Білім

Қалдырған ізі мәңгілік

Байбазар Сембинов десе – оның есімі бірден Көкпекті елінің ойына түсе қалмас. Ал білікті электрик маман, күндіз-түні тынбай қажыр­лы еңбегімен көпшілікке аңыз болып жүрген, өз шеберлігімен баршаның көңілінен шыққан Баян Сенбіұлын жұрттың бәрі біледі.

Баян Сенбіұлы 1950 жылы қараша айында Шығыс Қазақстан облысына қарас­ты Шұғылбай ауылында туған. Бала кезінен бірнеше ағайынды Базарбек, Байбазар, Базылбек әке-шешелерінен ерте айырылды. Туыстары үш ағасымен бірге 7 жасар Баянды 1957 жылы Көкпекті аудандық балалар үйіне өз қолдарымен тапсырады. Сол жерде ержетіп, қазақ орта мектебін бітіріп, 1968 жылы күзде әскери борышын өтеуге шақырылады. Ресейдің Чита қаласында ракеталық дивизионда аға сержант дәрежесін алады, бағыттаушы мерген әскери атағына лайық болады.

Баян еңбекке бала кезінен араласты. Жаздың демалыс күндерінде оқудан бос уақытын тиімді пайдаланып, өз еркімен балалар үйінің шаруашылығында шөп шауып, қараған-отын дайындап, 10-15 өгіз арбамен жиылған мал азығын қыс­таққа жеткізуге көмектесті. 1957-1968 жылдары жетім балалар үйінде 150-ден астам ер балалар (Төлен, Қордабай Оразбековтар, Бекқазы Манапов, Сергей Столяров, Жеңіс Молдаханов, Бақаш Мұқатаева, Еркін Сасанов, Алексей Текиев) бірге өсіп, малға жем-шөп дайындауға жәрдемдесіп, еңбектің дәмін ерте татты. Кейінірек, сол балалардың бәрі өнегелі отбасын құрып, өмірден өз орындарын тапты.

Баян Сенбіұлы жерлестерінің ортасында адал еңбегінің арқасында құрметке бөленді. Ол өзінің балалар үйінде еңбекке алғаш араласып, қанаты қатайғанын жиі еске алады. 30 жылдан аса жетім балалар үйінің директоры қызметін атқарған ұстазы, тәлімгері, Социалистік Еңбек Ері Жақия Шайжүнісов ағаны ұмытпайды. Ақсақалдың көпшілікке айтқан «Жетім көрсең, жебей жүр» деген даналық сөзін үнемі қайталайтын еді.

Ұстаз демекші, бізге көп жылдары бас тәрбиеші болған Ұлы Отан соғысының ардагері, запастағы офицер Солтанбек Үреспаев ағамыздың орны ерекше. Адал еңбекпен ғұмыр сүрген Солтанбек ағамыздың ерекше қасиетінің бірі – біреуден жасқанып, жалтақтамай тура сөйлейтіндігі, ашуды әркез ақылмен жеңдіретін сабырлылығы еді. Ішетін асымыздан, киетін киімімізден бастап түнгі ұйқымыздың тыныш болуына дейін бақылап, ерекше қамқорлық танытатын-ды. Солтанбек ағаның отбасындағы сүттей ұйыған татулықты, өзара сыйлас­тықтың үлгісін көзімізбен көріп өстік. Нәдия, Әдия, Раджан, Рауфа, Марат, Қуат атты балалары әкесі Солтанбек пен анасы Күләнжан апайдан алған тәлім-тәрбиесінің арқасында өмірдегі өз орындарын тапты.

Ұлағатты ұстазымыздың тәрбиесінің, өнегесінің бәріміздің өмірде адам болып қалыптасуымызға үлкен әсері болды. Патриоттық сезімнің, темірдей қатал әскери тәртіптің не екенін Солтанбек ағадан үйреніп, санамызға сіңірдік. Бұл күнде тәуелсіз еліміздің дамуына титтей үлес қоссақ, оның бәрі – ұстазымыздың ерен еңбегінің жемісі. Сол үлкен ұжымда, ортақ үйімізде өсіп-өнген 150 баланың барлығы табан ақы, маңдай терімен күн көріп, өмірдегі арман-мұраттарына жетті. Флор Антонов, Мәншүк Искакова, Галина Винтовкина, Ғарифа Беспаева, Шолпан Байжұманова, Қанипа Сағындықова,  Сания Шапатова, Гүлшара Шадиева, Тілеухан Тағлиманов сияқты шәкірттері ұлағатты ұстазын, аяулы тәрбиешісін ерекше құрметтейді.

Баян Сенбіұлы өнерден де құр алақан емес еді. Ол балалар үйінің үрмелі аспаптар оркестрінің белсенді мүшесі болды. Тромбонда ойнағанды ұнатушы еді. Аудандағы үлкен өнер сахнасында алдыңғы қатарда жүріп, құрмет-қошеметке, абыройға бөленді. Сол уақытта балалар үйінде жасөспірімдер клубы, балаларды сауықтыратын жаздық пио­нер лагері, киім тігетін, ағаш өнімдерін өңдейтін шеберхана, би үйірмесі, музыкалық аспаптар оркестрі болды.  «Жігітке жетпіс өнер де аздық етпес» дегендей, Баян солардың бәріне белсене қатысты. Өмір жолында әр нәрсенің таза еңбекпен келетінін ерте түсініп, соны қадірлей білді.

Баян Сенбіұлы Құдай қосқан жары Майра Қасымбаевамен 30 жылдан аса уақыт бір шаңырақтың астында өмір сүріп, ұрпақтарының қызығын бірге көріп келеді. Өнегелі отбасыдан шыққан Альмира, Айгерім, Қайраттар ата-анасының ақ батасын ақтап, әр салада өз орындарын тауып, бақытты жандардың бірі болып жүр.

Еңбектің рахатын көрген Баян Сенбіұлы 45 жылдан аса бір салада табан аудармай еңбек етіп, ыстығы мен суығына төзіп, ұжымда да зор абыройға кенелді. Ұзақ жылғы еңбегі ақталып, «Қазақстан Республикасының «Еңбек сіңірген энергетигі» деген жоғары лауазымды атаққа ие болып, 2012 жылы төс белгімен марапатталды. Аталған кәсібін зейнеткер жасына жетсе де, әлі де жастарға үлгі көрсетіп, атқарып келеді. Ол достыққа берік, сенімді.  Жағымпаздыққа жаны қас, шындықты жаратып, көзіне көрініп тұрған кемшілікті бетіңе айтып салатын азамат. Екеуміздің достығымыз сонау бала кезден басталып, өмірлік достыққа ұласты. Қазіргі күнге дейін ағалы-інідей араласып кеттік. Баян Сенбіұлы жақында 70 жасқа толады. Өмір жолында небір қиындықтардын сүрінбей, тәубесінен жаңылмай, аузынан Алласын тастамай келе жатқан ақжүрек азаматқа зор денсаулық, баянды бақыт, ұзақ ғұмыр тілеймін!

Асхат ТОЙКИН,

Қазақстан Республикасы

Кеден қызметінің еңбек

сіңірген қайраткері,

Астана қаласы

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button