Басты ақпаратҚұқық

Қалың қалай, полиция қызметкері?

Астана қалалық мәслихатының хатшысы Ерлан Каналимов пен Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев бастаған делегация елордадағы бірқатар полиция қызметкерлері қызмет ететін пункттерге арнайы барды.

Делегация құрамында қалалық мәслихат депутаттары Азамат Айтхожин, Ерлан Дәкенов, Бауыржан Жанқонақов, Нұрлан Көпешов, Нұрдәулет Оразханов, Владислав Сергеев, Ғабит Тәжімұратов, Серік Түсіпов, Бақдәулет Жанділдаев, Алмагүл Сегізбай, Арайлым Құмаржанова, Ләззат Мұратқызы, Гүлжамал Жапарова, Динара Оразалина болды.

Алдымен М.Әуезов №40 мекенжайындағы еңселі ғимаратқа бардық. Бұған дейін бизнес орталық ретінде қызмет еткен-ді. Ендігі уақытта Сарыарқа ауданының полиция басқармасына беріледі. Қазір жөндеу жұмысы жүргізілуде.

Делегат мүшелері құрылыс жұмыстарының сапасын көрді.

Басқарма бастығы Дулат Жұмағұлов қарамағында 468 полиция қызметкері жұмыс істейтінін, жаңа ғимарат жұмыс сапасын арттыруға септігі тиетінін жеткізді.

Одан кейін Байқоңыр ауданындағы учаскелік полиция пунктіне (УПП) тоқтадық.

Ескі тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан полиция пункті заманауи талапқа сай еместігі көрініп-ақ тұрды. Бір пункте екі бөлім – УПП-22, УПП-24 қызмет етеді.

УПП-22 бастығы Аслан ­Әшірбековтің сөзінше, Байқоңыр ауданындағы 50 мың тұрғынның қауіпсіздігі үшін жауапты. Алайда қызмет ететін ғимарат уақыт талабына сай келмейді, бір пунктте екі бөлім қызмет етеді. Алдағы уақытта Республика және Ж.Тәшенов көшесі бойынан арнайы пункт ашылса, полиция қызметінің сапасы артуына оң жағдай тудырады.

Шынында, халыққа қорған болатын полиция қызметкерлері заман талабына сай келетін еңселі, жарық, жайлы ғимаратта қызмет етпесе, олардан нені талап етеміз? Бұл – үлкен идео­логиялық мәні бар, тез арада шешілуі тиіс мәселе. Қалалық мәслихат депутаттары осыған мән беріп, шешілу жолын қарастырып, полиция қызметкерлеріне жан-жақты жағдай жасау міндет екенін сөз етті.

Елдің саяси орталығындағы полиция қызметкерінің жай-күйі осындай болса, елдің шеткі аймақтарындағы жағдайды бағамдауға болатындай…

«Барлық озық елдерде полиция институты сервистік модель негізінде дамып келеді. Біз де мұндай үлгіге көшетінімізді мәлімдедік. Бірақ жұмыс барысында аз ғана нәтижеге қол жеткізілді.

«Жұртқа жақын полиция» қағидаты бо

йынша жергілікті полиция қызметінің мейлінше тұтас реформасын жасау қажеттігі пісіп-жетілді. Учаскелік инспектордың мәртебесін заңнама арқылы арттырып, оның өнімді жұмыс істеуіне мол мүмкіндік берген жөн».

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауынан

Қылмыс түрлерінің формасы, мотиві өзгеріп, интернеттегі алаяқтық өршіген кезде полиция қызметкерлері адамдық, адамгершілік құндылықтарды бойына сіңіруден бөлек, компьютерді терең меңгеріп, интернетті өз кәдесіне жарата алуы тиіс. Демек, құқық қорғау саласының қызметкерлері сапалы қызмет етуде лайықты жағдай істеу маңызды.

Келесі объект – патрульдік полиция бөлімінің жұмысымен таныстық.

Патрульдік полиция полкінің командирі Нұрлан Қалиев:

– Күніне орташа 380-420 қыз­меткер көшедегі тыныштықты күзетіп, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысады. Жалпы полкте 747 полиция қызмет етеді, – деді.

Біз патрульдік полицейлер 3 ауысым бойынша қызмет ететінін, бірінші ауысым – сағат 00.00-08.00, екінші ауысым – сағат 08.00-16.00, үшінші ауысым – сағат 16.00-00.00-ге сәйкес келетінін білдік. Мейрам күндері күшейтілген режимде жұмыс істейді.

Қазір Астана миллион тұрғыны бар мегаполиске айналып, көліктің саны жыл өткен сайын артып келеді. Бұл жол қозғалысын қиындата түсетіні анық. Әркез шаһардың әр жерінде жол-көлік оқиғасы орын алатынын көз көріп жүр. Мұның бәрі патрульдік полицей қызметінің жүктемесін арттыратыны сөзсіз.

Депутаттардан құрылған делегация мұнда арнайы баруының бір себебі – патрульдік полиция полкі орналасқан ғимарат 1964 жылы салынған, бүгінгі заман талабына толық жауап бермейді және бір аумақта төтенше жағдайлар қызметімен бірге жұмыс істейді. Әрине, бұл екеуі де құқық қорғау саласының қызметіне жатқанымен, функционалдық міндеті екі бөлек құралым емес пе?

Сөз жоқ, кейінгі жылдары патрульдік полицей қызметінің сапасын арттыруда жаңа көліктермен қамтамасыз етіп, саланы цифрландыруға мән беріп, планшеттермен қамтамасыз етуде. Алайда заманауи ғимаратпен қамтамасыз ету өзектілігін жоймай тұр. Бұл мәселені бас шаһардың басшылығы жақсы білетінін, әрі шешу жолында жұмыс істеп жатқаны анық.

Сарыарқа ауданына қарасты УПП-66 бөлімінің жағдайы тіпті нашар. Бұған сол жерге барғанымызда куә болдық. 32 мың халықтың түнгі тыныштығы, күндізгі қауіпсіздігіне жауапты мекемеде 8 полиция қызметкері жұмыс істейді.

Полиция генерал-майоры Марат Сағынтайұлы үш бөлмелі шағын полиция пункт жағдайына депутаттардың назарын аудартып, шұғыл шешім шығарып, жаңадан нысан алу маңызды екенін атады.

Өйткені полиция пункті №19 мектепте орналасқан. Ал бұл мектеп «апаттық» деп танылып, оқушылар №90 мектепке көшірілді. Солай бола тұра, полиция қызметкерлері апаттық мектепте қызметін жалғастыруда.

Сапарымыз жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың жұмысымен танысумен аяқталды.

Ел азаматтарының құқықтарын қорғау, қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, лаңкестік іс-әрекеттердің жолын кесу, ұйымдасқан қылмыскерлерге тоқтау қоятын арнайы қызметтің жауынгерлері оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқанын көрдік.

Бірі – саптағы қозғалыстағы жаттығуларды шыңдап жатса, екіншілері спорт залда шығыс жекпе-жек түрлері, бокс, күрес түрлерімен шұғылдануда, қалғаны тренажерлік залда жаттығу жасап жатты.

Депутаттар жақында ашылған ғимараттың жиһаздарына көңіл бөліп, тир ату залына барды. Мұнда әлі жөндеу жұмыстары аяқталмапты.

Жалпы бір күндік сапардан елдің саяси орталығы – Астана қаласындағы полиция қызметкерлері сапалы қызмет етуде қажетті ғимараттар, жиһаздар, компьютерлермен қамтамасыз ету маңызды міндет екенін түсіндік.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button