Әлеумет

Қарттарым, аман-сау жүрші!

Қазақстанның өсіп-өркендеуі, бейбітшілікте өмір сүруі – осы бір ардақты да аяулы қарттарымыздың арқасы. Саналы ­ғұмырын, тынымсыз еңбек ете жүріп, мемлекетіміздің ­негізін салуға жол ашқан алдыңғы буын аға-апаларымыздың 1 ­қазан – төл мерекесі.

Шынында да, қарт зейнеткерлердің өмір жолы – бүгінгі ұрпаққа асыл мұра. Осыны болашақ ұрпаққа жеткізу мақсатында Астана қаласы Сарыарқа ауданында Ардагерлер кеңесі құрылған.

Қарттар күніне арналған салтанатты жиынды ашқан Сарыарқа ауданы Ардагерлер кеңесінің төрайымы Уляш Құсайынова Қарттар күніне арналған бұл мереке біз үшін маңызды күннің бірі дей келіп, ардақты аталарымыз бен аяулы әжелерімізді сыйлау, құрметтеу, оларды қорғау біздің және келешек ұрпақтың бірінші парызы екеніне тоқталды.

«Саналы ұрпағы бар елдің қариясы бақытты, ақсақалды атасы бар елдің балалалары бақытты» деген сөзі қазақ халқына арналғандай. Себебі олар ата-бабалары өсиет еткен мына асыл сөзді ешқашан да ұмытпайды. Бұдан біз «Адамзат баласы өсіп-өнген тәрбиелі ұрпағымен мың жасайды» деген аталы сөзді еске түсіріп отырмыз. Иә, ұрпағының өсіп, жетіліп, айналасында отырғанын көрген бүгінгі қарияларымызда не арман бар дейсіздер?! Міне, бүгінгі осы шара еліне ерен еңбек сіңірген қарттарымызға арналып отыр» деді ол.

Алғашқы құттықтау сөз кезегі Астана қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есіловке берілді.

«Біздің қарттарымыздың басқалардан ерекшелігі сол, олар ұрпақ үшін бүкіл өмірін балаға арнайды. Бала шыр етіп дүниеге келгеннен оларды ғана қамқорлығына алып қоймай, одан қалды немере, шөбереге көмек көрсетіп отыр. Бұл біздің ата-аналарымыздың ұлы қасиеті дер едім. Керісінше, біздің ұрпағымыз ата-ана алдындағы борышын өтеу үшін барын салуда. Ол – қарттарымыздың оларға көрсеткен үлгі-өнегесі. Әрі елімізде зейнеткер ардагерлерге сый-сияпат көрсетіп, болашақ алдында парызын өтеуді қолға алып отыр. Сондықтан да біздің қарттарымыз қартаймайды» деп сөзін түйіндеді кеңес төрағасы.

Одан кейін осы шараның өтуіне мұрындық болған Сарыарқа ауданы әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Зарлыққызы сөз алды.

«Ел мүддесін бәрінен биік қоятын, ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетін, ел қамын ойлайтын, адал қызметімен еліне қалаулы болған, өмірлерін жалғас­тырушы ұрпағына ұлылығын көрсетіп, бар қауымға бас-көз бола білген қарттарымыз, мына алдымызда отырған сіздер аяулы жандарсыздар. Араларыңыз сиремесін, жастарымызға үлгі-өнеге боп жүре беріңіздер деп тілек айтамын» деді ол құттықтауында.

Осы флешмобқа қатысқан ардагер ұстаз, тыл еңбеккері Евгений Галюк те құттықтау сөз сөйлеп, ұйымдастырушыларға қарттар атынан алғысын айтты.

Іс-шара барысында Сарыарқа ауданы Ардагерлер кеңесіне қарасты көркем­өнерпаздар жиналғандар алдында үлкен концерт берді. Астана қаласының 4 ауданынан мерекемен құттықтауға келгендер: «Ветеран» қорының Г.Аксенова басқаратын «Надежда» ансамблі, К.Қосбармақова жетекшілік ететін «Этноауыл» композициясы, А.Исмағамбетованың «TriADanceStudio»-ның балалар би тобы, сол сияқты Д.Останькович басшылық ететін белорус этномәдени орталығына қарасты «Радима» ансамблі және В.Достов жетекшілік ететін Қазақстан ассамблеясының «Радуга» атты орыс әндері ансамблі өнер көрсетті.

Ғалия БАЛТАБАЙ,

Астана қалалық Ардагерлер кеңесі медиа тобы жетекшісінің орынбасары

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button