу шешіп, биыл тиянақтау қажет. Қалада жалпы 30 инклюзивті сынып бар. Олардың барлығының қажеттіліктерін саралау керек, – деді мәслихат хатшысы.

Аталмыш мәселе бойынша жауап берген Құрылыс басқармасының басшысы Төлеген Құлышев тиісті конкурс жарияланғанын, тек қана қаржыны күтіп отырғандарын жеткізді.

Ерлан Каналимов аутист балалармен жұмыс істейтін мамандар жоқ екенін, осы мәселені қолға алу керектігін айтты. Осы орайда мәслихат депутаты Ләззат Разбекова-Төлеуханова елордада дефектологтар мен логопедтерді дайындайтын бірде-бір оқу орны жоқтығын айта келе, олар Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарынан тартылып жатқанын жеткізді.

– Бұл – үлкен проблема. Сондықтан қазір қалада бар оқу орындары базасында осы мамандықтарды оқытуды енгізу керек. Мәселен, елордада гуманитарлық колледж бар. Осы мәселені қарастырған жөн, – деді депутат.

Мәслихат хатшысы дефектолог пен логопедтерді «Астана» халықаралық университетінде оқытуға болатынын есептейтінін айтып, осы мәселені Білім басқармасына бақылауға алуына тапсырды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button