Басты ақпаратҰлт ұпайы

Қандастар көші қаңтарылмасын

Соңғы кездері әлеуметтік желіде қандастар мәселесі қызу талқыланып жатыр. Тақырыптың қоламталы түйінге айналып шыға келуіне «Қазақстан Республикасы Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» себеп болды. Шынын айтайық, аталған тұжырымдаманың 5-бөлім төртінші бағытындағы «қоныстану өңірлерін және Қазақстан Республикасының азаматтығын алу үшін кемінде 5 жыл тұру мерзімін ескере отырып, «қандас» мәртебесін беру тәртібін қайта қарау қажет» деген сөйлем бәріміздің жүрегімізді зырқ еткізді.

Көштің жолы кедергісіз болған жоқ

Қазақтың ұлы көші өткен ғасырдың 90-жылдары басталды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін сол кездегі қоғамдық, сая­си, экономикалық жағдайдың қиындығына қарамастан шетелдегі қандастарды атажұртқа шақырды. Бұл қазақ ұлтының тағдырына, ұлтымыздың болашағына қатысты өте дұрыс шешім болды. Осы ұлы бастаманың арқасында, елімізде қазақтың саны көбейіп, елдегі «салмағымыз» артса, шетелдегі тілінен, дінінен, дәстүрінен көз жазып қалуға айналған қандастарымыз атажұртына жетіп, аңсаған арманы орындалды.

Алайда көштің жолы кедергісіз болған жоқ. 30 жылда көшке жасалған қиянат та аз емес. Биліктегі пиғылы бұрыс, өкшесі қисық мысық тілеулес шенділерді былай қойғанда, қарапайым халықтың арасында да «өзіміз күн көре алмай отыр­ғанда оралмандарды шақырып не керек?! Оларға жәрдемақы беріп, жағдай жасағанша, осы топырақта туып-өскен жергілікті халыққа жағдай жасамай ма?» деп кері толғаған ағайындар болды. «Ел басына күн туғанда қашып кетіп, ел болып еңсемізді көтергенде келіп, «даяр асқа тік қасық болды» дейтін жетесіз пікір де айтылды. Соның салдарынан атажұртым деп аңсап келген біраз ағайын азаматтық ала алмай табанынан тозды. Тіпті, сонау «Жаңаөзендегі жағдайды оралмандар жасаған» деген желеумен 5 жылға дейін азаматтық бермей қиналдырады.

Санымыз өспей, еңсеміз көтерілмейді

Қандас мәселесі қазіргі таңда тек қана шетелдегі 6 миллионнан астам қазақтың тағдырына ғана тіреліп тұрған тақырып емес. Керісінше қазіргідей күрделі кезеңде ел іргесін бекемдеп, ұлт болып ұйысып, егемен ел ретінде еңсе көтеруімізге саятын салмақты мәселе.

Көлемі жағынан әлемде 9-орында тұратын Қазақстанның жері кең болғанымен, халық саны аз. Жеріміздің көбі бос жатыр. Оның үстіне солтүстіктегі өңірлердің жыл сайын иендеп, шекарамыздың жыл сайын жалаңаштана бастауы да бас ауыртатын басты тақырыпқа айналды. Мемлекет құрушы тұлғалық ұлт – қазақ ұлтының елдегі жалпы саны 25 миллионға жетпеуі, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде күш ала алмауы сияқты себептер де санымыз көбеймей, санамыз өспей оңалмайтынын көрсетті.

Қазақстанда халық санының өсу аяқ алысы да тым баяу. 1989 жылы санақ бойынша, еліміздің жалпы халық саны 16 миллион болса, 2019 жылы 19 миллионнан әзер астық. Яғни 30 жылда үш-ақ миллионға көбейдік. Оның бір жарым миллионы шетелден келген қандастар екенін ескерсек, 16 миллион халықтан 30 жылда 1,5 миллион өсім көру қанағаттанатын көрсеткіш емес. Тәуелсіздік алған кезде халық саны бізбен қарайлас көрші ел Өзбекстан 30 жылда 30 миллионнан асып кетті. Әрине, бұл арада «Қазақстаннан көшіп кеткен басқа ұлттар да көп болды ғой» деген себепті алға тартуға болар, бірақ бұл сылтау ұлтымыз санының өспей жатқанын жасыра алмайды. Бір ауыз сөзбен айтқанда, біз демография мәселесін ұлттық идеология тұрғысынан қарастыр­ғамыз жоқ. Сол салғырттығымыздың кесірінен солтүстікке көш бағдарламасы да кешігіп қолға алынды.

Көштің жолын кесетін жоба

Шынын айтайық, қандастардың көңілінде «Назарбаев биліктен кеткеннен кейін ұлы көштің жағдайы қалай болар екен? Көш тоқтап қалмас па?» деген күдік көп болды. Бірақ ел тізгінін қолға алған Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Шетелдегі қан­дас­та­рымызды елге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз» деген сөзі бұл күдікті біржолата сейілтті.

Президент биылғы Жолдауда да қандастар мәселесін қозғап, ішкі миграцияға қатысты саясаттың түбегейлі өзгергенін атап өткен еді. Мұны естіп, «мүмкін қандастардың азаматтық алу жұмысы тіпті де жеңілдейтін шығар», «шетелден келген қандастарды олай-былай сенделтпей бір терезеден жұмыс бітіретін қызмет механизмі қалыптасатын шығар» деп үміттенген едік. Бірақ Мемлекет басшысының қандастар мәселесін басты назарда ұстайтын саясатына қарсы жасалған жоғарыдағы тұжырымдама бұл үмітіміздің күлін көкке ұшырып, сенімімізді селге кетірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Шетелдегі қандастарымызды елге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз.

Қандас келсе шетке айда…

Аталған тұжырымдаманы жасаған орындардың уәжіне жүгінсек, бұл еліміздің солтүстікке көшіру сынды стратегиялық саясатына жан бітіріп, иен қалған елді мекендерді қайта қалпына келтіруге мүмкіндік береді-мыс. Оған да келісейік, бірақ көшіп келген ағайынды өзі көздеген жерге жібермей, билік меңзеген жерге жіберіп бір мәжбүрлесек, енді оған 4-5 жыл азаматтық бермей қинаудың қандай қажеті бар?! Бірден азаматтық беріп, көшіріп апарса не болады? Билік бұдан нені ұтпақ?! Қазақша сұрасаң, орысша жауап беретін өңірге Қазақстанның жағдайын толық түсінбейтін, орыс тілін білмейтін шетелден келген қандастарымыз түгілі, осы елде туып-өскен азаматтардың өзі бармай, барса да кері көшіп кетіп жатқан жоқ па?! Ендеше неге бұл жоспарсыз жүргізілген саясаттың құрбаны атажұртын аңсап келген қандастар болуы керек?!

Біз мемлекеттің оңтүстіктен солтүстікке көшіру саясатына қарсы емеспіз. Шетелден көшіп келген қандастарды да еңбек күші аз, иен қалып жатқан шекара орындарға орналастырып, ұлттық тепе-теңдікті сақтау да – дұрыс шешім. Бірақ бұл бағдарламаның олқылығы оңалмай тұрып, қандастарды сол жаққа қарай айдау «болсаң бол, болмасаң бордай тоздың» кебі. Өйткені солтүстікке көш бағдарламасы көшетіндердің жоқтығынан емес, көшіп барғандарға жағдайдың дұрыс жасалмауынан тұралап тұр. Президент те биылғы Жолдауында «Үкімет оңтүстіктен солтүстікке көшіп жатқан азаматтарға жәрдемақы бөлудің қолданыстағы тәсілдерін қайта қарауы керек» деп тегін айтқан жоқ. Ендеше, осы кемшілігі көп жобаны шетелден көшіп келген қандастардың есебінен орындау және оларды соған мәжбүрлеу үшін 5 жыл бойы азаматтық бермеу қандастарға жасалған қиянат қана емес, ұлы көштің жолын кесіп, ұлттың ұлы ұйысуына қарсы жасалған қадамнан басқа ештеңе емес.

Солтүстікке көшкендерге қандай жеңілдік бар?

Солтүстікке көшіп барғандарға үй беру, көші-қон ақысын төлеп беру, бір жылдық үй жалдау ақысын үкімет есебінен көтеру… сынды тиімді саясаттардың атқарылып жатқаны рас. Бірақ бұл да формашылдықтан шыға алмай отыр. Атап айтқанда, бұл «баянсыз» көмек солтүстікке көшем деушілерді ынталандырып, сол арада біржола ірге теуіп кетуіне сенім сыйлай алмай отыр. Мұның бірнеше түрлі себептері бар.

Біріншіден, солтүстікке көш мемлекеттің өте маңызды бағ­дарламасы болғанымен, оның атқарылуы әр өңірде әртүрлі. Қалыптасқан өлшемі жоқ. Әр өңір өзінің жергілікті жағдайы­на қарай атқарып жатыр. Мәселен, Павлодар облысы көшіп келушілерді баспанамен қамтыса, Қостанай облысында мұндай мүмкіндік жоқ.

Екіншіден, қазіргі жасалып жатқан жәрдемдердің көбі көшіп келушілердің уақыттық қиыншылығын шешкенімен, олардың сол араға ірге теуіп, біржола қоныстанып қалуына сенім сыйлай алмайды.

Үшіншіден, көрсетіліп жатқан көмек мардымсыз. Мәселен, оңтүстік аймақта 150 мың теңге жалақы алып жүрген немесе сол мөлшерде табыс табатын азаматтарға айына 300 мың теңге жалақы беремін десе, әрине, келіседі. Тіпті, көпбалалы аналарға берілетін жердемақы мен қарттардың зейнетақысына дейін басқа өңірлерден бір есе жоғары болуы керек. Бұл жұртты ынталандырады.

Көшіп келген аға­йынды өзі көздеген жерге жібермей, билік меңзеген жерге жіберіп бір мәжбүрлесек, енді оған 4-5 жыл азаматтық бермей қинаудың қандай қажеті бар?! Бірден азаматтық беріп, көшіріп апарса
не болады?

Төртіншіден, солтүстікке көштің қарқын алуына оралғы болып тұрған бір себеп климаттың парқы екенін де ескерген жөн. Жылы өңірлерде өскен, солтүстіктің суығын көрмеген адамдарға жылы қонысын тас­тап, алты ай қысты ақ қар, көк мұздың астында өткізу оңай емес. Тіпті ауа райына үйлесе алмай, ауырып қалуы мүмкін. Сондықтан оларға көрсетілетін тегін медициналық көмектердің де түрін молайту қажет.

Бесіншіден, солтүстікке көшкендер көз алдындағы қиыншылықты шешу үшін емес, ұзақ болашақтық жоспармен барады. Бірақ ол жоспарын үкіметтің берген бірретік жәрдемақысы кепілдендірмейді. Сондықтан олардың кіндігін жерге байлау керек. Яғни оларға мал бағатын жайылым, егін салатын алқап берілуі керек. Бұл мәселе бұрын да айтылған. Алайда көбінің басы таудай, аяғы қылдай болып жоғалды. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысы 2019 жылы «көшіп келсеңдер жер де, үй де, жұмыс та дайын» деп Алматы облысынан мен танитын 10 шақты отбасын көшіріп әкелді. Алайда келгеннен кейін, әуелгі сөздерінен айнып «егістік жерді аукцион арқылы аласыңдар, оған қатысу үшін сіздерде комбайн, трактор, астық сақтайтын қойма болуы керек» деген шарт қойды. Оларда мұндай шарт жағдайы жоқ, ақыры ауылдың барлық техникасын жиып, комиссия­ның көзін көлегейлеген бір пысық аукционда ұтып шықты да, екі күннен кейін аналарға келіп, «алсаңдар, жерімді жалға берем» деп шіреніп тұр. Демек, сотүстікке көшіп барғандарға жер беру үшін сол өңірдің жер телімін беру әдісіне де түбегейлі өзгеріс жасау керек.

Алтыншыдан, көшіп келу­ші­лерді қоныстандыратын өңірлердің басшыларын ұлтжанды, мемлекетшіл азаматтардан қойып, атқарылып жатқан бағдарламаны «құдағи қайт­қанша» қылмай, мемлекеттік саясаттың өнімді жүргізілуіне кепілдік еткен дұрыс.

Жетіншіден, көшіп келушілерге мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді қамтамасыз ету керек. Тілі де, ділі де басқа ұлтқа ауып кеткендердің бағдарламамен көшіп келушілерге жылы қабақ танытып, жан-тәнімен көмектесуі екіталай.

Айта берсек, солтүстікке көштің кемшілігі де, түзететін тұстары да баршылық. Міне, осы мәселелерді дұрыстап алмай тұрып, атажұртын аңсап келген қандастарды бірден осы өңірлерге көшіру және оларға 5 жылға дейін азаматтық бермей мәжбүрлеу, жоғарыда айтқанымыздай, «болсаң бол, болмасаң бордай тоз» дегеннен басқа түк те емес. Сондықтан, солтүстікке көштің ұпайын қандастармен толтыруға тырысу ұлы көштің жолын кесіп қана қалмай, солтүстікке көш сынды стратегиялық бағдарламаны да жарға жығып тынады. Өйткені 5 жылға дейін азаматтық берілмесе және қалаған жеріне көшіп бара алмаса, шетелден ешкімнің көшіп келгісі келмейді. Әсіресе, Қытай қазақтарының көші біржолата тоқтайды.

Соңғы  жылдары Қытайдағы қазақтардың  Қазақстанға келуі мұңға айналды. Бәрінің паспорттарын жинап алған үкімет олар шетелге шығамын десе, қырық есік, сексен бастықтың алдынан өткізіп, 3 ай ішінде қайтып келе­тіні жөнінде аузынан дат, қолынан хат алады. Сондай-ақ үш туысын кепілге көрсетуі тиіс. Белгіленген уақытта келмесе, кепілге көрсеткен адамдарға қысым жасалады. Біз де осындай құрықтан 6 ай ішінде ҚР азаматтығын алғанымыздың арқасында әзер құтылғанбыз. Ендеше, енді келген ағайынға
5 жыл  бойы  азаматтық бермесе, олардың тағдыры не болмақ?!

Мұны билік буындары қоғам өкілдерімен бірге талқылап, шешімін табар деген сенімдеміз.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button